«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Таң жұлдызы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткенге көз жүгіртіп, кейбір ірі тұл­ғалардың тағды­ры­на қарап, ұлт­қа қызмет ету жасқа қа­рамайды екен деген қорытындыға келдім. Өз елін шексіз сүйген жан қандай жаста бол­са да еңбегімен, адал қызметімен тарихта қалады екен. Белгілі Алаш қайраткері Сма­ғұл Сәдуақасов, әр сөзі ұлт ұранына айналған Сұлтан­мах­мұт Торайғы­ров сынды тұлға­лар­дың ғибратты ғұ­мыры – осыған дәлел. Жерлесіміз батыр Әбу Дос­мұхамбетов те небәрі 23 жасында ер атанып, оққа ұшқан екен. Осы ер­лердің қатарына жиыр­мадан енді асқан шағында қазақ жас­тарының кө­семіне айналған Ғани Мұратбаевты да қоюға болады.

Ғани Мұратбаев күрес үшін, жас­тарға қамқоршы болу үшін жаралған жан сияқты. Оның бозбала шағынан бастап қыршыннан қиылған 23 жас­қа дейінгі ғұмыры осылай өтті. Қазір 23-інде енді білім алып, өз бағытын әлі таппаған жандар қаншама. Ал Ғани осы жасында өзінің бар қарым-қабілетін сарқа жұмсап, қазақ тари­хында өшпес із қалдырып кетіпті.

Қызылорда өңіріндегі кедей мал­шының отбасында дүниеге келген Ғани Мұратбаев 9 жасында білім із­деп орыс-қазақ мектебіне оқуға тү­седі. Мектепті тамамдап, небәрі 14 жасында сол кездегі би­лікке қарсы мұ­сылман жастар ұйы­мына мүше бо­лады. Осылайша оның ғибратқа то­лы тағылымды қай­раткерлік жолы бар-жоғы 14 жасын­да басталыпты. Қатарластары ойын қуып, қамсыз ба­лалық шақтың қы­зы­ғына тоймай жүргенде зерек жігіттің өз заманын­дағы ірі оқиғаларға пікір білдіріп, ел ісіне араласуы ерлікпен пара-пар жағдай.

Ғани Мұратбаевтың ғұмырнамасындағы адам сенгісіз оқиғалар легі бұнымен тоқтап қалмайды. Ол 1918 жылы Ташкенттегі қазақ-қырғыз учи­лищесіне оқуға түсіп, 1919 жылы жас­­тар ұйымының мүшесі атанады. Сөйте жүріп жетім балалар мен жас­өспірімдерге арналған интернат ашу ісін қолға алады. Кейін бұл ин­нернатқа өзі басшылық етеді. Сол жылдардағы хаттарында “Ғылым­сыз, оқусыз ешнәрсе болмайды екен. Биыл қаратабан кедей жастар­дан 500 баланы оқу орындарына орналастырсам деп жүрмін”, – деген жолдар бар. Бұл жас қайраткердің жиырманың маңайындағы ша­ғы екен. Осындай жастағы бозба­ла­ның жарты мың қазақ баласына қам­қор болып, қанатының астына алға­нын елестетіп көріңізші. Оның бұл үлкен арманының қаншалықты жүзеге асқанын кім білсін, бірақ сол кезде көшеде қалған біраз қазақ баласы осы істің арқасында білім алып, ке­йін өздері де үлкен азамат атанды. Көше бұзақыларымен жүр­ген жері­нен Ғани Мұратбаевқа жо­лығып, кейін қазақ әдебиеттануы­ның негізін қалаған сондай алыптар­дың бірі –Бейсембай Кенжебаев.

Талапшыл жан тек оқу-ағарту са­ласында ғана емес, публицисти­када да елеулі із қалдырды. Ол жиырмаға жетпей жатып қазіргі “Жас Алаш”, “Жас қайрат” газеттерінің негізін қа­ласып, тұңғыш редакторы болды. Бір қызы­ғы сол жылдары газет ре­дак­циясы­ның мекенжайы ретінде Ташкенттегі Ғани Мұратбаев тұрған жатақхана­ның бөлмесі көрсетіліпті. Куәгерлер оның шағын бөлмесі бел­сенді жас­тардан, олардың жиын­да­ры мен қы­зу айтыс-тартысынан бір босамай­тынын жазады.

Күншығыс жұлдызы, Түркіс­тан жастарының көшбасшысы атан­ған Ғани Мұратбаев 1921 жылы Түркіс­тан Республикасы комсомол ұйы­мы­ның хатшысы, одан кейін Жас­тар одағының Орта Азия бюро­сының ал­ғашқы төрағасы болды. Ол қай қыз­метті атқарса да өзі сияқ­ты жастарға бағыт беріп, жол сілтеп, қамқорлық көрсетті. Жастар ұйымдары­ның жұ­мыс бағытын айқындап, ке­йінгі буынға үлгі болды. 10 жылға да жет­пейтін қайраткерлік қызметін түгел­дей жастардың санасын жаң­ғыртып, оларға білім беріп, елге қыз­мет ету жолына жұмылдыруға арна­ды. Сөйтіп жүрген ол Мәскеу қаласында 1925 жылы 23 жасқа қараған ша­ғында ауыр дерт­тен қайтыс болды. За­мандаста­рының естеліктерінде жазылғандай, оның қазасында 200 жауынгер құрметті қарауылға тұрып, 3 күн аза тұтқан екен. Оны ақтық сапарға 15 мыңдай жас, соның ішінде Өтебай Тұрманжанов, Күләш Байсейітова, Жүсіпбек Арыстанов сынды заман­дас­тары шығарып сал­ды. Оның қа­за­сына орай орталықта қызмет істейтін Нәзір Төреқұлов мақала жа­зып, онда “Орта Азияда жастар ұйымын ұйымдастыру жо­лында Ғани жолы – даңғыл жол. Ол қатыс­па­ған бір жастар ұйымы жоқ. Ғани барлық жастар ісіне дәнекер”, – дейді.

Ауыр еңбекке, талас-тартысқа то­лы Ғани Мұратбаевтың өмірі – бү­гін­гі жастарға да үлгі. Көрнекті қай­рат­кер қазақ жастарының бірігуін, олардың білім алып, еңбек етуін, жас­тар ұйымдарының белсенді жұмыс істеуін, жастардың ақыл-ойының жаңа заманға сай қалып­тасуын қалады. Жастар көшбас­шы­сы ту етіп ұстаған осы міндеттер бү­гін де өз маңыздылығын жойған жоқ.

Ақәділ ТАЛАПБЕКОВ,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp