«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАРИФТІ ИНВЕСТИЦИЯҒА АЙЫРБАСТАУ ТИІМДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” Жолдауында елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткенін, тарифтерді күшпен ұстап тұрудың ақыры соның бәрін кезекпен өшіруге және түрлі апатты жағдайлар туындауына әкеп соқтыратынын, желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайтуды, меншік иесі инвестицияның айтарлықтай бөлігін тарифтің емес, өз қаржысының есебінен салу керектігін, монополиялы нарықтардың “Тарифті инвестицияға айырбастау” деген жаңа тариф саясатына көшу қажеттілігін қадап айтты.

Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауалды бағдарламасының 66-тармағын орындау мақсатында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына жаңа инвестициялар тарту үшін “Тарифті инвестицияға айырбастау” қағидатын енгізуге қатысты қазіргі уақытта бірқатар іс-шаралар, оның ішінде табиғи монополиялар саласындағы қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілді. Өңіріміздегі табиғи монополиялар субъектілерінде экономикалық қызмет түрлері бойынша қызметкерлердің орташа айлық жалақысын өзгерту, теңгерімге немесе мүлікті сенімгерлік басқаруға алу, сондай-ақ бекітілген инвестициялық бағдарламаны ұлғайту сияқты жұмыстар атқарылмақ.

Мәселен, 2022 жылдың қорытындысында Петропавл қаласы бойынша, жылумен жабдықтау желілерінің тозуы 72,2 пайызды құрады. Оның ішінде жылу электр орталығының жабдықтары 53,5 пайызға тозған. Ал сумен жабдықтау құрал-жабдықтарының тозуы 58 пайызды, су бұру 61,7 пайызды, электр желілері 81,7 пайызды құрап, мәселенің шешімді жолын тездетіп табуды талап етеді.

Осы орайда департамент басшылығы табиғи монополиялық субъектілердің 2023 жылға арналған инвестициялық бағдарламалар мен 6 ТМС-нің тарифтеріне түзетулер енгізді, жалпы сомасы 1128 612,6 мың теңгені құрады. Өңіріміздегі ірі монополиялық субъектілердің биылғы жылға бағыттап отырған инвестициялық бағдарламаларына тоқталып өтейік. “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ-ның 2023 жылға арналған инвестициялық бағдарламасы 1418482,5 мыңнан 1939000,0 мың.теңгеге дейін көтерілді. Субъект қызметкерлерінің жалақысын 1 шілдеден бастап 11,5 пайызға көтерді. Бұрынғы табыс 163261 теңге болса, енді ол көрсеткіш – 181968 теңге. Монополиялық субъектінің қызмет төлеміне 1 Гкал үшін қосымша құн салығынсыз 3344,51 теңге мөлшерінде тариф бекітіліп, өсім 306,73 теңгені (10,1 пайыз) құрап отыр. Кәсіпорын биыл №2 қазандық агрегатын жаңарту, №11 қазандық агрегатын күрделі жөндеу, №1 турбоагрегатты қайта жаңарту, №3 бу бойлерін ауыстыру жұмыстарын жүргізбек.

“Петропавл жылу желілері” ЖШС-ның биылғы инвестициялық бағдарламасы 42067,0 мың теңгеге артып, жұмсалатын қаржы 663748,0 мың теңгені құрап отыр. Мұнда да 1-ші шілдеден бастап өндіріс еңбеккерлерінің жалақысы 38,6 пайызға көтеріліп, жұмысшылардың табысы 181968 теңге болды. Өндірістегі 1 Гкал үшін (ҚҚС-сыз) 2973,83 теңге мөлшерінде тариф бекітілді, яғни тариф 3,16 пайызға көтерілді. Тарифті инвестицияға айырбастау бағытында кәсіпорын биыл Сәтбаев, Ружейников көшесі бойындағы жылу магистральдары бөліктерін жөндеуді, №1 сорғы станциясын күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлаған.

“СК РЭК” АҚ-ның инвестициялық бағдарламасы 150000,0 мың теңгеге көбейтіліп, қаражат 1723504,0 мың теңгені құрады. Субъект өндірістік қызметкерлерінің еңбекақысын шілдеде 51,1 пайызға көтеріп, жалақы 181968 теңге болды. Тариф 1 кВт/сағ үшін 5,60 теңге (ҚҚС-сыз) мөлшерінде бекітілді, мұнда тарифтің өзгеруі 0,52 теңгені немесе бекітілген тарифтің 10,23 пайызын құрайды. Кәсіпорын биыл Мамлют ауданы Литейный, Есіл ауданы Покровка ауылында сыртқа тарату құрылғыларын қайта қалпына келтіру, облыстың қосалқы станцияларына сыртқы тарату құрылғыларын сатып алу, Жұмысшы кентінің қосалқы станциясының күштік трансформаторын, Николаевка – Троицк, Троицк – Қызыләскер, Опытное – Рублевка” әуе желілерін ауыстыру жоспарланған.

“Қызылжар су” ЖШС-ның инвестициялық бағдарлама сомасы 85563,0 мың теңгеге өсіріліп, 225147,0 мың теңгені құрады. Еңбеккерлер жалақысы 1 шілдеден бастап 28 пайызға көтеріліп, табыс 196146 теңгеге дейін жоғарылады. Магистральдық құбырлар және тарату желілері арқылы сумен жабдықтау қызметінің орташа тарифі 1 текше метр үшін 170,50 теңгені (ҚҚС-сыз) құрап, тариф 10,56 теңгеге өсті. Сарқынды суларды шығару және тазарту қызметінің орташа тарифі 1 текше метр үшін 165,96 теңге (ҚҚС-сыз). Кәсіпорын биыл 3013 метр су құбыры желілерін, 1986 метр кәріз желілерін жөндеуді жоспарлаған.

“Казводхоз” СҚФ 2023 жылға арналған инвестициялық бағдарламасын 464,89 мың теңгеге көбейтіп, жаңару үшін жұмсалатын қаржы 3071,090 мың теңгеге жетті. Жалақы 15 пайызға көтеріліп, 176111 теңгені құрады. Бір текше метр үшін 0,66 теңге (ҚҚС-сыз) тариф бекітілді, өсім 10 пайыз. Инвестицияға бағытталған қаржы Петропавл су электр кешені объектілерін диспетчерлік басқарудың автоматтандырылған жүйесін жаңғыртуға және сол автоматтандырылған жүйені техникалық қадағалауға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсалады.

“Есіл су” филиалының биылғы жылға арналған инвестициялық бағдарламасының мөлшері 330000,25 мың теңгеге өсіп, түгел қаржы 829072,07 мың теңгені құрады. Өндірістік қызметкерлердің еңбекақысы 196146 теңге болды. Бір текше метр үшін қосымша құн салығынсыз 704,50 теңге мөлшерінде тариф бекітілді. Кәсіпорын биыл авариялық учаскені ауыстыру, РЭК ғимаратын салу (Булаев топтық су құбыры), энергетикалық жабдықтарды жаңғырту, арнайы мақсаттағы авто-мобильтрактор жабдықтарын сатып алу, Есіл өндірістік учаскесінің су тазарту қондырғысының сүзгілерін күрделі жөндеу, жабдықтарды сатып алу жұмыстарын жоспарлаған.

Барлық жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелері бойынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жабдықтар мен желілердің тозуын азайтуға, апаттарды азайтуға, ақпараттық жүйелерді енгізуге, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, сондай-ақ салалық және өндірістік ерекшеліктеріне байланысты шикізаттың, материалдардың, отынның, энергияның құнын төмендетуге, энергия тиімділігін арттыруға мүмкіндік туады.

Бүгінде мемлекет тарапынан халыққа жан-жақты көмек көрсетілуде. Халықты әлеуметтік қолдау және отбасы бюджетіне қысымды жеңілдету шараларының бірі – атаулы әлеуметтік көмек және тұрғын үй көмегі болып табылады. Тұрғын үй көмегі – жеке тұрғын үй қорында жергілікті атқарушы орган жалдаған, не болмаса мемлекеттік тұрғын үй қорынан алынған немесе жеке меншігіндегі тұрғын үйді немесе оның бір бөлігін ұстауға кеткен шығындар арасындағы айырмашылықты өтеу үшін аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), осы мақсаттар үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген жұмсалатын шығыстарының шекті рұқсат етілген деңгейі.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыстық департаменттің басты міндеттері – табиғи монополиялық субъектілердің халыққа қызмет көрсету жұмыстарын қадағалау, бағалау, реттеу. Мемлекеттік мекеме 46 табиғи монополия субъектісінің 59 қызмет түрін реттеп отырады. Оның ішінде су және кәріз жүйесі саласында – 32 қызмет, электр энергетикасы саласында – 2 қызмет, жылумен жабдықтау саласында – 15 қызмет, кірме жолдар саласында 10 қызмет мекеменің қадағалауында. Оның ішіндегі жеті монополиялық субъект бесжылдық ұзақмерзімді тарифтер бойынша жұмыс істейді, қалғандары қуаттылығы төмен субъектілер болып табылады. Сонымен қатар департаменттің құзырында үш қоғамдық маңызы бар нарық субъектісінің қызмет көрсету бағаларын мемлекеттік реттеу және бағаның сақталуын қадағалау да бар. Олар электр энергиясын бөлшек саудада сатумен айналысатын “Севказэнергосбыт” пен “Солтүстік Энерго Орталығы” және сұйытылған мұнай газын топтық резервуарлы қондырғылар арқылы бөлшек саудаға шығаратын “Горгаз сервис” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.

2023 жылдың бірінші жартыжылдығында департамент табиғи монополия субъектілері мен қоғамдық маңызы бар нарық субъектілерінің 84 өтінішін қарады. Олар – бекітілген инвестициялық бағдарламаны өзгерту, инвестициялық бағдарламаны бекіту, шекті бағаны көтеру, сараланған тарифтер деңгейін үйлестіру, жоғары деңгейдегі тарифті қайта қарау сияқты өтініштер.

Бүгінгі таңда департамент 2022 жыл бойынша тарифтік сметаның орындалуы туралы – 69, бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы 7 есепті қарап жатыр. Өткен жылдың тарифтік сметалары мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы есептер “Монополист базасы” веб-порталына жалпыға қолжетімді етіп орналастырылған.

Биылғы жыл басынан бері департамент 25 азаматтық және әкімшілік сот отырыстарына қатысты. Олардың ішінде департамент пайдасына шешілгені де, шешілмегені де, ішінара қанағаттандырылғаны да, шарттар бойынша бітімгершілік келісім жасалғаны да, ТМС өтініші бойынша талаптары кейін қайтарылғаны да бар.

Сонымен қатар департаменттің уәкілетті тұлғалары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өкілеттіктерге сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғайды және қарайды. Үстіміздегі жылы “СевКазЭнерго” акционерлік қоғамы 2018 және 2020 жылдардағы инвестициялық бағдарламаны орындамағаны үшін жалпы сомасы 5520000 теңге әкімшілік айыппұл, сатып алу тәртібін сақтамағаны үшін 4900800 теңге сомасында әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жазаға тартылды. Реттеліп көрсетілетін қызметтерді көрсету бойынша міндеттемені орындамағаны үшін “Алпаш” ЖШС 588892 теңге әкімшілік айыппұлға ілікті.

Департамент жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау, тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша да жұмыстар жүргізеді. Жыл басынан бері 110 өтініш түссе, соның 60-ы арыз, бір-бірден шағым мен ұсыныс, 30 өтініш пен хабарлама, 18 көшірме. Бұдан басқа жылу энергиясы үшін төлеммен келіспейтіндігі туралы көппәтерлі тұрғын үйде орналасқан тұрғын емес үй-жайлардың жылу энергиясын тұтынатын тұтынушылар да департаментке жүгінді.

Аталған өтініштерді талдау кезінде заңыздықтар анықталды. Департамент “Севказэнергосбыт” ЖШС-ның әрекетін заңсыз деп танып, Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз берді. Сот монополиялық субъектіні 1250 тұтынушыға көрсеткен қызметі үшін есептеген 96 млн. 232 мың теңге артық төлемді қайта есептеуге міндеттеді.

2023 жылы жылумен, электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау және сарқынды суларды бұру саласындағы проблемалық мәселелер бойынша 6 қоғамдық қабылдау өткізілді. Қоғамдық қабылдауға тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы айналысындағы мәселені шешу үшін және өз құқықтары жайлы түсініктеме алу үшін тұтынушылар хабарласты. Тарифтердің жобаларын немесе олардың шекті деңгейлерін талқылау үшін 19 қоғамдық тыңдау өткізілді. Тарифтік саясат кеңесі жанындағы Табиғи монополиялар салаларындағы тарифтерді белгілеу жөніндегі өңірлік комиссияның 12 отырысы өтіп, онда тарифтер мен инвестициялық бағдарламаларды өзгертуге берген өтінімдер қаралды. Өңірлік комиссияның құрамына депутаттар, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, тәуелсіз сарапшылар, тұтынушылар кіреді.

Дамир ТОҚТАМЫСОВ,

Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыстық департаментінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp