Облыс әкімі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен Тайынша ауданына барды. Ол осы аудандағы Красная Поляна ауылының тұрғындарымен кездесіп, бірқатар нысандарды аралады.
Өңір басшысымен кездескен елді мекен тұрғындары ауылдағы бірқатар мәселелерді көтерді. Ең алдымен, жиылған жұртшылық “Краснодольск – Южное” бағытындағы жолдың жағдайына алаңдаушылық танытты. Сол сияқты ауыз-сумен қамтамасыз ету жайы, ауылдан қатынайтын автобустың жоқтығы айтылды. Тұрғындардың өтініш-тілегін тыңдаған өңір басшысы айтылған сөз жерде қалмайтынын жеткізді.
– Жол мәселесі, ауызсумен қамту және көлік қатынасының болмауы – халықтың ауылдан көшуінің негізгі себебі. Красная Поляна ауылдық округі назардан тыс қалмайды. Мен уәде еткендей, біз барлық сұрақтарды шешеміз. Яғни Мәдениет үйі мен мектеп жөнделеді, – деді Айдарбек Сейпілұлы.
Аталған ауданда медициналық қызметтің сапасын арттыру үшін емдеу мекемелері жаңғыртылған. Тұрғындардың тілегі орындалып, ауылдағы медициналық пунктің қасынан дәріхана ашылыпты.
Ауылда 1200-ден астам тұрғын бар. Елді мекендегі еңбек ететіндердің 40 пайызы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Ауыл тұрғыны Юрий Красноголовый да – өз кәсібін дөңгелетіп отырғандардың бірі. Бүгінде ол басшылық ететін “Зеленые луга” серіктестігінде 350 асыл тұқымды ірі қара бар. Голштино-фриз тұқымды сиырлардың әрқайсысы тәулігіне 28 литрге дейін сүт береді екен. Сонда күн сайын 7,5 мың тонна сүт сауылады. Кәсіпкер алдағы уақытта тағы 350 басқа арналған ферманы іске қоспақ. Осылайша еңбек етіп жатқан 70 адамға қосымша тағы 15 тұрғын жұмыспен қамтылады.
Облыс әкімі “Зеленые луга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, “Таң” шаруа қожалығының алқаптарына барды. Өткен жылы 30 гектарда тамшылатып суару жүйесін пайдаланып, картоптан мол өнім жинаған шаруашылық биыл алқап аумағын 100 гектарға дейін ұлғайтыпты.
– Біз Голландиядан 19 тонна 10 сұрып элиталық тұқым әкелдік. Қазір бұл тұқымдарды егіп, тәжірибе жүргізіп жатырмыз. Тамшылатып суару жүйесі өз артықшылығын көрсетуде. Мұндай технология арқылы қазіргідей ауа райында да гектарынан 40-50 тонна өнім алуға болады, – деді Юрий Красноголовый.
Алқап басында жергілікті шаруалармен кездескен өңір басшысы оларға халық тұтынатын қарақұмық, сәбіз, картоп және қырыққабат өсіру баға тұрақтылығына оң әсер ететінін айтты. Биыл өңірде көкөніс егілген алқап көлемі 6,2 мың гектарға жеткен.
Кәсіпкер Юрий Красноголовый ауылішілік мәселелерді шешуге де үлес қосып жүр. Ол Красная Поляна ауылында тұрғын үй құрылысын бастаған. Биыл қабырғасы көтерілетін баспананың ішкі жұмыстары келесі жылы аяқталмақ. Тұрғындар игілігі үшін жаңа үйлерге су тартып, шаруашылық ғимарат салу жоспарланған.
Ақнұр ҚАЙЫРБЕК.