Өңірде күн жылынғалы 544 адамды кене шақса, соның 143-і – бала. Қансорғыш жәндік көптеген жұқпалы ауруларды тарататындығымен қауіпті.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен аптада кене шаққан 24 адам емханаға қаралған. Бұл алдындағы аптадан 2 адамға аз.
“Былтыр өңірде кене шағудың 672 жағдайы тіркелді. Оның 204-інде дәрігерлер 14 жасқа дейінгі балаларға тиісті көмек берді. Айыртау, Қызылжар аудандарында және Петропавлда үш ересек адамда кене энцефалиті тіркелді.
Сондай-ақ Қызылжар ауданының екі тұрғынында Лайм ауруы анықталды. “Бұл – бактериалдық инфекция. Оның клиникалық белгілері әртүрлі, дерматологиялық, неврологиялық, жүрек-қантамырлық және буындық белгілері бар. Көбіне тұмау сияқты басталуы мүмкін”, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Айнаш Сағандықова.
Маманның сөзінше, кенеден келер қауіп әлі де жоғары. Сол себепті орманға жеміс-жидек теруге барғанда қауіпсіздік ережелерін ұмытпаған жөн.
– Қазір – қарақат-шиенің піскен шағы. Сондықтан орманға жидек теруге барғанда ұзын жеңді киім киюді ұсынамыз. Киімнің түсі ашық болғаны жөн, өйткені кене ашық түсті киімде жақсы көрінеді. Әдетте кене 1,5 метрден жоғары көтерілмейді, сондықтан олар адамның аяғына жабысады және қан соруға ыңғайлы жер іздейді. Кенелер баяу жәндіктер, адамның киіміне немесе денесіне түскенде бірден шақпайды, жорғалап ыңғайлы орын іздейді. Сондықтан сырттан келгенде киімді тексерген абзал. Кремдер, гельдер және аэрозольдер түріндегі репелленттерді қолдануға болады, – дейді Айнаш Сағандықова.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.