«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҒЖАННЫҢ АҒАРТУШЫЛЫҚ ІЛІМІ – ТӘРБИЕ ТҰНЫҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

1917 жылы қазан революциясы­нан кейін, сол кездегі қазақтың бір топ зиялылары, елді егемендікке жет­кізудің жалғыз жолы – оқу, білім екенін түсінген болатын. Осыған орай олар мектептер ашып, халықты оқу, білімге шақырып қана қоймай, өздері оқулықтар, әдістемелік құрал­дар жазды. Солардың бірі – Мағжан Жұмабаев. Егер Мағжанның ағарту­шылық, ұс­таз­­дық жолына қысқаша шолу жа­сай­­тын болсақ, төмендегі жәйттерді аңғаруға болады. 1913-1917 жылдары ол Омбы мұғалімдер семинария­сында оқиды. Бұл оқуды ойдағыдай бітірген соң “Үш жүз” де­ген партия­ның жаласымен 5-6 айын Омбы түрмесінде өткізді. Одан шық­қаннан кейін бірден оқу-ағарту жұ­мысымен айналысады. Осы қалада қазақ-қырғыз жастары үшін ашылған мұғалім­дер курсының жетекшісі жә­не тарих, әдебиет пәндерінен дә­ріс оқиды. Кейін Омбыны Колчак басып алған­нан соң, әрі мұғалімдер үйі өрте­ніп кет­кендіктен курс 1920 жылы мау­сым айында Петропавл қаласы­на ауыстырылып, қазақ мұғалімде­рінің Омбы губерниялық курсы осында ашы­лады. Мұнда да ол курс дирек­то­ры болады әрі курсанттарға дәріс оқиды. Ма­ғжан өз қолымен толтырылған ан­кетада негізгі ма­мандығы “кир­гиз­ская словесность” дегеніне қара­май, педагогикадан, қазақ тілі мен ұлт та­рихынан дәріс­тер оқып келге­н.

Ол тек ағарту саласымен айна­лы­сып қойған жоқ. Сол заман үшін де, бүгін де өз маңыздылығын жой­ма­ған оқу-әдістемелік құралдар жаз­ған. Солардың ең бастысы, әрине, “Пе­да­гогика” оқулығы. Мағжан Жұ­мабаев Ыбырай Ал­тынсариннен кейін қазақ тілінде пе­да­гогикадан оқулық жазған адам. Со­нымен бірге, оның қаламынан “Жа­­зылашақ оқу құралдари hәм мекте­біміз”, “Сауатты бол”, “Баста­уыш мек­тепте ана тілін оқыту жолы”, “Бала тәр­биелеу жолы”, “Қызыл әскер әліп­песі”, “Ана тілі”, 1931 жылы шық­қан “Ересек ша­ласауаттылар програм­масы” және тағы басқа еңбектері бар. Ескерте кететін жәйт, 1920-30 жылдары “Педагогика” оқулы­ғын Ор­та Азияның барлық педа­гогика­лық жоғары оқу орындары пайдаланған. Осының өзі Мағжанды көркем сөздің шебері ғана емес, сонымен бірге пе­дагогика саласы­ның да шебері және білгірі екенін ай­ғақтайды. Оның 1922 жылы шыққан “Педагогика” оқу­лығы сол за­ман үшін де, бүгіндері де өз құн­дылығын жойған жоқ.

Мағжанның қолына алған ісін тыңғылықты, сапалы атқаратыны оның еңбектерінен көрінеді. “Педа­гогика” өте ертеден келе жатқан пән екенін, “адам тәрбиесі туралы ғы­лым” екенін, оның ұшар басында әлемнің ұлы ұстаздары – Арис­тотель, Сократ, Демокрит, Рубинш­тейн, Ушинский тағы да басқа әлем таныған педагогтардың болғанын тілге тиек етеді. Өз “Педагогикасын” қазақ жанына жақындастыра отырып, әлемдік педагогикамен жанас­тырады. Яғни қазақ халқының ер­теден келе жатқан өз төл педагогика­сының бар екенін паш етеді. Осының өзінен-ақ Мағжанның ұлтжанды, қазақ халқының жанашыры, пат­риоты екенін көруге болады.

Мағжан “Педагогика” оқулығын­да тұңғыш рет ұлттық педагогиканы психологиямен байланыстыра оқы­ту­дың тәсілдерін қарастырып, бала тәрбиелеудің және олармен қарым-қатынас жасаудың жолдарын ғылы­ми тұрғыдан сипаттады. Оның сол кездегі озық ойлы тұжырымдары бү­гінгі күні де өзекті. “Баланы ұлттық тұр­ғыдан заманға лайық етіп оты­рып, тәрбиелеп оқыту керек”, – деген Мағжанның ойы бүгінгі күн үшін айтылғандай. Әр ұлт өз болашағын ойласа, ең алдымен ұрпағын ата-баба дәстүріне лайық етіп тәрбие­леуі керек. Сондықтан да ұлт педа­гогикасының негізгі көздегені – ұлт­жанды, ар-ұяты мол, саналы азамат тәрбиелеу. Педагогиканың басты мә­селелерінің бірі – жеке адамның дамуы және оған ықпал ететін күш­тер. Жеке адамның дамуындағы ықпалдың көзі – тәрбие, қоршаған орта екендігін ескерсек, бүгінгі жас­тарды қоғамдағы келеңсіз дүниелер­дің әсерінен аман алып қалудың бір­ден-бір көзі ұлттық тәрбие екендігін біздің ғұлама бабаларымыз айтып кеткен.

Мағжан Жұмабаев: “Жанға дұ­рыс тәрбие беру үшін жанның жәйін баяндайтын ғылыммен таныс болу керек”, – деп қазақ ғұламаларының ой-пікірлерін ғылыми психология не­гі­зінде әрі қарай жалғастыра түс­кен. “Жанның жайын зерттейтін ғылымды психология дейміз”, – деп жан ту­ралы ғылымға анықтама береді. “Тәр­бие­нің басты жолы, адамның өзін-өзі бақылауы… Өзінің бойын­дағы мінін көрмей, өзіне өзі риза болып, мәз бо­лып жүретін адамды жаны жа­байы, мінезі тар адам дей­міз… Бақылауы, байқауы көп адам­ды парасатты, аңғарымпаз адам дейміз. Мүмкін болғанша тәрбиеші­нің “физионо­мист” болуы керек”, – деп шынайы пе­дагогтың әр ғылым­нан хабардар, жан-жақты жетілген азамат болуын талап етеді. Сондай-ақ баланың ананы сүюі, оған ізгілік тілеуі, туыс­тық сезімдерінің дамуы, елін, жерін сүюі, ізгілікке ұмтылысы, гуманистік көзқарасының қалып­тасуы мәселе­лерін кең көлемде қарастыра келіп, негізгі шарттарына тоқталады. Ав­тор: “Кімде-кім өзін сүйсе, туысқан­дарын сүйсе, өз елін сүйсе, қала берді адам баласын бауырым деп санаса, сол адамды ізгі деп атай­мыз”, – деп сезімнің қалай, қайдан туатынын айқындап береді.

Мағжан оқыту мен тәрбиенің өз­ара байланысына баса мән бер­ген. Осыған байланысты ол: “…Адам ба­ласын, әсіресе, жанын тәрбие қылу керек. Дүниеде теңіз терең емес, адамның жаны терең. Адам тілі арқасында ғана жан сырын сыртқа шығарып, басқалардың жан сырын ұға алады. Адамның өзін-өзі тексеруі оның жан тұрмысының өркендеуіне, түзу жолға түсуіне қажетті бірінші шарт” – деп ой түйе отырып, тәрбие мен оқытудың негізгі ұстанымдары­на да назар аударады. “Тәрбиешінің табансыздығын сезсе, бала онымен сөйлесуден, тілін алудан қалады”, – деп орынды ой түюмен бірге, мұға­лімдерге аса қажет дидактика мәсе­лелеріне теориялық тұрғыдан айтып өтеді. Белгілі бір тақырыпты түсін­дір­генде өткен тақырыппен байланыс­ты, салыстырмалы түрде оқытудың тиімді екенін дәлелдейді. “Бір нәрсе­ні балаға ашық ұқтырмақшы болсаң, сол нәрсенің қарама-қарсысын алып кел. Мысалы, балаға жер ортасының ыстықтығын түсіндірмекші болсаң, Солтүстіктің суығымен салыстыр”, – дейді. Мағжанның бұл кеңесін гео­графия сабағында қолдануға бола­ды. Я болмаса, пән аралық бай­ланыста қолданса да артық болмай­ды. Айталық, тарих және география пәндерін біріктіре отырып белгілі бір тақырыпты өткізгенде салыстыр­ма­лы түрде пайдалануға болады.

“Педагогика” оқулығында, Мағ­жан­ның ерекше тоқталған мәселесі – тілдің ұлттық сезіммен байланысы. Ол туралы: “Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түнде тымық, біресе құйындай ек­пінді сары далада, үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі бәрі көрініп тұр”, – деп тебірене, шабыттана жазған. Осыған байланысты Мағжан бала тіліне отбасында аса ұқыптылықпен қарау қажет екендігін айтқан. “Кейбір адамдардың баланы өз тілінше сөй­леп, балаға тез ұқтырам деп, яки ба­ла­ны еркелетіп, әдейі тілдерін бұзып балаша шолжаңдап, сақау болып сөйлейтіндер бар. Бұл зор қате”, – деп одан сақтандыра жазған. Соны­мен қатар: “Баланың тілін шын дұрыс жолға салатын, дұрыстайтын, байы­та­тын – мектеп”, – деп мектептің бала тілін ұстартып, қалыптасты­рудағы қызметіне баса мән бергенін толық құптаймыз.

Ұлт пен тiлдiң арасындағы тығыз байланысты түсiнуге Мағжанның ке­лесi сөзi көмектеседi: “Бiр ұлттың тiлiнде сол ұлттың жерi, тарихы, тұр­мысы, мiнезi айнадай ашық көрiнiп тұрады”. Шынында да, тiлден халық­тың тарихы, шежiресi, үмiтi, қайғысы мен қуанышы, үнi естiлiп тұрады. Осыған орай орта білім беру жүйесі­нің мақсаты – қазақ тiлiн оқыта оты­рып, оның қоғамда атқаратын бар­лық қызметiн көрсете бiлу. Бұл жер­де маңызды талаптың бiрi – тiл жү­йесi арқылы халықтың танымын, басқа халықтармен қарым-қатына­сын түсінуге үйрету. Тiлдi тек жалаң грамматикалық схема ретiнде емес, ғасырлар бойы жиналған халықтық, философияның, психологияның, пе­дагогиканың, тарихтың жинағы ре­тiнде үйрету қажет.

Сонымен қатар Мағжан шығар­ма­шыл, зияткер, жаңашыл мұғалім бола білген. Ол туралы 1922 жы­лы Мәскеу Күншығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде оқыған Бейсенбай Кенжебаев: “Қазақ тілі, қазақ әдебиетін М.Жұмабаев оқыт­қан еді. Ол ғалым, тәжірибелі, шебер оқытушы, асқан методист-педагог еді. Мысалы, ол шәкірттеріне “Өзде­рің білген бір ертекті жазып келіңдер, соны класта оқып, бәріміз бірге тал­қылаймыз” – деп, тапсырма береді. Сөйтіп, ол бізге әрі әдебиетті, әрі дұрыс жазуды, әрі шығарма жазуды үйретті… Мағжан сабақ өтіп жатқан­да ешқандай қағаз пайдаланбай суырып салма әдісімен өз ойын ор­таға салып, оны өлеңдер, мақал­дар, шығармалардан үзінділерді жатқа оқып дәлелдеп отыратын”, – дейді.

М.Жұмабаев – әдіскер-ғалым. Ол: “Мұғалім бір сөзді ұзыннан ұзақ соза берсе, шәкірттің іші пысады, мұғалім үсті-үстіне төпеп, түрлі білім­ді бір түрлі айта берсе, бала мезі бо­лып, іші пысады. Мұғалімнің шебер­лігі өзі білген білімнің бәрін балаға тез білдіруге емес, еппен, басқыш­тап білдіруде. Сабақ оқытуда мұға­лім сөзі жинақы, жігерлі, қызықты бо­луға тиісті. Сонда ғана ол баланың абайын (назарын) өзіне қарата алады. Сабақ үстінде балалардың ой­науы, тыныш отырмауы бір-бірімен сөйлесулері мұғалімнің жинақы, жі­герлі бола білмегендігінен”, – дейді.

Жалпы Мағжан “Педагогика” оқу­лығында “біз еліктегіш халықпыз…, ел болайық десек ондай еліктегішті қою керек…Әрбір ұлттың өз мектебі, өз төл оқулығы болу керек” деген уәж айтады. Шынында да, балабақшада, мектепте, жоғары оқу орындарында шетелдік оқу бағдарламаларын пай­далануға әуеспіз. Мысалы, Мағжан талай жаңа педагогикалық техноло­гияларды ұсынған. “Баланы заманы­на сай оқыту” технологиясы, “Жеңіл­ден ауырға”, “Мұғалімнің аз сөйлеп, баланы ойландыра оқыту техноло­гиясы”, “Аздан көпке”, “Ойын техно­логиясын пайдалану”, “Таза тіл тех­нологиясы”, “Баланы ұлттық тұрғыда тәрбие қылу технологиясы”, “Бала­ны таза қазақ тіліне үйрету техно­ло­гиясы”, “Заманауи білім беру”, “Мұғалімнің әдеп, ғұрпы” және тағы да басқа технология­лар­ды Мағжан жазған. Осыларды неге ке­ңінен пайдаланбаймыз? Петро­павл­дағы Мағжан Жұмабаев атын­дағы Жоға­ры педагогикалық кол­ледж­дің ұжы­мы соңғы жылдары ғана осы оқулық бойынша білім беріп жа­тыр. Ал Стамбул университетінің ға­лым­дары “Педагогика” оқулығын 2020 жылы түрік тіліне аударғанын бі­ле­міз. Қазір ол пән ретінде оқыты­лады.

Еліміздің ұрпағын білікті де, бі­лімді, ұлтжанды, отансүйгіш қайрат­кер етіп тәрбиелеуде Мағжан Жұма­баев­тың педагогикалық ілімдерінің мәні зор. Мағжанның педагогикалық ілімі басшылыққа алынып, жас жет­кіншектер сол рухта тәрбиеленсе, еліміздің шынайы патриоттары өсіп-жетілері анық. Менің ойымша, Мағ­жан­ның жеке қорын құруымыз қажет. “Мағжан ізімен” атты тарихи экспе­диция ұйымдастырылып, оның бол­ған жер­леріне арнайы іссапарлар ұйымдас­тырылса, архивтерде іздеу жұмыста­рын жүргізе отырып, оның мәңгілік жерленген жерін іздестіру бүгінгі күн тәртібіндегі дүниелер бо­луға тиісті. Оның ізі Мәскеуде, Қазан­да, Ташкентте, Санкт-Петербургта, Уфада сайрап жатыр. Өзі айтқандай, айдалада “төмпешік болып” еш бел­гісіз болып жатқан ұлы тұлғаның сүйегін іздеп тауып, елінің топырағына тапсыру борышымыз болуға тиісті.

Сабыр СЕҢКІБАЕВ,

педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp