Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №48 мекемесінде жазасын өтеуші түсініксіз жағдайда көз жұмды. Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 21 шілде күні болған. Петропавлдағы №48 мекемеде бірнеше жазасын өтеуші арасында жанжал шығып, әкімшілік қызметкерлері араласқаннан кейін басылған. Профилактикалық әңгіме барысында сотталғандардың бірі дем ала алмай, тұншыға бастаған. Мекеме қызметкерлері дереу “Жедел жәрдем” қызметін шақырған. Мамандар келгенше өздері алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Алайда бәрі бекер болып, дәрігерлер келгенше ер адам көз жұмды.
– Бұл факті ақпаратты есепке алу кітабында тіркелген, оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылды. Облыстық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметтік тергеу тағайындады, – делінген баспасөз хабарламасында.
Әзірге жазасын өтеушінің неден қайтыс болғаны белгісіз. Сарапшылар денесін сыртқы тексеру кезінде жарақаттар тапқан жоқ. Сотталғанның қайтыс болу себебі анықталып жатыр.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.