«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢАШЫЛ ӨНДІРІСТІҢ ӨРІСІ КЕҢ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еңбекқорлық, жауапкершілік, жанашырлық, бәскекелестік сияқты қасиеттерді бойына дарыта білген адамнан ел сыйлаған іскер тұлға шығады. Өңірімізде ондай адамдар аз емес. Облыс экономикасы мен әлеуетін дамытуға сүбелі үлесін қосып жүргендердің бірі – Сермұхамет Ахмутдиновтың есімі жақсы таныс. Оның Қызылжар ауданының орталығында орналасқан  жеке кәсіпкерлігінде 128 адам жұмыс істеп жатыр. Кәсіпкер мүмкіндігінше еңбеккерлерінің табысын көтеріп, тұрғын үймен қамтамасыз етеді.  Сонымен қатар меценат ретінде ауылда қыруар істің басын қайырды. Сермұхамет Оралұлының бизнес жүргізудегі ұстанымдары мен бағыттары – талайға үлгі.  Оның шығаратын туарлары шетел нарығында да сұранысқа ие.

“Бұл – отын дайындайтын, өңдейтін, ағаш бұйымдарын жасайтын кәсіпорын. Шаруашылық бүгінгідей өрісін кеңге жайған кәсіпорын болу үшін жылдар бойы қалыптасу жолынан өтті. Сермұхамет Оралұлының бизнеске аяқ басқан сәті елдің әлеуметтік-экономикалық қалыптасу кезеңімен сәйкес келеді. Жігер, сенімділік, төзімділік қабілеттерді бойына сіңірген ол дамудың сара жолдарын таңдап, кәсібін ептілікпен дөңгелете білді. Омбы ауыл шаруашылығы институтын агроном мамандығы бойынша тамамдаған жанның кәсібін ағашпен байланыстыруы да түсінікті. Қызықтырған кәсібін отын дайындау қызметінен бастап,  2004 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ағаш өнеркәсібін қолға алады.

Бастапқыда төрт адам ғана болған ұжымда бүгінде тұрақты түрде жүзден астам жұмысшы еңбек етіп жатыр. Басшылық пен ұжымның арасында түсіністік болғанда ғана кәсіпорынның жұмысында ілгерілеушілік болады, дамиды. Осы ретте кәсіпорын құрылғаннан бері  қолдау көрсетіп жүрген Е.Н.Музыка, К.О.Ахмудинов, Е.А.Максаков, М.Е.Касымов, Н.В.Хлопкина, А.В.Литвинов, Ю.М.Иванов, К.С.Аюповтар сынды жұмысшыларына алғысы шексіз.

“Кәсібімнің табысқа жетуі ұжымымның арқасы”, – дейді кәсіпкер. Сол бірлік пен түсіністіктің ұйытқысы өзі екендігі сырт көзге анық аңғарылады. Еңбеккерлер өндіріс басында тегін тамақтанады, әлеуметтік жағынан жан-жақты қолдауға ие.  Оларға арнап 17  үй салғандығы – басшының кәсіпорын болашағын алыстан ойлағандығының белгісі.

“Ахмутдинов” кәсіпкерлігінің аудан орталығын абаттандыруға жәрдемдесетіні көпшілікке аян. Ол балалардың ойын алаңдары мен спорттық жаттығу орындарын салды. Балалар үйіне, мектептер мен балабақшаларға, зейнеткерлерге, Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, аз қамтылған отбасыларға демеушілік көмек көрсетуді өзінің азаматтық борышы санайды. Сонымен қатар Сермұхамет Оралұлы Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан елдерінен көшіп келген қандастарға тұрғын үй салып бергені үшін облыс әкімінің “Алғыс хатымен” марапатталған. 

2010 жылдан бастап жеке кәсіпкерлік қалдықсыз өндіріске көшкен. Компания отандық тауар өндірушілердің тізіліміне енгізілген және өнімдері сертификатталған. Компанияның жылдық қуаттылығы – 25 мың текше метр өнім өндіру. Тауарлары біздің облыстан бөлек, Павлодар, Шымкент, Алматы, Астана қалаларына жөнелтіледі, кейбір өнімдеріне шетелдерден сұраныс бар.

Кәсіпорын 2010-2012 жылдар аралығында толық жаңғыртуды жүзеге асырды. Ағаш өндіру ісінде пайдаланылатын заманауи құрал-жабдықтар сатып алып, өндірісті әртараптандырды. Кәсіпкердің ұстанымындағы басты қағида – тұтынушыларды сапалы өніммен қызықтыру. Сапа бар жерде сұраныс артып, сенім мен ынтымақтастық нығаяды.

“Ахмутдинов” кәсіпкерлігі ағаш өнімдерінің 50-ден астам түрін шығарады. Ағаш дайындау және өңдеумен ғана шектелмейді, сонымен қатар көптеген ағаш бұйымдарын жасайды. Кәсіпорын цехында ұлттық нақыштағы ыдыс-аяқтар, үстел мен орындықтар, бесік, аулаға қойылатын орындық, көше дәретханаларына дейін жасайды. Тауарлар нарықтың талабына сәйкес сатылады. Өндіруші Қазақстандағы “Coca-Cola”, “Procter & Gamble, Knauf” сияқты танымал компаниялармен іскерлік байланыс орнатқан. Олар тауарларын таситын тақтай түпқоймаларға көп тапсырыс береді екен.

2014 жылы кәсіпорынның ағаш түйіршіктерін өндіру бойынша бизнес-жоспары Қызылжар ауданының үдемелі индустриялық-инновациялық даму картасына енді, ал 2015 жылдың тамызынан бастап кәсіпорын қалдықсыз өндіріске көшті. Өндірісте бұрын кәдеге жарамай келген ағаштың үгіндісі мен бұталарынан түйіршік отындар жасалады. Пеллет – өте жоғары жылу беретін түйіршіктер, отынның жаңа буыны. Кішкентай түйіршіктер ұзақ жанады, қызуы мол және түтін шығармайды. Мұндай инновациялық жобаны қолға алғандар аймақ түгілі, елде жоқ. Бұл – қалдықсыз өнім  және қоршаған ортаға зияны аз. Астана, Алматы және Қарағанды қалаларының тұрғындары бұл отын түрін көп қолдана бастаған, бүгінде өнімнің тоннасы 25000 теңгеден сатылады.

“Ахмутдинов” жеке кәсіпкерлігі ағашты шала күйдіріп,  отын ретінде пайдаланылатын “көмір” жасау технологиясын да кеңінен игеріп алған. Кәсіпкер қайың көмірін шығаратын цехты 2019 жылы ашты. Жергілікті ғалымдардың қатысуымен жүзеге асқан экологиялық әрі инновациялық жоба мемлекеттік бағдарлама аясында қаржыландырылды. Бұл инновациялық жобаға отандық “Ғылым қоры” шамамен 300 млн. теңгенің грантын берген. Осы істі қолға алған кезде бескөлдіктер үшін бірден жиырма жұмыс орны ашылған болатын.

Кәсіпорынның тағы бір артықшылығы – көшеттерді өздері өсіретіндігі. Сол үшін кәсіпкер осыдан 6-7 жыл бұрын М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың ғалымы Тимур Зверяченконы қызметке тартқан. Ғалым жылыжайда жасыл желектің елуден астам түрін өсіреді. Бір өскінді көшетке айналдыру үшін 3-5 жыл уақыт керек екендігін ескерсек, оның жайқалған ағашқа айналуы уақыттың еншісіндегі іс екенін түсінесің. Ағаш өңдейтін кәсіпорынның жанынан жылыжай ашып, көшет өсіру деген бастама да – елде жоқ игі іс. Бұл орман шаруашылықтарына, жекелеген адамдарға көшеттер өсіріп беріп, табыс табу көзі, десек те мұндағы басты мақсат – кәсіпорынның өндірісі үшін кесілген орман алқаптарының орнына өз көшеттерін отырғызу.

Жылыжайда біздің өңірде жоқ ағаштардың көшеттері де өсіріледі. Кәсіпкер жаңғақ, балқарағай, алмұрт, алма сияқты көптеген ағаштардың солтүстіктегі өсімталдығын сынауға жағдай жасап отыр. Жеріміздің топырағы құнарлы, жеміс ағаштары оңай тамырланып кетеді. Мәселен, грек жаңғағы аязға төзімді келеді екен. Оның бұл ерекшелігі кәсіпкер мен ғалымның көңілінен шыққан.

Ағаш өсіру туралы сөз болғанда Сермұхамет Оралұлының бұл іске деген жауапкершілігі айқын сезіледі.  “Орман өсіру – өте қызықты, сонымен бірге ұқыптылықты талап етеді. Алдымен тұқымдар жиналады, кептіріледі және тазартылады. Бұдан әрі дайын тұқымдар Ақмола облысының тұқым инспекциясына сапасын талдауға жіберіледі. Тұқымның сапасына, өнгіштігіне, тазалығына талдау жасағаннан кейін ғана отырғызамыз”, – деп түсіндірді кәсіпкер.

Шынымен, орман шаруашылығы – бір жылда нәтиже бермейтін іс. Ондаған жылдар керек. Қайың алпыс жылда, қарағай тоқсан жылда ғана толыққанды жасыл желекке айналады екен. Десек те бұл бағыттағы іс қарқыны бәсеңдемеуі керек, ол – болашақтың еншісіне өтетін қазына. Сермұхамет Ахмутдинов “Бір түп ағаш кесілсе, екі түп көшет отырғыз”,  – деген ұстанымдағы азамат. Биыл көктемде 200 гектардан астам жерге ағаш отырғызған.

 “Ахмутдинов” жеке кәсіпкерлігі “Шағын бизнес саласындағы үздік кәсіпкер”, “Өндіріс және құрылыс саласындағы үздік кәсіпкер” сияқты аудандық және өңірлік конкурстарға үнемі қатысады. 2008 және 2009 жылдары компания Солтүстік Қазақстан облысы бойынша “Алтын сапа” байқауында үздіктер қатарынан көрінді. Кәсіпорын – республикалық “Парыз” байқауының бірнеше дүркін жеңімпазы. 2014 жылы шағын кәсіпкерлік субъектісі ретінде “Экологияға қосқан үлесі үшін” аталымы бойынша жеңіске жеткен.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp