«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІПКЕРЛІК – ЭКОНОМИКАНЫҢ ТІРЕГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров өңірдің бизнес өкіл­дерімен кездесті. Бұл кездесудің мақсаты – өңірдің кәсіпкерлік әлеуетін одан әрі дамыту, түйткілді мәселелерді қарастыру, оңтайлы бизнес ахуал қалыптастыру.

Жиынды ашқан өңір басшысы кә­сіпкерлік саласының бүгінгі әлеуетіне қысқаша тоқталды. Бү­гінде облыс аумағында 34700 бизнес субъектісі жұмыс істеп жатыр. Кәсіпкерлер 106400 адамды жұмыспен қамтыған. Яғни облысымыздың еңбекке қабілетті әр үшінші тұрғыны шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейді. Бұл сала­дағы өнімділік соңғы бес жылды 490 миллиард теңгеден 1,3 триллион тең­геге өскен. Өңірде “Қарапайым зат­тар экономикасы” және тағы да басқа бағдарламалар аясында кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған қар­жы көлемі айтарлықтай артқан. Биыл мемлекет тарапынан облыс кәсіпкерлігін дамытуға 12 млрд. теңге бағытталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,8 есеге көп. 10 маусымда “Ауыл аманаты” бағдарламасы іске қосылды – соған сәйкес 450 шағын несие алушыға 1,8 млрд. теңге бөлінді. Толық игерілсе, қаржыландыру көлемін ұлғайту көзделіп отыр.

– Мемлекеттік қолдаудың арқасында бизнес жақсы дамып келеді, сонымен қатар шешілуі тиісті өзекті мәселелер де бар. Бүгінгі кездесуге орынбасарларым мен басқарма басшылары да қатысып отыр. Көтерілген барлық сұрақтарға жауап беруге тырысамыз. Бизнесті кәсіпкерлер палатасымен бірге қолдауға дайынбыз, – деді облыс әкімі Айдарбек Сапаров.

Кездесу барысында кәсіпкерлер көкейде жүрген мәселелерін айтып, оны шешу жолын талқылады. Бірінші рет ұйымдастырылып отырған билік пен бизнес­тің бірлескен жұмысының нәтижелі болары анық. Әрі болашақта атқа­рылар істің жүйесін саралауға да тиімді.

“СҚО рестораторлар мен қонақ­үйлер қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Андрей Фролов өңірде туризмді дамыту жолында бірқатар шараны жандандыру қажеттілігіне тоқталды. Оның айтуынша, халықтық сипатқа ие болып, кейін қолдаудың аздығынан атаусыз қалған шаралар бар. Мәселен, 2017 және 2018 жылдары Петропавл қаласында дүркіретіп өткізілген “ҚымызФест” фес­тивалі көпшіліктің көңілінен шыққан еді. Сол сияқты балықшылардың “Мөңке күні” 2016-2019 жылдар аралығында қатарынан төрт рет өткізіліп, қалың жұртты мәдениетті демалуға баулыған. Құс шаруашылығымен айналысатындардың ең­бегін дәріптеген “SKO-рлупино” фестивалі мен жастарды туризмге баулитын туристік слеттің де маңызы зор. Осы ретте оларды жаңғыртуға қолдау көрсетуді сұрады. Облыс басшысы бұл мәселелердің шешілетінін айтып, жауапты органдарға тапсырды.

“Азия Wood’s” ЖШС-ның дирек­торы Дмитрий Постовой ағаш өнеркәсібі кешенін дамыту мәселесіне қа­тысты бұрынғы келісімшартқа өзге­ріс енгізілсе деген ұсынысын айтты. Оның айтуынша, 2018 жылы уәкі­летті орган өңірде жал­ға алудың ең аз мерзімін белгілепті. Солтүстікқазақстандық орман пайда­ланушылардың қолында он жылға арналған шарт болса, басқа облыстарда жалға алу мерзімі 49 жыл екен. Мерзімнің аздығы инвестициялық бағдарламаны тартымды етіп жоспарлауға кері әсерін тигізіп отырған көрінеді.

– Облыстағы 500 мың гектар жасыл желек бүгінде 28 гектарға қысқарған. Ағаштар кесілгенімен, оның орнына көшеттер отырғызу жайы кемшін. Бір ағаш кесілсе, бес көшет отырғызу мәселесін ұсыну керек. Бұл өзекті мәселені ақсақалдар көтеріп жүр, – деді облыс басшысы.

Айдарбек Сапаров орман учас­келерін жалға алу мерзімін ұзарту мәселесін егжей-тегжейлі зерделеуді, ол үшін алдымен берілген жер телімдері мен кәсіпкерлердің жұмыс істеу үдерісіне, жасыл желекті көбейтуге қосып жатқан үлесіне талдау жасауды тапсырды.

“Новая Оптика” ЖШС-ның дирек­торы Елена Погорелец облыстың оқу орындарында сұранысқа ие медици­на мамандарын даярлау қажет деген ойын айтты. Мәселен, Ден­саулық сақтау министрлігі биыл сто­матоло­гиялық көмек көрсетуді ұйымдастырудың жаңа стандарт­тарын бекітті. Ондағы стандарттарға сәйкес сала­да жұмыс істеу үшін жоғары білім қажет, ал тәжірибесі мол стоматологтардың көпшілігі медициналық колледж бітіргендер. Аталған мамандар жергілікті университетте оқытыл­са құба-құп болар еді.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі, “Барс-Nord” ЖШС-ның бас директоры Владимир Богданов мемлекеттік бағдарлама­лардан тыс қалған салалар үшін шағын кәсіпкерлікті қолдаудың өңірлік бағдарламасын жасауды ұсынды.

Өңір басшысы ұсыныстың орынды екенін айтып, бірқатар тапсырмалар берді. Облыстық қаржы, кә­сіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармалары осы мәселені тереңірек зерттеп, қандай қызықты жобалар бар екенін анықтауы тиіс.

Жалпы кәсіпкерлер айтқан ұсы­ныстардың басым бөлігі қолдау тап­ты. Ал нақтырақ зерделеуді қажет ететін мәселелер бойынша палатамен бірлесе талдау жасап, оларды шешу картасын ұсыну жөнінде тапсырмалар берілді. Шара соңында облыс әкімі өңірдегі кәсіпкерлікті одан әрі дамытып, қордаланған мәселелерін шешу үшін осындай кездесулерді тұрақты негізде өткізу керектігін айтты.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp