«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қауіпті қансорғыш

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірде күн жылынғалы 544 адамды кене шақса, соның 143-і – бала. Қансорғыш жәндік көптеген жұқпалы ауруларды тарататындығымен қауіпті.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департа­менті баспасөз қызметінің мәліме­тін­ше, өткен аптада кене шаққан 24 адам емханаға қаралған. Бұл алдындағы аптадан 2 адамға аз.

“Былтыр өңірде кене шағудың 672 жағдайы тіркелді. Оның 204-інде дәрігерлер 14 жасқа дейінгі балаларға тиісті көмек берді. Айыр­тау, Қызылжар ауданда­рын­да және Петропавлда үш ересек адамда кене энцефалиті тіркелді.  

Сондай-ақ Қызылжар ауданы­ның екі тұрғынында Лайм ауруы анықталды. “Бұл – бактериалдық инфекция. Оның клиникалық бел­гілері әртүрлі, дермато­логиялық, неврологиялық, жүрек-қантамырлық және буындық белгілері бар. Көбіне тұмау сияқты басталуы мүмкін”, – дейді облыстық сани­тарлық-эпидемиологиялық ба­қылау департаментінің бас мама­ны Айнаш Сағандықова.

Маманның сөзінше, ке­не­ден келер қауіп әлі де жоғары. Сол се­бепті орманға жеміс-жидек теруге барғанда қауіпсіздік ереже­лерін ұмытпаған жөн.

– Қазір – қарақат-шиенің піскен шағы. Сондықтан орманға жидек теруге барғанда ұзын жеңді киім киюді ұсынамыз. Киімнің түсі ашық болғаны жөн, өйткені кене ашық түсті киімде жақсы көрінеді. Әдет­те кене 1,5 метрден жоғары көте­рілмейді, сондықтан олар адам­ның аяғына жабысады және қан соруға ыңғайлы жер іздейді. Кенелер баяу жәндіктер, адамның киіміне немесе денесіне түскенде бірден шақпайды, жорғалап ың­ғай­лы орын іздейді. Сондықтан сырттан келгенде киімді тек­серген абзал. Кремдер, гельдер және аэрозольдер түріндегі репелленттерді қолдануға болады, – дейді Айнаш Сағандықова.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp