Ұлтымыздың рухани көшбасшысына айналып, халқымыздың философиясы мен әдебиетіне ауқымды өзгеріс әкелген бірден бір тұлға – Абай Құнанбайұлы. Абай жайлы сөз болғанда Көкбай Жанатайұлы, Ақылбай Абайұлы, Мағауия Абайұлы, Әріп Тәңірбергенов сынды ақындардың есімі бірге аталады. Оның осындай бір топ шәкірттерінің ішінде Шәкәрім Құдайбердіұлының алар орны зор. Шәкәрім ақын бала кезінен немере ағасы Абайдың тәрбиесінде болып, тағылымын бойына жиып, ең үздік шәкірті атанды. Әдебиеттегі Абай салған сара жолды жалғап, кең танылуына ықпал етті. Биыл сөзіне алаш ұйыған данышпан Шәкәрімнің дүниеге келгеніне 165 жыл толып отыр.
Шәкәрім Құнанбайдың үлкен ұлы Құдайбердіден тарайды. Құдайберді ақынның бала кезінде айықпас дерттен қайтыс болады. Абай болса, ағасының артында қалған ұрпағына қамқор болуды өз мойнына алған екен. Бұл кезде Шәкәрім небәрі жеті жастағы бала еді. Ол әкеден айырылып, жетім қалғанына қайғырып, алғашқы өлеңін шығарады. Інісінің өлеңге деген қабілетін байқаған Абай оның ұстазына айналады. Алайда ауыл мектебінен білім алған Шәкәрім одан әрі оқу іздеп, сол замандағы үлкен білім ордаларына ұмтыла қоймайды. Мұны ол өз жазбаларында былай түсіндіреді: “Қажы марқұм жетім деп аяп, қысып оқыта алмай, ғылымнан мақрұм қалып, жетімдікті сылтау қылып, ойыма не келсе соны істеп, әдепсіз, ғылымсыз өстім”. Құнанбайдың бұлай етуінің де өзіндік себебі болса керек. Өйткені бұған дейін Омбы, Мәскеуде білім алған Халиолла есімді ұлы қайтыс болғаны бар. Абайды да Семейден қасына шақырып алып, Шәкәрімді де алысқа жібермегенінің сыры осы болуы мүмкін. Арнайы оқуды тамамдамағанымен Шәкәрім жасынан әдебиетке жүйрік, зерек болды. Ұлы Ахат Шәкәрімұлының жазбаларына үңілсек, ол бала кезінен “Мың бір түн” әңгімелерін оқыған, араб, парсы бәйіттерін, “Алпамыс”, “Қобыланды”, “Қыз Жібек” сынды жырларды жатқа білгенін көреміз. Яғни Абай сияқты Шәкәрім шығармашылығының да бір бастауы жасынан жадына сіңген ауыз әдебиеті болған.
Ақын жайлы зерттеулерде оның ғылымға, әдебиетке қызығушылығы ояна бастаған шағы 15 жасар кезі делінгенмен, оның сол кездері жазғандарының біразы бізге жетпеген. Парасат биігіне қол созған Шәкәрім де өзінің тырнақалды туындыларын құнттап, жинастыруға құлықты болмаса керек. Тіпті өзге ақындарға еліктеп, жастық сезімін сөз еткен алғашқы жырларын автордың өзі де өртеп жіберуі мүмкін. Оның үстіне жиырмасында болыс болып сайланған жанның ел ісінен қолы босап, жырға бет бұруы қиын. Сөйткен ақын тек 25 жасында ғана өз бағытын айқындап Абай салған жолға түседі. Оның өзіндік көзқарасы, ой-пайымы қалыптасып, көптен даралана бастайтыны да осы жылдар. Өз сөзінде ақын үнемі ағасы Абайды аузынан тастамай, жеткен биігі осындай ұлы ұстазының арқасы екенін айтып отырған. Бас ақынның тәрбиесінде болып, ақылын тыңдап жүргенмен жас жігіт өлең соқпағына бірден түсіп кетпейді. Тіпті алғашқы сәтте ұстазы екеуінің арасында пікір қайшылықтары да туындап отырған. Бұған Шәкәрімнің сол кездегі жазылған туындылары мен Абай өлеңдері дәлел. Әрі Абай да қасындағы жастарға бағыт беріп жүргенімен, өзге істерден бас көтеріп, бұл іске біржола беріле алмаған. Тек өмірінің соңғы он жылдығында ғана өнімді шығармашылықпен айналысуға, айналасындағы жастармен еркін сұхбат құруға жағдай туып, кесек туындыларды дүниеге әкеледі. Шәкәрімнің де өз ұстазының бейнесін шын танып, жақын араласып, жиі пікірлесіп, үлгі тұтатын жылдары осы. Абайдың қасына жиналған ақындар тобының да Шәкәрімге ықпалы болды. Олар үнемі бір-бірімен жыр жарыстырып, дана Абай қазылық ететін жыр бәйгесіне түсіп, жетіліп отырған. Осындай сәттерде жас ақынның өз қатарластарынан озып, ұстазының ықыласына бөленген кездері көп болған. Абай өз інісіне тек әдебиет ісінде ғана емес, ел басқаруда да жетекшілік етіп, кеңес берген. Болыс сайлауына да ақын осы ағасының айтуымен түсіп, жеңіп шыққан. Осылайша бұл қызметті 1878-1880 және 1887-1888 жылдары атқарған. Елі де оның әділдігі мен абыройына бас ұрып шешен, би деп қадірлеген. Оған қатысты осындай оқиғалардың бірі “Абай жолы” романында жазылған. Онда кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов ақынға “Абайдан соңғы білгір” деген бағасын береді. Сол кездің куәгерлері Шәкәрімнің небір шырмауы қиын істерге төрелік айтып, ұры-қарыға айыбын мойындатып, әділдікке жақ болғанын жазады. Бидің алдына ақиқат іздеп келген адамның наразы болып кеткені болмайды екен. Шәкәрім бұл қызметтен кеткеннен кейін де бірталай жұмыстарға араласып би болып жүреді. Ал оның орнын Құнанбайдың өзге ұрпақтары басқан.
Бала кезінде Құнанбайдың ерке немересі болып, кейін топ бастап, елінің тізгінін ұстап талай дау мен таласта күйіп-піскен ақын қырыққа жеткен шағында өткенге көз жүгіртіп, көп ойға салынады. Осылайша ойшылдыққа бет бұрып, бұрынғыдан де терең ізденіп, ғылым жолына бет бұрды. Бұл жайында ол өз өлеңінде:
Жиырма мен қырық арасы –
Жас өмірдің сарасы,
Бос өткенін қарашы,
Жүрекке толып қанды ірің, – деп жазады.
Құнанбайдың қалауымен, Абайдың қолқалауымен болыс, би болған ақынның қырыққа дейін істеген ісі де аз еместі. Ол елге еңбегі сіңіп, жақсы ат алып, жыр әлемінде де олжа салып үлгерген. Десе де өз заманындағы ғылым жетістіктеріне құлаш ұрып, көп дүниені таныған жан бұдан да биік шыңға ұмтылады. Өз кезінде Абай да “Жасымда ғылым бар деп ескермедім” деп сан соқса, шәкірті де осындайды бастан өткермеу үшін әрекет етті. Күнделікті дау шардың баянсызын ұғып, бұрын өзі ішіне еркін ене алмай жүрген ғылым әлемінің есігін ашты.
40 жасынан бастап Шәкәрім Құдайбердіұлы талмай ізденіп, қолы жеткенше білім алды. Ол қолына түскен еңбектің бәрін бойына жия бермей, ғылымның шын сипатын түсінгісі келді. Ақыры бұл мақсатына да жетті. Ол ғылымды “Алланың бір сипаты” деп танып, ақтық демі таусылғанша бойына адамзат ақылының асылын сіңіруге тырысты. Осындай сәтте оның қаламынан “Қазақ айнасы” жинағы дүниеге келді. Аталған жинақ 1912 жылы баспа бетін көрді. Аты айтып тұрғандай кітапқа енген жырларында ақын ұлтының сол кездегі келбетін бейнелеп, кемшіліктерді сынға алады, елін білімге шақырады, кейінгі буын інілеріне Абай бейнесін үлгі етеді. Осылайша бодандықтың қамытын киіп, қараңғы заманда адасқан жұртына жол көрсетуге тырысты. Ол үшін, ең алдымен, ұлттың сапасын арттырып, отаршылдықтың зардаптарынан құтылуы керек еді. “Қазақ айнасы” осы мақсатта жазылған еңбек. Ақынның өзі де оны жазудағы мақсатын “Жаздым “Қазақ айнасын”, Мінез түзеу айласын” деп көрсеткен.
Осынау ізденісі ақынға орыс әдебиетінің бетін ашып берді. Шығыстың жырларын, бірнеше тілін білген ол енді батысқа бет бұрып, қаламгерлерімен таныса бастайды. Сол жылдары Шәкәрім шығармашылығына Толстой, Салтыков, Лермонтов, Гоголь, Пушкин, Некрасов сынды әдебиет алыптарының әсері болғаны анық. Оның бұл авторлармен танысуына Абайдың да себеп болуы бек мүмкін. Ақын өзі оқыған батыс қаламгерлерінің көтерген мәселелерін, тақырыптарын меңгерді. Атақты ағартушы-демократтардың көзқарастары ғылым жолындағы жанның тынысын ашып, алысты жақындатқандай болды. Кейіннен Шәкәрім өзі оқыған туындылардың біразын қазақ тіліне аудара бастады. Бұл да өзі тұрған жердегі Абай қалыптастырып кеткен мектеп еді.
Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығының тағы бір қыры – зерттеушілігі. Ғылым жолына түскен жанға өз білмегімен бөлісіп, елдің көзін ашу – міндет. Сондықтан Шәкәрім де өзі білген, ақиқатына жеткен дүниелерді хатқа түсіріп, қаттап отырған. Әсіресе оның “Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі” атты еңбегі көне дәуірден бастап, хандық дәуірге дейінгі оқиғаларды жүйелеп, сан ғасырлық тарихымызды баяндады. Аталған зерттеудегі оқиғалар мен деректердің растығын тексеру, әрине, кәсіби тарихшылардың ісі.
Жоғарыда Абай мен Шәкәрім өмірінің байланысы жайлы бірнеше рет айтып өттік. Абай ғұмырының соңына дейін өз шәкіртіне жанашыр болып, қарым-қатынасын үзбеген. Оның шығармаларының Шәкәрімге зор әсер еткені сияқты, Шәкәрім жырларының да Абай еңбектерінде өз ізі бар. Олар ұстаз бен шәкірт қана емес, бір-бірі үшін адал сырлас, жанашыр кеңесші, әділ сыншы еді. Өзін кішкентайынан жетелеп әкеліп топқа қосқан, қай жерде де ақылшы болған ұстазының өлімі Шәкәрімге үлкен соққы болып тиді. Ақын үлкен ағасының жерлеуін, қырқын, жылын өзі атқарып, бір жыл бойы қайғы жұтты. Көңілі өлгендей күй кешіп, өмір көшіне қайта ілесуге тырысты. Жанын жырмен қамшылап, қайта еңсе көтерді.
Өміріне үлкен өзгеріс әкелген 1917 жылға дейін ақынның “Шежіре”, “Мұсылмандық шарты”, “Үш анық” кітаптары, “Қалқаман-Мамыр”, “Еңлік-Кебек” дастандары жарық көрді. 1917 жылғы төңкерісті қуана қарсы алған ол Алашордашылардың жағына шығады. Алаштықтар 1918 жылы қажыны облыстық соттың басшысы етіп сайлады. Алайда елім деген ерлердің бұл ісі тұйыққа тіреліп, Шәкәрім қайтадан шығармашылыққа бет бұрады. Бұл жолы біржола елден оңашаланып, саятқораға ат басын тіреп, қалған өмірін осылай өткізді. Кейінгі кеңес кезеңінде де ол өз ісінен айнымай, жазуын тастаған жоқ. Бұл туралы Қайым Мұхамедханов “Кеңес дәуірінде де Шәкәрімнің қаламы қолынан түскен емес” деп жазады. Бірақ ол өзгелер ойлағандай елден саяқ жүріп, мүлде бейтарап қалған жоқ. Жаз уақытында айналасындағы жұртпен араласып, қыс бойы қаламды серік етті. Маңайындағы ауылдар да оған ілтипат білдіріп, құрметтеген деседі. Алайда бұл билік өкілдерінің Шәкәрімнің сол уақыттағы толқуларды ұйымдастырушысы болуы мүмкін деген күмәнін арттыра түседі. Сөйткен ақын 1931 жылдың күзінде жазалаушы отрядтың қолынан қаза табады.
Шәкәрім Құдайбердіұлы ұлтының басындағы жайды терең түсінген, сол жолда күресіп өткен заманының озық тұлғасы еді. Ол екі ғасырдың да куәгері, екі дәуірдегі ойы озық азаматтармен пікірлес болды. Өз заманындағы Ә.Бөкейханов, М.Әуезов, Ж.Аймауытов сынды алыптармен рухани байланысы үзілмеді. Ұлт көсемі Әлихан оның бірқатар еңбектеріне талдау жасаса, Мұхтар Әуезов жиі кездесіп, Абай төңірегінде, әдебиет жайында ұзақ сұхбат құрды. Оның Алаш қайраткерлерінің қолдаушысы болғанын Сұлтанмахмұт Торайғыров та жазады:
Ерте оянған кісінің біреуі осы,
Бұл жұрттың түзеймін деп
антұрғанын.
Бір жолмен Байтұрсынов,
Бөкейханға,
Ақсақал бола алғандай
осы кәрің.
Осылайша жасында Абайға шәкірт болған дана ақын есейген шағында өзі де Алаш қайраткерлеріне аға болып, ақсақал атанды.
Бір өкініштісі өзге арыстарымыз сияқты Шәкәрім Құдайбердіұлының да біраз шығармалары елімен қауыша алмады. Оның біраз жазбалары тұтқындалғаннан кейін өртеніп кеткені жайлы дерек бар. Десе де қаламгер көзі тірісінде жазғандарының жарық көріп, жұртқа тарауына барынша пейілді болған. “Кітап жаз, бастыр, оқыт қазаққа” деген ақын, өз ұлтына кітап оқытудың, сауатын ашудың қаншалықты маңызды екенін түсінген. Сондықтан шамасы жеткенше біраз еңбегін өз қаражатына бастырып, таратуға тырысқан. 1931 жылы жазушы Сәбит Мұқановқа хат жазып, өзінің жазғандарын жолдаған. Бұл ойшылдың ғұмырының соңында жазылған ең соңғы хаты болуы да мүмкін.
Қоғамдық пікірді өзгертуге тырысып, ағысқа қарсы жүрген адамның күресі азапқа толы болатыны анық. Ғылымға, әдебиетке ден қойған Шәкәрім де осы азаптың отына күйіп өмірден баз кешті. Бір өлеңінде “Ел тіліме көнбеді, Жыладым да қамықтым” десе, енді бірде “Ал енді қайтіп ел болды?” деп ойға кетеді. Ол жұрттың бойындағы кесір мінезді, кертартпа қылықтарды көрді. Көре тұра үнсіз қалуға, соны түзетуге іс қылмауға ары жібермеді. Елін сүйген, оның болашағына сенген соң, “Сөзімді ұқса, ойланар кейінгі жас” деп кейінгілерден үміт күткен соң қаламымен қараңғылыққа қарсы тұрды. Өзі көрген өмірдің теріс тұстарын ашып жазды.
Жуаны қылады зорлық,
Момынның көргені қорлық, – деп әділетсіздікті жырға қосты.
Осы сияқты жұрттың бойындағы мақтанқұмарлық, ысырапшылдық, еріншектік, талапсыздық, айлакерлік, зұлымдықты сынға алды. Елінің басы қосылмай, жан-жаққа бытырап жүргенінің себебі надандық деп ұқты:
Ар қайда? Рақым қайда?
Әдеп қайда?
Быт-шыт боп неге жүрміз
әрбір сайда?
Көз жұмып, “көппен көрген
ұлы той” деп,
Береді бұл надандық
кімге пайда?
Ал надандықтың осынша кең тарауының себебі халқының еңбектен қашып, жалқау тартып бара жатқанынан деп білді:
Ерiншектен – салақтық,
Салақтықтан – надандық.
Бiрiнен-бiрi туады,
Жоғалар сүйтiп адамдық.
Осылайша өз қазағын білімге шақырған ағартушы бола білді. Білімді ұлттың теңдікке жетіп, өзгелерге қор болмайтынын, бір-бірімен араз болмайтынын түсінді.
Сен ғылымға болсаң ынтық,
бұл сөзімді әбден ұқ.
Білгеніңнің жақсысын қыл,
білмегеніңді біле бер.
Білген ердің бол шәкірті,
білмегенді қыл шәкірт,
Үйренуге намыс қылма, үйретуге болма кер, – деп өзі үміт күткен жас буынға жол көрсетіп, ғылымның шырағы жанып, қараңғы елге жақсылық әкелеріне сенді.
Егін сал, не сауда қыл,
малыңды бақ,
Білім білген әр істе
шебер болмақ.
Қол өнерден пайда қыл
үйреніп-ақ,
Кетпес дәулет осы ғой құдайға хақ, – деген ойымен ұлтын еңбекке шақырып, кедейлерді қатарға қосқысы келді.
Шәкәрім өз еңбектері арқылы кейінгілерге қалай өмір сүру керектігін көрсетіп кеткен ғұлама. Ол “Мұсылмандық шарты” еңбегінде күнделікті дұрыс-бұрыс әрекеттерді таразылап, парыз, уәжіп, намаз, ораза, зекет сияқты ұғымдарға анықтама берді. “Ашу мен ынсап”, “Шаруа мен ысырап”, “Анық пен танық”, “Махаббат пен құмарлық”, “Мақтау мен сөгіс” сынды бір топ өлеңдері арқылы түрлі құбылыстарға баға беріп, оқырманын жаманнан жирендіріп, ізгілікке үндеді. Ал “Үш анық” еңбегі жаратылыс пен жаратушы хақында талдау жасаған көлемді туындысы саналады. Осындағы ойшыл көрсетіп берген үш анықтың өзі үлкен талдауды қажет етеді. Мұнда көтерілген “ұждан” ұғымы ұлтымыздың өзіне сай асыл құндылығының белгісіндей. Еңбекте сол заманның өзінде атом, метафизика, жан, рух, спиритизм ұғымдарының тарқатылуы автордың асқан білімпаздығының дәлелі. Ол жаратылыс сырын тек өз көзімен пайымдамайды. Өзі оқыған Пифагор, Эпикур, Демокрит, Ньютон сынды хәкімдердің (Абай оларды хәкімдерге қосқан) шығармаларын талдап, сілтеме жасайды. Осылайша әлемдік ғылымның теңізінде еркін жүзіп, інжу-маржанын қазақ керегіне жаратып, оқырманға лайықтап беріп отырған.
Дана Абай “Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі” дейді. Жүрегінің көзін ғылыммен ашып, кеудесіндегі толы хикметін еліне берген сондай асылдардың бірі – Шәкәрім еді. Көкірегіне хақтың сәулесі түскен осындай ерекше сезімді ақын былайша жырлайды:
Ақылдан бойға сыр тарап,
Үміттің шамы жанған күн.
Мына жолдар да Шәкәрімнің ақиқатты танығандағы сәтін суреттейді:
Ескі иманды отқа өртеп,
Асыл иман алған күн.
“Ақылдан бойға сыр таратқан” Шәкәрім “ақыл” ұғымына да ерекше мән береді. Ақын жалаң ғылымның жарға жығатынын біліп, оның қасына нұрлы ақылды қосады. Осылайша ақылмен табылған ғылымның қайыры болатынын сөз етеді.
Ғылымсыз адам – айуан,
Не қылсаң да, ғылым бiл.
Ғылымға да керек жан,
Ақылсыз болса, ғылым тұл.
Шәкәрімнің шығармашылығында осы сияқты ой, еңбек, уақыт, иман ұғымдарының да алар орны зор. Ойшыл Абай мектебін жалғастырып, осындай асыл ұғымдарымыздың аясын кеңітіп, мәнін айшықтай түседі.
Данышпан Шәкәрімнің өз өлеңдерінде көтерген өзекті тақырыптары мен айтқан ойлары көп. Енді ойлы оқырман соның қадіріне жетіп, кілтін тапса екен. Шыңырауы терең Шәкәрімнің толғамдары бүгінгі қазаққа да жол көрсетуге жарап тұрғандай.
Жазықсыз жала жабылып, құрбан болған ақынның есімі алғаш рет 1959 жылы ақталды. Алайда әдебиет зерттеушілер ақын шығармашылығына бойлай алған жоқ. Ал талпыныс жасағандар өздері күдікке ілінді. Тек 1988 жылы екінші рет ақталғаннан кейін ғана шәкәрімтанудың күні туып, зерттеушілер қолға ала бастады. Тәуелсіздік алған жылдары оның кітаптары қайта басылып, көлемді еңбектер жазылды. Семей университетіне ақынның есімі беріліп, ескерткіші орнатылды. Тегі асыл қажының сүйегі 30 жыл бойы құдықта жатуы да – ұлт тарихындағы үлкен қасірет. Тек 30 жыл өткеннен кейін ұлы Ахат сол оқиғалардың куәгерлерінің көрсетуімен құдықты тауып, ақынды арулап Абай жатқан жердің маңына жерледі. Бүгінде мұнда қос алыптың құрметіне үлкен кешен салынып, биік күмбез тұрғызылған. Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірін зерттеп, шығармаларын таныту жолындағы бұл жұмыс әлі де жалғасуы керек. Қаламгердің жоғалған шығармаларын табу, қолда бар туындыларының жазылу тарихын анықтау, өмірінің белгісіз кезеңдерін зерделеу ісі бүгінгі ұрпақ арқалайтын аманат болмақ.
Дәулет ҚҰРМАШ,
Дәуқара орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Айыртау ауданы.