«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қорған болған жеріне ер Жанатай

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Чистополье елді мекенінде Жанатай батырдың 300 жылдығына орай ас берілді. Тойды батырдың ұрпақтары өткізді. Чистополье елді мекенінің маңында ақшаңқан киіз үйлер бой түзеп, алтыбақан орнатылды. Сахна құрылып, жергілікті өнерпаздар келген қонақтарға ән-жырдан шашу шашты. Жиналғандар балуандардың күресін және көкпар мен бәйгені тамашалады.

– Жанатайдың 9 ұлы болған. Сол ұлдардан тараған ұрпақ рес­публиканың түкпір-түкпірінен жина­лып, ағайындардың басы қосылды. Атамыз жайында аңыз әңгіме көп, шежіресі тереңде жатыр. Жа­натай атамыз қылышынан емес, сұ­сынан жау шошыған Бөгенбай ба­тырдың шәкірті ретінде тарихта аты қалған. Қалмақ-жоңғарлармен күре­сіп, жаумен шайқаста ерлік көрсет­кен, – дейді ұрпағы Октябрь Аяға­нов.

Жанатай батыр 1723 жылы қа­зір­гі Ғабит Мүсірепов атындағы ау­данның аумағындағы Талсай ауы­лында дүниеге келген. Әкесі Ақан өте бай адам болған, үйір-үйір жылқы ұстаған. Көкшетаудан Торғай даласына де­йінгі жерлер жеке иелігінде болған. Оның есімі­мен тау, көл, Ақан өзені аталған.

– Анасы Болат та мықты адам болыпты. Біздің ру ақсақалдарының әңгімелері бо­йынша, Жанатай батырға бойындағы батырлық пен батылдық ана сү­тімен берілген екен. Кейуана­ның даналығы мен көрегендігі ту­ралы да көп айтыла­ды. Ол Талсай ауылында жерлен­ген. Оның жанын­да үлкен ұлы Бо­танай жатыр.

Жанатай батыр Абылай ханның серігі болған және жоңғарлармен кү­реске қатысқан. Ол туралы ертегі­лер мен аңыздарда ғана емес, қазақ классиктерінің шығармала­рын­да да мәліметтер кездеседі. Мәселен, Мұхтар Мағауин өзінің “Қазақ тари­хының әліпбиі” атты кітабында жаз­ған, Әнуар Әлімжановтың “Гонец” кітабында Жанатай батырдың ерлігі туралы мәліметтер бар. “Көш­пенділер” трилогиясының авторы, жазушы Ілияс Есенберлин өзінің “Жанталас” романында да батыр туралы баян­дайды”, – дейді батырдың ұрпағы Қымбат Әбдуахи­това.

Батыр 96 жасқа келіп дүниеден өткен. Оның күміспен күптелген бел­беуі қарашаңырақ – Балтакес­кеновтар әулетінде сақталған.

Жанатай батырдың денесі Айыр­тау ауданындағы Орловка ауы­лының маңында жерленген. 1956 жылы батырдың зираты жаңартыл­ды, алайда ол кезде тас қойдырма­ғандықтан, тек қоршауы ғана өзгер­тілген екен. Ескі зираттың орнына былтыр кесене тұрғызылды. Бұл игі істі Жанатайдың ұрпақтары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып атқарды.

Ұрпақтарының бастамасымен Көкшетау қаласындағы көшеге Жанатай Ақанұлының есімі берілді. Енді батыр есімін Қазақстан Рес­публикасының тарихи маңызы бар тұлғаларының қатарына, ал жерлен­ген жерін Қазақстанның киелі жерлерінің картасына енгізу туралы мәселе қаралып жатыр.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp