«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тілден келетін кесапат

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тілден келер күнәнің бірі – ғай­бат. Құран аяттары мен Пай­ғамба­рымыздың (Алланың салауа­ты мен сәлемі болсын) хадистерін­де ғай­бат­тың қаншалықты жиір­кенішті еке­ні жайында дәлелдер жет­кілікті. Ал­ла Тағала ғайбат айтушы адамды Құранда өлексенің етін же­ген адам­ның бейнесінде сипат­тайды:

“Бір-біріңді аңдымаңдар және бір-біріңді ғайбаттамаңдар! Қайсы­бірің болмасын, өлген бауырының етін жегенін ұната ма? Әнеки бірден жиіркендіңдер. Ендеше Алладан қорқыңдар! Шүбәсіз, Алла Тәууаб (құлдарының шынайы тәубесін қа­был етуші), Рахим (тәубеге келіп, өзі­не бет алған құлдарына ерекше мейірімді)”, – деді.

Пайғамбарымыз (Алланың са­лауаты мен сәлемі болсын), мүба­рак хадисінде:

“Бір мұсылманның екінші мұ­сыл­ман үшін қаны, малы, ары харам болды” десе, екінші бір хадисінде:

“Ғайбаттан аулақ болыңдар, шы­нында ғайбат зинадан ауыры­рақ, егер зина жасаған адам шынайы тәу­бе етсе, Алла тәубесін қабыл етеді, ал ғайбат болса, ғайбат қылған адам кешірмейінше Алла оны кешір­мейді”, – деді.

Енді бір хадисте:

“Исра түні жезден болған тыр­нақтарымен беттерін, кеуделерін тілгілеп жатқан қауымды көрдім. Жебірейілден бұлар кімдер деп сұрағанымда: Олар адамдардың ара­сында ғайбат айтып, ар-абыройларына қол сұққан адамдар”, – деді.

Осы орайда айта кететін жайт, адам баласы ғайбатты тек тілімен ғана емес, сонымен қатар ишарат, ым әрекетпен де жасайды. Айша анамыздан жеткен хадисте:

“Бірде бізге бір әйел кірді, пай­ғам­барымызға қолыммен оның қыс­қа екенін меңзедім, Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл әрекетімнің ғайбат еке­нін айтты”.

Адамның сыртынан анығына жет­пей, тон пішу – ол үшін жасаған қиянат болмақ. Мысалы, кешкі уа­қытта көршінің қызын бір ер адам үйі­не жеткізіп тастаса, ол ер адамның кім екенін анықтамай жатып, көрші­нің қызы жайында жаман пікірлер айт­са, ол нағыз зұлымдық, әрі ғай­бат болады. Өйткені, ол ер адам оның ағасы, нағашысы және тағы бас­қа жақын туысы болуы мүмкін.

Ғайбатқа итермелейтін бірнеше себеп бар. Мәселен, ғайбат айту ар­қылы жүрегінде ауруы бар адамдар ашуын сейілтеді. Сондай-ақ бір топтың арасында бір адамды әңгіме етіп, ғайбатталған кезде, ғайбатты тоқтатудың орнына, қосылып жа­мандау. Серігінің қыл­мысына ортақ болмау. Бір қылмыс жа­салған кезде ол қылмыстың ауы­лын өзінен алыс ету үшін аталған азаматтың арты­нан ғайбат айтуға мәж­бүр болады. Өзін жоғары көрсе­тіп, бәсекелесінің қадірін өзгелердің алдында түсіру үшін артынан ғайбат айтады. Бір адамның байығанын, білімі, атақ-абыройы артқанын көре алмай, іштарлықтан шығатын ғай­бат. Бі­реуді күлдіру үшін екінші бір адам­ның айыбын ашу.

Ғайбаттан емделіп, түзу жолға тү­судің де жолдары бар. Жоғары­дағы Құран аяттары мен хадистерді зерделей отырып, Алланың ғайбат айтушыға әзірлеген ауыр азабын ескерген жөн. Жасалып жатқан ізгі амалдардың ешбірі пайда бермейтінін түсіну.

Шариғатта адамның сыртынан әңгіме айтуға кейде рұқсат етіледі. Егер зұлымдыққа ұшараған жағ­дайда қазыға шағымданса, болған жайтты айтуға болады. Пайғам­ба­ры­мыз (Алланың салауаты мен сә­лемі болсын):

“Хақ иесінің уәжі бар”, – деген.

Егер бір адаммен бірігіп жұмыс жасауды ниет еткен адам оны жақсы танып, екінші адамнан қандай жан екенін білу үшін сұрағанда сенімді немесе сенімсіз екенін айтса ғайбат болмайды. Адамның күнәсі мен әре­кетін айтып, пәтуа сұраса да айтуға болады.

Тіл кесапатының тағы бір түрі – өсек айту. Адам үшін өсек айтпау – өте қиын мәселе. Сол үшін тілдің не­гізгі кесапаттарының бірі. Кейбір адамдар өсек айтпаса тұра алмай­ды. Бұл жайт әйел қауымына ғана қатысты емес, еркек те өсек айтуға ерекше құмар.

Бірде данышпан Сократқа оның танысы келіп:

– Сократ, сенің шәкірттеріңнің бірі жайында не естіп келе жатқа­ным­ды білесің бе? – деп сұрапты.

–Тоқта, – депті Сократ. – Әңгі­меңді жалғастырмас бұрын, саған үш сұрақ қойғым келіп тұр. Бірінші сұ­рақ, маған айтқалы тұрған нәрсең­нің шындық екеніне көзің жетті ме?

–Жоқ, – деп жауап беріпті таны­сы. – Мен тек естідім…

–Екінші сұрақ, оқушым туралы айтқалы тұрғаның жақсы нәрсе ме?

– Жоқ, керісінше…

– Жақсы… Үшінші сұрақ, оқушым туралы айтпағың маған әлдебір пай­да әкеле ме?

– Жоқ, олай емес…

– Ендеше, сенің айтқың келген сө­зің ақиқатқа жанаспайтын, нашар, пайдасыз әңгімең айтуға тұрарлық па өзі? – дейді. Сократтың танысы ұялғанынан үндемей қалыпты.

Өсек – қоғамды әлсіретіп, құр­дымға кетіруші аса қауіпті аурудың бірі. Өсек айтушы адам – шайтан­ның құралы. Алла Тағала Құран Кә­рімде:

“Шүбәсіз, шайтан арақ-шарап (адамды мас қылып ақылы­нан адас­тыратын нәрселер) Һәм құмар ойын­дар арқылы араларыңа дұш­пан­дық пен өшпенділік отын жағу­ды, сен­дер­ді Алланы еске алу­дан һәм на­маздан қақпалауды (тыю­ды) ға­на көксейді. Ендеше, бұлар­дан тыйыл­дыңдар ғой, солай емес пе?” , – деді.

Пайғамбарымыз (Алланың са­лауаты мен сәлемі болсын) мүба­рак хадисінде:

“Аллаға және қиямет күніне иман келтірген адам тек жақсы нәр­се айтсын немесе үндемей-ақ қой­сын”, – деді.

Хадисте бізге тек жақсы нәрсені ғана айтуды бұйырады. Бір сөзді айт­пас бұрын оның қаншалықты ма­ңыз­ды екеніне мән беруіміз керек. Имам Шафиғи: “Сөйлемес бұрын ой­ланғаның абзал, егер сөзіңнен пай­да болса, айт. Ал егер күмәнді бол­са, күмән сейілгенге дейін айтушы болма”, – деген. Өсек – бір адамның сө­зін екінші бір адамға жеткізу. Атал­ған сөз не хабар екі тараптың біреуі қаламаған хабар болуы тиіс. Алайда ол әңгіме пайда, ғибрат, өнеге болса, өсекке саналмайды. Егер жеткізген мәлімет біреудің айы­бын ашатын болса, онда бұл ғай­батқа да, өсекке де жатады.

Пайғамбарымыз (Алланың са­лауаты мен сәлемі болсын) мүбә­рак хадисінде:

“Кімде-кім жеккөрінішті іс көрсе, оны қолымен өзгертсін. Егер шама­сы келмесе, онда тілімен. Ал бұған да шамасы келмесе, онда жүрегімен өзгертсін, алайда бұл иманның әлсіздігінің белгісі”, – деп айтқан.

Өсекші адамның жәннатқа кір­мейтіні жайында Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі бол­сын) “Өсекші жәннатқа кірмейді”, – деген.

Алла Тағала Құран Кәрімде:

“Ендеше мыналардың ешбірінің ырқына бағынба: ант бергіш қадір­сіздің, өзгелерді кемсітіп, ар-на­мыс­қа тиетіннің, сөз тасығыш өсекшінің”, – деді.

Өсек тасып, адамдар арасына от салу – қабір азабына душар ете­тін үлкен күнәнің бірі. Бірде Пайғам­ба­ры­мыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екі қабірдің қасынан өтіп бара жатып: “Расында, (мына) екеуі азапталып жатыр. (Бірақ) үл­кен нәрсе үшін азапталып жатқан жоқ. (Бұл екеуінің) бірі – адамдар ара­сында өсек таратып жүретін, ал екін­шісі – зәрінен тазаланбайтын (дәрет алмайтын)”, – депті.

Өсекші адам әртүрлі бейнеге ене алатын хамелеон секілді бір адам­мен бір қалыпқа енсе, екінші бір адам­мен басқа қалыпта сөйле­седі. Пай­ғамбарымыз (Алланың са­лауа­ты мен сәлемі болсын) бір ха­дисінде:

“Қиямет күні Алла тарапында жек­көрінішті адам – ол екі жүзді адам, біреулерге бір жүзімен келсе, енді біреулерге екінші жүзімен ке­леді”, – деген екен.

Өсектің орын алу себептері – оның үлкен күнә екендігі жайында ха­барсыз болу, жүректегі қызғаныш, көреалмаушылық, онымен сұхбат­тас болған адамдарды таңғалдыру, қызықтыру, өзгелердің сырынан ха­бардар екенін көрсету арқылы бас­қа­лардан өзін жоғары қою.

Өсектің алдын алу жайында Алла Тағала:

“Уа, иман келтіргендер! Егер сен­дерге әлдебір күнәһар адам қандай да бір хабар жеткізсе, оның анық қа­ны­ғын анықтап біліп алыңдар. Әйт­песе білместікпен әлдебір қауым­ның обалына қалып, артынан істе­ген істеріңе өкініп жүресіңдер”, – деген.

Хамзат ӘДІЛБЕКОВ,

“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp