«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СУАРМАЛЫ АЛҚАПТА ӨНІМДІЛІК ЖОҒАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Есіл ауданының Спасовка ауылында орналасқан “Явленское  МТС” – суармалы егіншілікпен айналысатын іргелі шаруашылықтардың бірі. Былтыр агроқұрылым 380 гектарды құрайтын алқапқа арпа егіп, оның 310 гектарын суармалы тәсілмен өсірген. Төккен тер далаға кетпей, күзде диқандар дақылдың әр гектарынан 50 центнерден өнім алды. Бұл жылдағы көрсеткіштен 2,5 есеге жоғары.

– Қазір бір орында тұруға болмайды. Үнемі даму жағын ойластыру керек. Биыл 150 гектарға күнбағыс тұқымын сепкенбіз, соның 110 гектарына суармалы технологияны қолданып жатырмыз. Алдағы бірер жылда көкөністерді де осылай өсіреміз, – дейді серіктестіктің бас агрономы Андрей Недорода.

Егіс алқабын қолмен суару мүмкін емес. Шаруаны шетелдік алты заманауи қондырғы тындырады. Олардың әрқайсысының ұзындығы 460-500 метрді құрайды. Тіршілік көзі жеткілікті. Былтыр серіктестік өкілдері станция тұрғызып, ауыл іргесіндегі көлге құбыр тартты.

Сорғы станциясында екі адам кезектесіп жұмыс істейді. Міндеттері айтарлықтай қиын емес. Танаптарда жылжымалы екі қондырғы жүр. Бірі – 18, ал екіншісі 24 сағат су бүркеді. Бір қызығы, алып су бүріккіштер кішкентай ғана телефон арқылы басқарылады. Арнайы қосымша бас агрономның байланыс құралына орнатылған. Одан қондырғының қайда бағыт алғанын, қанша су шашқанын, жұмыстың қашан аяқталатынын оп-оңай көруге болады. Қондырғылар жердің құрғақ немесе сулы екенін де көрсетеді.

“Явленское МТС” серіктестігінде 60 адам жұмыс істейді. Ал агроқұрылымға тиесілі жалпы жердің көлемі 11,5 мың гектарға жуық.

Бүгінгі таңда өңірде суармалы егіншілікпен 30 серіктестік айналысады. Барлығы 4,7 мың гектар алқап суарылады. Былтыр бұл көрсеткіш 2,7 мың гектарды құраған болатын.

Байболат ҚҰЛТАНОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp