«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Уақытша тіркеу басталды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ішкі істер министрлігі 17 шілдеден бастап бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылмаған немесе шектеулерге байланысты заңдастырылмаған, 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен Қазақстан Республикасына әкелінген автокөліктерді бес жылға уақытша тіркеу жұмысын бастады. Осылайша азаматтарға көлік құжаттарын ретке келтіріп, бәрін заң жүзінде реттеуге тағы бір мүмкіндік беріліп отыр.

Уақытша тіркеу үшін көлік иелері “уақытша тіркеу” тізіміне автокөліктің VIN-кодын енгізу үшін өтінішпен және құжаттарымен әкімшілік полиция басқармасына жүгінуі қажет. “Уақытша тіркеу” тізіміне енгізгеннен кейін көлік құралының иесі электронды үкімет порталы арқылы көлікті тіркеуге өтінім береді. Көлік өтініш бергеннен кейін 10 минут ішінде автоматты түрде тіркеледі. Машинаның тіркелгені жөніндегі хабарлама көліктің иесіне жіберіледі.

Бұдан әрі көлік тексеру пунктінде тексеріліп, тіркеу құжаттары рәсімделе бастайды. Бұл ретте азаматтар мемлекеттік нөмір мен тіркеу құжаты үшін баж төлеп, автокөлікті 5 жылға тіркеу, бұл уақыт өткеннен кейін оны кері әкету туралы міндет арқалайды. Бұл ретте тіркеу құжаттарының түп-нұсқалары жергілікті жердегі корпорация филиалында 5 жылға дейін сақталады.

Тіркеу туралы куәліктің айрықша белгісінде Қазақстан аумағынан тыс жерлерге шығу және иеліктен шығару құқығынсыз деген жазба, тіркеудің қолданылу мерзімі, сондай-ақ автокөліктің бұрынғы шетелдік иесінің деректері көрсетіледі. Уақытша есепке алу мерзімі өткеннен кейін көлік құралына қатысты мемлекеттік тіркеу автоматты түрде тоқтатылады.

Егер ел азаматтары аталған автокөліктерді елден тыс жерлерге әкетуге шешім қабылдаса, олар Қазақстан Республикасының тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлерін тапсыруға тиіс, содан кейін оларға шет мемлекеттің тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлері қайтарылатын болады.

Егер автокөліктер бұрынғы тіркелген елінде есептен шығарылса және қазақстандықтар оларды елде тіркеуді жүзеге асыру туралы шешім қабылдаса, онда оларға 200000 теңге мөлшерінде бастапқы тіркеу алымын төлеу және утилизациялық алымсыз заңдастыру шарттары қолданылатын болады.

Әсет ҚАНАФИН.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp