“Аграрлық кредиттік корпорация” акционерлік қоғамының қаржылай қолдау бағдарламасының бір тетігі – жастарға жеңілдетілген шағын несие беру. Бұл бағдарлама 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында бекітілген. Бес миллион теңгеге дейінгі шағын несиені 21-35 жас аралығындағы жастар ала алады. Бүгінге дейін солтүстікқазақстандық филиалға 108 өтініш түсіп, қажетті қаржы – 477673000 теңгені құрады. 74 өтініш мақұлданған. Бүгінгі таңда 59 кәсіпкерге 263458630 теңгенің несиесі берілді. Осы мемлекеттік қолдаудың шарапатын көргендердің бірі – Мәдина Қабаева.
Мәдина Қабаева – педиатор, 2016 жылы Семей қаласындағы медицина университетін тамамдаған. Еңбек жолын Павлодар облысында ауылдық округте балалар дәрігері қызметінен бастаған. Ниеті мен бағыты “Дипломмен ауылға” бағдарламасына қатысып, мемлекеттің қаржылай қолдауына іліккен. Үш жылдан кейін Орал облысына көш түзейді. Араға үш жыл салып, Петропавл қаласына қоныс аударады. Семейлік қыздың бұлай көшіп-қонуына – жұбайының қызметі себеп. Ол – әскери сала маманы.
Мәдина Николайқызы қай жердің топырағын басса да, бірінші кезекте отбасының ахуалын ойлайтын жан. Төрт және екі жастағы қос бүлдіршіні бар жас ана бала күтімімен үйде отырған кезде де қосымша табыс табуға әдеттенген.
– Мен қозғалысты ұнататын адаммын. Сондықтан қол қусырып отыру – маған жат. Бала күтімімен отырғанда да қосымша жұмыс істедім. Балаларға массаж жасадым, тәтті тоқаш пісірдім, тұрғын үй жинақ банкінің онлайн агенті де болдым. Бұл табыс қана емес, өзіңе ұнайтын нақты істі іздеудің жолы еді. Үздіксіз ізденістің арқасында сүйікті ісімді тапқаныма қуаныштымын, – дейді Мәдина Қабаева.
Жас кәсіпкердің айтып отырғаны – косметологиялық қызмет. Ол бұл кәсібін Орал облысының Жәнібек ауданында тұрған кезде ашқан. Сонда бір жылдан аса косметалогиялық қызмет көрсеткен. Бұл кәсіппен бірге балалар дәрігері қызметін қатар алып жүріпті. Қызылжар өңіріне, көшіп келгеннен кейін бастаған ісін жалғастыруды жөн санайды. Әуелі мамандығы бойынша балалар емханасына жұмысқа орналасады. Тұрақты жұмыс тапқаннан кейін орталық көшелердің бірінің бойынан косметологиялық қызмет көрсететін кабинет ашады. Бұл оның көптен бергі арманы еді. Медициналық білімі бар косметологтің қызметіне қызығушылық танытқандар аз емес. Себебі қазір екінің бірі түрлі курстарды оқып алып, косметолог болып жатқанымен, бет күтімі бойынша білікті маман табу қиын. Оның үстіне елімізде сапасыз қызметтің кесірінен ажарынан айырылып, денсаулығына зиян келгендер де, ажал құшқандар да бар. Сондықтан көркіңді келісті қыламын дегендерге күмәнмен қарайтындар көп.
– Әлеуметтік желіге жарнама беру арқылы клиент жинап жатырмын. Ең басты мақсатым – алдыма келген әр адамға сапалы қызмет көрсетіп, олардың ризашылығына бөлену. Көркіне көңілі толған жанның алғысы да шексіз, жарнамасы да өтімді болады. Сол үшін қымбат болса да құрал-жабдықтардың жақсысын, емдеу қоспаларының сапалысын аламын. Косметологиялық ем-домда қателеспеу керек. Сол үшін біліктілігімді артырып отырамын. Осы істі қолға алғалы бері Ыстамбұл, Самара қалаларына барып, біліктілікті арттыру курстарын оқып келдім. Косметология саласы күн сайын жаңарып тұрады. Үнемі ізденіп, оқып отырмасақ, озық дүниелер шыққанын білмей қалуымыз мүмкін, – дейді косметолог.
“DrKabaeva” жеке кәсіпкерлігі бес жылға жеңілдетілген пайызбен 4 млн. 150 мың теңге несие алыпты. Мәдина Николайқызы бұл мемлекеттік қолдау өз ісін дөңгелеткісі келген адамға тиімді екенін айтады. Қолына тиген қомақты қаржыға косметологияға керекті құрал-жабдықтар мен жиһаздар, заманауи екі аппарат сатып алған. Оның бірі – беттегі әжімдерді оңай кетіретін құрылғы, екіншісі – терідегі түрлі өскіндер мен бөртпелерді алып тастайтын лазерлі аппарат.
– Мен бұл бағдарлама жайлы әлеуметтік желі арқылы біліп, жоспарымды жазып, сатып алатын құрал-жабдықтарымды іздестіріп, білікті косметологтардың ақыл-кеңестеріне жүгініп, жан-жақты дайындалдым, – деген Мәдина Қабаева ісі алға басса, жүзеге асырар жоспарлары көп екенін айтты. Ал әзірге жаңа жерде қолы жатыққан ісін дамытып, тұрақты клиенттер базасын қалыптастыруды мақсат етіп отыр. Оның қызметіне риза адамдар көп болса, бір белесті еңсергені емес пе?! Жап-жарық, мұнтаздай тап-таза кабинетте кезекті клиентін қабылдап жатқан маманға қарап, білімі мен біліктілігі үйлескен жас кәсіпкердің алар асуы алда екенін түсіндім.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.