Әкімшілік кедергіге тап болған кәсіпкер сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке шағымданды. Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, кәсіпкерге мемлекеттік кірістер департаментінің экспорттық бақылау қызметкерлері тарапынан әкімшілік кедергі жасалған. Ер адам автомобиль конструкциясы түріндегі қосалқы бөлшектерді шекара бекеті арқылы өткізбек болған, алайда мамандар оған тыйым салған.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің лауазымды тұлғаларының айтуларынша, іс жүзінде шетелден әкелінетін құрылым автокөлік құралы болып табылатындықтан, ол одан әрі тіркеу есебіне қойылуы мүмкін.
Облыстық полиция департаменті мамандары бұл конструкция автокөлік құралы болып есептелмейді, сол себепті есепке қойылуы мүмкін емес дегенді айтады.
Алайда экспорттық бақылау қызметкерлері конструкциядағы қозғалтқыш пен аспасы алынып тасталған жағдайда ғана әкелінетін тауарды өткізуге келісетіндерін айтып, кәсіпкерге әкімшілік кедергі жасаған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аумақтық департамент шұғыл түрде мемлекеттік кірістер департаментінің басшылығы және кәсіпкердің қатысуымен диалог алаңын ұйымдастырды. Нәтижесінде шекаралық бекет арқылы автомобиль конструкциясы түріндегі қосалқы бөлшектерді өткізуге тыйым салуға негіз жоқ екендігі анықталды.
Қазіргі уақытта өтініш иесі кәсіпкерлік қызметін кедергісіз жүзеге асырып жатыр.
Сонымен қатар облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бастамасымен экспорттық бақылау саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау басталды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.