Біздің Тауағаш ауылы – Солтүстіктегі іргесі сөгілмеген таза қазақ мекендерінің бірі. Көшіп кеткендер болғанымен негізгі түбірі сақталып, жетпіс шақты үй түтін түтетіп отыр. Бір-бірінен қалмай, үйлерін әрлеп, қоршаған шарбақтары түгіл, төбелеріне дейін бояп, сәндеп алыпты. Қазір Тауағашқа барған адам “көк төбелі ауыл көрдік” деп риза болып қайтатындай хал туыпты.
“Жақсыдан шарапат” деген емес пе, “әттең, әлгі жол салынбады-ау” деп қабырғасы қайысып, өмірден өткен Сапар Дүйсеновтей абыз ағамыздың аңсаған жолын басқамыздың қолымыздан келмегенде әріптесі, айнымас асыл інісі, Кеңес одағы батырының баласы, облыстың прокуроры болған Бағбан Тайымбетов бауырымыз қыр-соңына түсіп, жүзеге асырып, салдырып кетті. Осы екеуіне тауағаштық бауырлар үнемі алғыс айтудан жаңылмауымыз керек. Енді тауағаштықтар қысы-жазы, қар мен жаңбырда еш қиналмай, жарық дүниеге еркін шығып, шаруаларын бітіріп жүреді. Үй басы сайын жеңіл көлік, аудан мен облыс орталығына қатынайтын автобустары да болғандықтан барар жеріне еркін жететін жағдай туған.
Ауызсу да көшеге тартылып, пысық отбасылар қосымша ақша төлеп, оны үйлеріне де енгізіп алған. Аристон қойғызған кейбіреулері жылы суға қолдарын малып отыр. Дәретхана, душ қойғызып, өркениеттің жетістігін көруде.
Былтыр Сайрамнан қазақстандық үш өзбек отбасы көшіп келіп, осында қоныстанған. Олардың мектеп жасындағы 13 баласы шәкірт санын әжептәуір арттырып, қазір Тауағаш мектебінде шағын-орталықпен қосқанда 82 оқушы оқып-тәрбиеленуде. Көшіп келген екі отбасы көршілес Спасовка селосында тұрады, ондағы орыс мектебі әлдеқашан жабылған, сондықтан оның балалары да Тауағаш мектебіне жеткізіліп, осында білім алады.
Ауылдың жерін алған шаруашылық та тұрғындарды ренжітпеуге тырысып жүр. Былтыр әр үлескерге алты центнерден астық беріпті. Егер бір отбасында 5-6 адамнан болса бұл үш тоннадай астық деген сөз. Бұл үктіремін десе ұнына да, малын семіртемін десе жеміне де жетіп қалады.
Қысқасы, құдайға шүкір деп айтайық, қазір Тауағаштың жағдайы жаман емес. Біреуге жұмыс істемесе де өз қорасындағы қара-құрасын молайтып, нәпақасын айыруға мүмкіндігі зор. Басқа қазақ ауылдарына да оның бағын берсін.
Осы орайда Тауағаштың түбірін нықтаған бір азаматының трагедиялық тағдыры туралы да толғай кетуді жөн көрдім. Қолыма қалам алдырған да сол себеп еді. Ол адамның есімі – Шаяхмет Құрманұлы Жолаушин. Тұлғасы мен тұрпаты келіскен, ұзын бойлы, кең жауырынды, атжақты, ер мұрынды, қой көзді азамат еді ол. Сыйымды мінезімен, адал көңілімен жұмыс істеп, бұл дүниеден өткенше халыққа жағымды трактор-егіс бригадасының бригадирі болды. Бөлімше басқарушысы Балтабек Мұстафин ағамыз екеуі елге шын жанашырлықпен қызмет еткенін осы күні көзі көрген, білген жұрттың бәрі айтады. Жұрттың аузында есімі тек “Балта-ағаң” деп қана құрметпен аталған Балтабек Мұстафин туралы арнайы жазармыз, бұл жолы Шәкеңнің тағдыры туралы ғана айтқымыз келіп отыр.
Тауағашқа көршілес Қызыләскер деген ауыл бар. Аты қазақша болғанымен оның тұрғындарының 90 пайызы орыстар. Олар да тыпырлаған еңбекққор халық, мотоциклінің “люлкасымен” шөп тасып, адал малына бір мая қылып үйіп алады. Міне, сол “тыпырлақтардың” өзі: “мына тауағаштықтар жынданған шығар, күні бойы кеңшарға жұмыс істейді, түні бойы тракторын дырылдатып, өзіне жұмыс істейді. Бұлар қай уақытта демалады”, – деп таңғалады екен… Шынында солай, ағаларымыз күндізгі кеңшар жұмысына мінетін тракторларын дырылдатып, соның жарығымен түні бойы ауласына шөп үйіп, болмаса отынын жеткізіп, турап жататын…
Бұл да сол Шәкең мен Бәкеңнің кеңдігінің арқасы ғой. Әйтпесе, кейбір ауылдардың шолақ белсенділері кешкі жұмыс біткен соң тракторларды қатарға қойдырып, түнде жүргізбейтін… Ал біздің бастық ағаларымыз тракторлардың жеке-меншік шаруаға жегіліп жатқанын көретін, көрсе де көрмеген болып, “шөбін үйіп алсын”, “отынын жеткізіп алсын” деп үндемей жүре беретін… Сондықтан да халық оларға разы болып, алғыстарын да айтып жүретін. Түнімен өзіне жұмыс істегендер таң атпай кеңшардың жұмысына шығудан да жалықпайтын. Құдайдың бересі шығар, сол бір жылдары бригаданың даңқы аспанға көтеріліп, астықтың түсімі, оны жинап алу бойынша елдің алдына шықты. Талай адамның төсінде орден-медальдар да жарқырады.
Халықтың адал көңілі, ақ тілегі болар Шаяхмет Жолаушиннің өзі 1974 жылы КСРО Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайланды. Ол кезде бұл атақты партияның облыстық комитеті бекітетін. Осы орган ұйғарса болды, халық жаппай дауыс бере салады. Сол 1974-78 жылдардағы тоғызыншы сайланымға бүкіл КСРО бойынша 1500 адам сайланған екен, соның бірі біздің – Тауағаштың Шәкеңі болды.
Сол-сол-ақ екен, облыстық деңгейдегі барлық баспасөзден оның есімі түспейтін болды. Теледидар Тауағаштың ой-қырын тегіс көрсетіп шықты, радио ештеңесін қалдырмай айтып отырды. Ол кезде интернатта оқитын біздер облыстық газетті оқысақ нөмір сайын ауылымызды іздейтін болдық. Алда-жалда шықпай қалса үйреніп қалған басымыз “не болып қалды” деп тіпті шошынатын болдық. Туысы таққа мінсе өзі атқа мінетін қазақ емеспіз бе, Шәкеңнің арқасында шаруашылықтың басқа салалары да мақталып жатты, мектеп те, ФАП та, әлеуметтік саланың басқа да дүниелері ауыздан түспейтін болды. Тамаша клуб үйі де тұрғызылды. Орден-медаль алғандар, машина я басқа көлік мінгендер де көбейді. Шәкең туралы “Дихан жолы” деген кітап та жазылды, деректі фильм де түсірілді.
Атағы осылай аспандап жүрсе де Шәкеңнің өзі қарапайымдылығынан жаңылмады. Қашан да күліп, әзіл айтып, жұмыскерлерімен бірге тұра қалып темекісін шегіп, көрген қызықтарымен бөлісіп, баяғы сол “біздің Шәкең” қалпымен жүре берді. Оның бригадасындағы белді механизаторлардың бірі болған менің ағайым Ағыбай Самұратовқа бірде, Мәскеудегі кезекті сессиядан оралған Шәкең өкіметтің көзбояшылығы туралы былай депті: “Қазан айының басында сессия басталды. 2-3 күннен кейін маған облыстан жеделхат келіп, бригадамды орақ науқанын табыспен аяқтағанымен құттықтады. Ал мында сендер әлі астық жинап жүрсіңдер. Неткен көзбояушылық еді”, – деп күлген екен. Сол жылғы науқан ауа-райының қолайсыздығынан шынында Шәкең сессиядан оралған қараша айында да жалғасыпты.
Біз әңгіме еткелі отырған оқиға 1978 жылы болған. Бұл уақытта Шәкең әлі депутат, сондықтан наурыз айында Қырымдағы демалыс үйлерінің біріне оған тегін жолдама беріледі. Сол уақытта інісі Сүлеймен қатты сырқат екен, ағасы соған қарайлағанда “жолдарыңнан қалма, сендер келгенше аман боламын” деп аға-жеңгесіне рұқсатын береді.
Сүлеймен ағамыз Шаяхметтің атасы Жолаушының ағасы Тортайдан тарайды. Тортайдың Өстемір деген баласы молда болып, 37-нің лаңымен айдалып кеткен. Артында қалған Шәмшит пен Сүлеймен деген ұлдары Жолаушының баласы Құрманның шаңырағында Шаяхметпен бірге өскен. Шәмшит ертерек опат болып, Сүлеймен Шаяхметтің ығында ер жетіп, үйленген соң бөлек отау болып шыққан.
“Адамның айтқаны болмай, Алланың қалауы болып”, Шаяхмет ағамыз бен Ұлпа анамыз демалып жатқанда, 18 наурызда Сүлеймен фәниден бақиға аттанады. Қырымға жеткен жеделхат Ұлпа анамыздың қолына тиеді… Өмір-бойы бірге тұрып, шәй деспеген сүйікті қайнысының ажалы анамыздың қан қысымын көтеріп жіберіпті. Соңынан келген жұбайына жеделхатты ұсынған ол “жалғыз қалдың-ау” деген бір ауыз сөзді ғана айтып үлгеріп, құлаған бойымен көз жұмады…
Сөйтіп, айдың-күннің аманында бір үйден екі адам бір күнде өмірден өтеді. Біреуі өзінің отбасында ауыр сырқаттан кетсе, екіншісі елден жырақ, күтпеген қайғыны көтере алмай жүрек талмасынан кетеді. Осының бәрі Шәкеңе жеңіл болмағаны хақ. Бірақ құдай берген бақ құсы басында, Шәкең өмірлік жарын Қырымнан Қызылжарға арнайы ұшақпен жеткізеді. Мында келген соң ел-жұрты алқалап, алақанға салып, Ұлпа анамызды арулап қояды.
Бұл 1978 жылдың наурыз айында болған оқиға. 1927 жылы өмірге келген Шәкең ердің жасы елуден енді ғана асқан кезі. Осы жылы ол міндетін абыроймен атқарып, депутаттығын тапсырып, мойны босайды. Ел көрген, жер көрген абыройлы азаматты қолдаушылар мен қорғаушылар да көп. Ұлпа анамыздың жыл асын берген соң 1979 жылдың сәуір айында Шәкең екінші рет үйленеді. Ресейдің Мәкөшін ауданынан әкелген жаңа жары әрі жас, әрі білікті, көрікті жан болады. Алайда… алайда Шәкеңнің қызығы 12 күнге ғана созылады. Кенеттен келген қан қысымынан ағамыз 52 жасында өмірден өтеді.
Бір жылдың ішінде бір отбасынан осындай жағдайлармен 3 бірдей жанның өмірден өткені тағдырдың бір тылсымы сияқты көрінеді маған. Тіл, көз деген бәлелер де адамзатқа үнемі бір жамандық шақырады ғой. Ондайды елемеген боламыз, ал шынында ондай көзге көрінбейтін, құлаққа естілмейтін жауыз ниеттер адамның қадамын аңдып жүретін болса керек…
Құдайға шүкір, өздері ерте кеткенімен Шәкеңнің оты өшкен жоқ, қазір орнында келіні Шолпан, немересі Әсет отбасымен түтінін түтетіп отыр. Алла оларға ұзақ өмір бергей…
Жақсыбай САМРАТ,
журналист.