Түркияның Ялово қаласында түркітілдес халықтардың XXVI Халықаралық фольклор фестивалі өтті. Тоғыз елден 12 ұжым жиналды. Олар қазақ, иран, дағыстан, осетин, серб, босния және түрік мәдениетін көрсетті. Біздің елден Ақан сері атындағы облыстық филармонияның “Мәңгілік” би ансамблі қатысты.
Фестиваль барысында өнер ұжымдары Гемлик қаласында өткен шеруде ұлттық киіммен жүрді. Ал концертте қалың көрерменге би тілімен ұлттық болмысымызды танытты. Қазақтың ұлттық өнері көрермен көңілінен шыққан “Мәңгілік” би ансамблі қазылар алқасының да ерекше ықыласына бөленді. Өнерлері лайықты бағаланып, фестивальдің жеңімпазы атанды. Елімізге белгілі хореограф Михаил Лахтин жетекшілік ететін “Мәңгілік” би ансамблінің құрылғанына небәрі бес жыл ғана. Осы уақыт ішінде талай республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып, кәсіби би ұжымы ел аузында “Қызылжарға барсаң бишімін деме” деген қанатты сөз қалыптастырып үлгерді.
– Түркітілдес халықтардың XXVI Халықаралық фольклор фестивалінің дирекциясы қазақ бишілерінің шеберлігін жоғары бағалап, ризашылығын айтты. Сондай-ақ алдағы уақытта да ынтымақтастық қарым-қатынас жалғасатынына сенім білдірді, – деді Ақан сері атындағы облыстық филармонияның директоры Ботагөз Жағыпарова.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.