Соңғы уақытта өңірімізде ауа райы сан құбылып тұр. Халықты әбігерге салған аптап ыстықтың соңы қатты дауылға ұласты. Күн күркіреп, жай түсіп, салдарынан Ақжар ауданындағы трансформаторлық қосалқы станция зақымданды.
Ленинград ауылының тұрғындары жарықсыз, кейін үш күн бойы ауыз-сусыз қалды. Мынадай аптап ыстықта екі резервуардағы су қоры таусылып, су тапшылығы сезілді. Оның үстіне ауданда Ақмола облысынан ауысқан ашық дала және орман өрті өршіді.
Суға зар болып отырған тұрғындардың мәселесін “AMANAT” партиясының жергілікті мүшелері сөзбен емес, іспен шешуге барынша атсалысты.
“AMANAT” партиясы Ақжар аудандық филиалының төрайымы Оксана Киккаринованың айтуынша, ауылдық округ әкімі Асан Маймақов халық қалаулыларынан көмек сұраған. Себебі қажетті құрал-жабдықтың құны 700 мыңнан 3 миллион теңгеге дейін тұрады. Халық қалаулылары Жұмали Нұрманов, Сағындық Шүлембаев, Нариман Смағұлов, Жарас Жағыпаров, “Ленинград жолдары” ЖШС-ның директоры Александр Коротков, “Бекет” ШҚ-ның директоры Марат Шәпенов, облыстық мәслихаттың депутаты Орынбасар Ысқақова, жергілікті тұрғын Элим Расуев, “Болашақ” жеке кәсіпкерлігі демеушілік жасап, арнайы трансформатор Көкшетау қаласынан сатып алынған. Тұрғындарды әбігерге салған мәселе 3 күн ішінде шешіліп, су берілді.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.