Шағын және орта кәсіпкерлік – ел экономикасының тірегі. Жеке кәсіп ашып, ісін сәтті дөңгелеткен адам отандық өнімдердің қатарын көбейтеді, жұмыс орындарын ашады, салығын төлеп, ортасына әлеуметтік көмегін жасайды. Қадамы нық кәсіпкерді қолдауға мемлекет те ынталы. Қабырғасы қаланғанына аз уақыт өтсе де елге танылған “ЭкоСеверАгро” жеке кәсіпкерлігі машинажасау саласына өз үлесін қосуға мүдделі.
Осыдан бес-алты жыл бұрын Андрей Вараск екі жолдасымен жүк тасымалдау қызметін көрсетіп, напақаларын тауып жүрді. Кәсіп маусымдық болғандықтан қыс айларында тапсырыс та, табыс та азаяды. Қол қусырып отыруға шыдамы жетпеген Андрей Викторович әріптестеріне бір танысының “К-700” тракторын күрделі жөндеуден өткізіп беруге шақырады. Қолға алған істерін үлкен жауапкершілікпен атқарған механиктердің жұмыс нәтижесі тапсырыс берушіге ғана емес, айналасындағыларға да ұнайды. Тозығы жетіп, қосалқы бөлшектері ескіріп, жұмыс қуаттылығы азайып тұрған техникасы барлар жөндеушілерді бірінен-бірі естіп, келе бастайды. Осылайша жігіттер кәсіпкерліктің жаңа бағытына қадам басады. 2017 жылы “ЭкоСеверАгро” күрделі жөндеу зауытын ашады.
– Мен техникаға бала күннен жақынмын. Есейген сайын ол құмарлық артпаса, кемімеді. Мінген техникамды өзім жөндеймін. Бүгінде сүйікті істі кәсіпке айналдырып отырғаныма разымын, – дейді Андрей Викторович.
Жүк тасымалымен айналысып жүргенде кәсіпкердің бір ғана көлік қоймасы болса, бүгінде шаруашылық орналасқан жер аумағы кеңейтіліп, үлкен екі ангар, әкімшілік ғимарат пен ашық тұрақтар алған. Көлік жөндеу зауытының аумағына кірген кездегі көріністің өзі өзгеше. Зауыт қоршауының бір жағында – өңі кеткен, қосалқы бөлшектері маймен қақталған, қорабы қисайған ескі техникалар, екінші бұрышында – сыры күнге шағылысып, “маңғазданып” тұрған су жаңа “кировецтер”. Тозығы жеткен техникаларды әлі сыры кеппегендей етіп жөндеу – қас шеберлерге тән іс. Қоластындағы қырық адамның әрқайсысы өз ісінің білгірі деп мақтанса, мақтанғандай. Оған істері дәлел.
K-700, K-701, K-702 тракторларын, қосалқы бөлшектерін жөндеумен айналысатын “ЭкоСеверАгро” сияқты кәсіпорын елде аз. Бес жылдың ішінде ол республикаға танылып, оның қызметіне жүгінетіндер елдің түкпір-түкпірінен келіп жатыр. Айына орта есеппен бес тракторды күрделі жөндеуден өткізетін кәсіпкердің тапсырыс қабылдайтын кітапшасы қазан айына дейін толық.
Зауыттың аумағына енгізілген трактордың кішкентай бұрандасына дейін жаңартылады. Мәселен, трактордың моторы толықтай бұзылып, жарамсыз тетіктері жөнделеді немесе жаңаға ауыстырылады. Қосалқы бөлшектерді отандық және шетелдік машинажасау зауыттарынан алдырады. Зауыт шеберлерінің өздері жонып-дәнекерлейтін бөлшектер де аз емес. Бір тракторды күрделі жөндеуден өткізу 10-40 миллион теңгеге түседі. Ауыл шаруашылығы техникаларының нарықтағы бағасын білмейтіндер үшін бұл сома көп көрінуі мүмкін, бірақ салыстырмалы түрде зауыттан шыққан отандық техника – 120 миллион теңге, шетелдіктердің құны 200-300 миллион теңге екенін ескерсек, зауыттың бағасы көңілге қонымды. “ЭкоСеверАгро”-ның күрделі жөндеуден өткен тракторлары жаңаға дес бермейді. Зауыттың бір жылдық кепілдігі бар. “Тракторлар құжат бойынша ғана ескі, іші-сырты толықтай жаңартылады. Техника жақсы қолға түссе үздіксіз 7-8 жыл жұмыс істейді”, – дейді механиктер. Шеберлер ескіні жаңартқан кезде қосымша бөлшектерді де орнатып береді. Мәселен, бұрынғы “кировецтің” кабинасында кондиционер болмаса, күрделі жөндеуден өткендерде ол бар. Кәсіпорын ескі тракторларды сатып алып, жаңартып, өз тауары ретінде сатылымға да шығарады.
Ең бастысы, зауыттың бірлігі бекем ұжымы бар. Жас кәсіпкер бизнес шебер мамандарының арқасында дамып, кеңейіп жатқанын түсінеді. Сондықтан әр қызметкеріне құрметпен қарайды. Андрей Викторович білікті мамандарды ұстап қалу үшін олардың әлеуметтік жағдайына көп көңіл бөледі екен. Қиналған сәттерінде қол ұшын беруге дайын. Жақында екі еңбеккеріне тұрғын үй сатып алуға кәсіпорын қорынан қаржы бөлген. Олар бұл қаржыны ешқандай пайызсыз еңбекақыларынан төлеп жатыр. Дәнекерлеуші болып еңбек ететін жігіттің жұмысқа жетуі қиын болғандықтан оған жеңіл көлік сыйға тартқан. Қайырымдылық шараларынан да қалыс қалмайды. Шаруашылықтағы ең төменгі еңбекақы – 200 мың теңге.
Тұрғындарды жұмыспен қамтып, әлеуметтік көмегін көрсетіп отырған кәсіпорынды одан әрі дамыту үшін мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Былтыр “Банк ЦентрКредит” АҚ арқылы “Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба” мемлекеттік бағдарламасы аясында кредит алыпты. Бұл несие “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қорының” жеңілдету тетіктері бойынша рәсімделген. Банк есептеген жылдық 23 пайыз сыйақы мөлшерлемесінің 6 пайызын ғана кәсіпкер төлейді, қалған бөлігін “Даму” қоры субсидиялайды.
Кәсіпорынның дамуға деген талпынысы зор. Андрей Вараск кәсіпорынның маркетингін жақсы жолға қоя білген. Сатылымға шығаратын тауарларын түрлі көрмелерге апарып, іскерлік байланысты нығайтуда. Жергілікті оқу орындарынан жас мамандар тарту ісін де қолға ала бастаған. Мақсаты – шағын кәсіпкерлікті ірі өндіріске айналдыру.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.