Облыстық тарихи-өлкетану музейінде теріскей өңірдің көне дәуірінен сыр шертетін зілдің тісінен жасалған кетпен бар. Бұл жәдігерді 1940 жылдардың басында Қызылжар ауданына қарасты Петерфельд ауылының тұрғындары құдық қазған кезде 18 метрлік тереңдіктен тауып алған. Кейін музей қызметкерлеріне табыстаған. Археологтардың айтуынша, аталмыш жәдігерді ежелгі адамдар жер қазатын құрал ретінде пайдаланған.
Бұл жануарлардың суреттері үш қаланың елтаңбаларында кездеседі. Олардың екеуі Якутияда, біреуі Германияда. Жануардың еркегін – Зілқара, ұрғашысын – Зілмауыт деп атаған. Сонымен қатар бұрын қазақ халқы балаларына Зілқара деген есім қоятын. Құжаттарда Жылғара деп жазылып кеткендіктен Жылғариндерді көз көріп жүр. Зілқара есімінің мағынасына үңілсеңіз, “Ұрпағым асыл текті, ірі тұқымды болсын!” деген ақ тілек жатқанын байқайсыз.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.