Қызметім Астанада болса да, туған жерім – Айыртау ауданына ат басын жиі бұрып тұрамын. Келген сайын бір қынжылмай кетпеймін. Уақыт өткен сайын түзелер деген үмітім құмға сіңген су құсап құрдымға кетіп барады. Аяқ бассаң, орысша атаулар алдымнан андыздап қоя береді. Әйтеуір, Антоновка ауылының бас көшесі өзгертіліп, Ленинге Ақан серінің аты берілгеніне шүкіршілік еттім. Оның өзі “Aqan-Seri” деп қате жазылыпты. Сызықшаны неге қойғанын ұқпадым. 6 сынып оқитын ұлымның өзі “мынау қате ғой” деп көзге шұқығандай көрсетіп берді.
Кіндік қаным тамып, шаңына көміліп өскен алтын бесігіме жеткенше қазақша атауы сақталып қалған үш ауылдың атын кездестірдім. Өкінішке қарай белгі-тақталар тек орысша толтырылған. “Жұмысшыны” – “Жумысшы”, “Бірлестікті” – “Бирлестык”, “Қарақамысты” “Каракамыс” деп жазуларына қарағанда ана тіліміз төрге озудың орнына босағада қалып қойған секілді. Көрші елден келетін қонақтардың намысына тиіп кетеміз деген жалтақтық басым секілді.
“Тілдер туралы” заңның 19-бабында (“Топонимикалық атауларды пайдалану тәртiбі”) “Әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің, сондай-ақ басқа да физика-географиялық объектiлердiң дәстүрлi, тарихи қалыптасқан қазақша атаулары мемлекеттік тілде жазылады” – деп тайға таңба басқандай етіп жазылған.
Айыртау – жергілікті тұрғындар көп тұратын аудандардың бірі, басшылық орындарда да өз ағайындарымыз аз емес. Сонда араларынан қатені түзететін қазақ сыныбын бітірген бірде-бір адамның табылмағаны ма?
Саят ЫБЫРАЙ.
Айыртау ауданы.