Қызылжар ауданындағы Архангельское ауылында 7 мың тонна көкөніс сақтайтын қойма іске қосылды. Нысанда голландиялық “AgroVent” компаниясының микроклимат параметрлерін басқарудың автоматты жүйесі мен беларусьтік “Eznan” компаниясының конвейерлік қондырғылары орнатылған.
Көкөніс қоймасын салған “Елім менің Қызылжар” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқабы 1,5 мың гектарды құрайды. Олар картоп, сәбіз, қызылша өсіреді.
– Серіктестік алқапты суару жүйесін сатып алуға дайын. Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында жетіспей тұрған инфрақұрылымды тарту мәселесін пысықтап жатырмыз, – деді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Әмрин.
Осы аудандағы “Агрос” шаруа қожалығы да 4,5 мың тонналық көкөніс қоймасын салуды жоспарлап отыр. Бұл серіктестік қырыққабат, сәбіз, пияз, картоп өсіреді. Қазір қажетті жұмыстар аяқталды. Бұл көкөніс қоймасында Германияның “GAUGELE” компаниясының тоңазытқышы, желдеткіш жабдықтары және климаттық бақылау құралдары орнатылады. Қазір құрылысшылар қойманың іргетасын қалап жатыр. Бірінші кезеңде негізгі екі қойма салынады. Содан кейін ғана үшіншісінің құрылысын бастайды.
Айыртау ауданындағы “Агро-Елецкое” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де 33,4 мың тонналық ірі көкөніс қоймасын салады. Жобаның құны – 5,5 млрд теңге.
Облыста барлығы 57,9 мың тонна көкөністі сақтайтын 57 қойма бар. Оның 19-ы климаттық бақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Биыл облыста көкөніс алқабы 6,2 мың гектарға жетті, 34,1 мың гектарға картоп егілді. Осыған дейін облыс әкімі Айдарбек Сапаров әлеуметтік маңызы бар дақылдардың егіс көлемін ұлғайтудағы басты мақсат нарықты өз өнімімізбен қамтамасыз ету екенін айтқан болатын.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.