«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҮТІНІ ТҮЗУ ҰШСЫН ДЕП

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ауыл – татулығы мен бірлігі жарасқан қонақжай мекен. Әрбір қазақтың түп тамыры осы ауылдан басталады. Алайда егемендік алып, енді ғана етек-жеңді жинап жатқанда экономиканың күйреуі, өнеркәсіптердің жабылуы, жұмыссыздардың көбеюі, күнкөріс мақсатымен ауыл тұрғындарының қалаға жаппай көшуі – ауыл экономикасына кері әсерін тигізбей қоймады. Ауылда халық азайды, адам саны кеміген соң мектептер де жабылды, жол да жөнделмеді, осылайша кейбір ауылдардың жұрты ғана қалды.

Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мақсатында болашағы бар деген ауылдарды іріктеп, сол елді мекендердің әлеуін арттыру үшін 2019 жылы елімізде “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы қабылданып, іске асырыла бастады.

Жобаның негізгі мақсаты – ауылдағы адамдардың өмір сапасын жақсарту. Жол құрылысы, ауызсумен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт нысандарын қайта жаңғырту және жаңа нысандар салу, жұмыс орындарын құру.

Алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, ауыл тұрғындары үшін жайлы өмір сүру ортасын құру жөніндегі шаралар іске асырылып жатыр. Жоба шеңберінде еліміз бойынша даму әлеуеті жоғары 3,5 мыңнан астам ауыл таңдалып алынды, оның 1173-і – тірек және 2388-і – серіктес елді мекендер.

Ауылдардың әлеуеті демографиясы, инфрақұрылымы, экономикасы және гоекеңістік жағдайын ескере отырып анықталған. Ал жаңа әдістемені әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе зерделенгенін айта кеткен жөн.

2019-2020 жылдары қолданыстағы бағдарламалық құжаттар шеңберінде барлық қаржыландыру көздері есебінен ауылдық жерлерде жалпы сомасы 618 млрд. теңгеге 12 мыңнан астам жоба іске асырылды.

Жоба аясында еліміз бойынша 2025 жылға қарай ауылдық жерлерді сумен жабдықтау қызметтерімен 100 пайыз қамтамасыз етуге қол жеткізіледі деп күтілуде. Бұдан бөлек, 10 мың шақырым кентішілік жолдар жақсартылады, 12 мың шақырым инженерлік желі, бірнеше мың әлеуметтік инфрақұрылым нысандары салынып, ескісі жөнделеді, 5 мың ауыл мектебі жаңғыртылады.

Ал өңірімізге келсек, облыс аумағында ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстар қарқынды іске асырылып отыр. Мәселен, “Ауыл – ел бесігі” жобасын жүзеге асыру барысында ауылдық елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту және дамыту бойынша іс-шаралар жүргізіліп келеді.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша іріктеліп алынған ауылдардың тұрғындары әлеуметтік игіліктермен қамтамасыз етіледі. Нақтырақ, 2019-2022 жылдар аралығында 85 ауылдың әлеуметтік және инженерлік-көлік инфрақұрылымын жаңғырту үшін 157 жобаға 23 млрд. теңге бағытталып, 145 мыңнан астам ауыл тұрғынының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік туды. Ал биыл 64 жобаны іске асыру үшін 52 ауылдық елді мекенге 10,8 млрд. теңге (Ұлттық қордан – 5,1 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен – 5,7 млрд. теңге) бөлінді.

Ақжар ауданындағы Талшық ауылында жылу желілерін тарту, сумен жабдықтау нысандарын салу және реконструкциялау жоспарланып отыр. Ал Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл ауылында электр желілерін жаңарту және көше жарығын реконструкциялау, тозығы жеткен 21 білім беру нысанын күрделі жөндеу, 5 денсаулық сақтау мекемесін, соның ішінде Кішкенекөл ауылында емхана мен оның сыртқы желілерін салу жұмыстары жүргізілмек.

Сондай-ақ Саумалкөл ауылында тұрғын үй емес ғимарат қайта жаңартылып, мұражайға айналмақ, Кішкенекөл ауылында орталық алаң және Привольное ауылында Мәдениет үйі, Горьковское ауылында ауыл клубының құрылысы, Есіл ауданы Николаевка ауылында, Тимирязев ауданы Степное және Ақсуат ауылдарында мәдени-сауықтыру орталықтары салынады.

Келлеровка ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Кішкенекөл ауылында жабық жүзу бассейні, Талшық ауылында хоккей корты, Пресновка ауылында жабық мұз айдыны салынып, 12 ауылдық елді мекенде кентішілік жолдар жөнделеді деп күтілуде.

Қорыта айтқанда, аталған жоба аясында біраз жұмыстар атқарылып жатыр. Соның арқасында өңіріміздің демографиясы өсіп, экономикасы көтеріліп, ауылдарымыздың жағдайы жақсарып, саны қысқарып бара жатқан алтын бесігімді сақтап қаламыз деп үміттенеміз.

Себебі ауыл – алтын бесігіміз. Ауылдың амандығы – еліміздің амандығы.

Тимур Әбдіреш,

облыс әкімінің баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp