М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті шетелдік әріптестерімен ынтымақтастық миссиясын нығайта түсуде. Академиялық ұтқырлық саясаты – университеттің басты ұстанымдарының бірі. Бұл бағытта әр мамандық бойынша таңдалған ел бар. Ауыл шаруашылығы факультеті Қытайдың жетекші агротехнологиялық жоғары оқу орындарының бірімен әріптестік орнатқан. Жақында аспан асты елінің делегациясы жергілікті унверситетке келіп, екі жаққа тиімді кездесу өткізді.
М.Қозыбаев атындағы СҚУ Жібек жолының ауыл шаруашылығы білім беру және ғылыми инновациялары альянсына кірді. Оның құрамында оннан астам елдің ғылым және білім мекемелері бар. Альянстың негізгі мақсаты – білім беруді интернационалдандыру, ғалымдардың ғылыми әлеуетін күшейту, тәжірибе алмасу, бірлесіп ғылыми жобалар жүргізу. Қытайдың Янлин қаласындағы Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университеті – беделді оқу орны. Ол агрономия саласы бойынша әлемге танымал. Оқу орны былтыр “Ауыл шаруашылығы ғылымдары” пәні бойынша АҚШ-тың “News & World Report” әлемдік рейтингінде 11-ші орынға ие болған.
Үстіміздегі жылдың мамыр айында солтүстікқазақстандық университеттің академиялық мәселелер жөніндегі Басқарма мүшесі Рината Апергенованың басшылығымен бір топ маман Қытай еліне барып, келіссөз жүргізген. Іскерлік байланысты нығайта түсу үшін бұл жолы екінші тарап ниет білдірді.
– Ауыл шаруашылығы – экономиканың іргелі секторы. Әсіресе азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ кедейлікті азайту және ауылдық жерлердің дамуына ықпал ету үшін өте маңызды сала. Күш-жігеріміз бен тәжірибемізді біріктіре отырып, біз жалпы міндеттерді шеше аламыз және өнімділікті арттыратын, тұрақты тәжірибелерді енгізуге ықпал ететін, фермерлер мен ауылдағылардың өмір сүру сапасын жақсартатын инновациялық шешімдерді іздей аламыз, – дейді кездесуде сөз алған Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің халықаралық бөлімі директорының орынбасары Юфэн Чжоу.
Жоғары оқу орындары арасындағы қарым-қатынас нығайып, Қытай тарапының қолдауымен СҚУ базасында Агротехнопарк ашылды. Онда екі жақтың ғалымдары бірлесіп, ауыл шаруашылығы дақылдары сұрыптарын сынап, ғылыми зерттеулер жүргізе алады. Орталықтың ашылуы университет үшін ғана емес, тұтастай алғанда өңір үшін бірегей мүмкіндік деп бағалануда. Сондай-ақ алдағы оқу жылында магистратура бойынша қос дипломды бағдарламаның ашылуы да ұтымды жобалардың бірі болмақ.
СҚУ қабырғасында өткен кездесу барысында екі жақтың ғалымдары бірлескен зерттеулердің келешегін талқылап, өңірдің оқытушылары мен ауыл шаруашылығы қызметкерлері, сарапшылары үшін шеберлік сыныптарын өткізді. Тәжірибе алмасу және ынтымақтастықты нығайту үшін бірегей тұғырнама ұсынылды. Интерактивті пікірталастар, таныстырылымдар және тәжірибелік көрсетілім арқылы зерттеулер, технологиялар трансферті және ауыл шаруашылығына инвестиция салу мүмкіндіктері қарастырылды. Семинарда маңызды мәселелер талқыланып, нәтижесінде жоғары оқу орындарының ауыл шаруашылығы қауымдастықтарымен байланысы нығая түсетініне, технологиялармен алмасуға және бірлескен кәсіпорындар құруға ықпал ететініне сенім артты.
Қытайлық әріптестер университеттің зертханасына стереомикроскоп пен УЗИ-аппаратын сыйға тартты.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.