Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының “Qyzyljar” арт-орталығында газетіміздің фототілшісі Талғат Тәнібаевтің “Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың” атты жеке шығармашылық көрмесі ашылды. Көрменің ашылу салтанатына қатысқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Асқар Хабибулин өңір басшысының “Алғыс хатын” табыс етті.
– Өңірімізде кәсіби фотографтар саусақпен санарлық. Солардың бірі – Талғат Тәнібаев. Фотоаппаратты серік еткен 18 жылдың ішінде өңірдің өткенінен сыр шертетін бай қор жинады. Өз басым жұмыс барысында Талғаттың суреттерін бірнеше рет сұрап алып, пайдаландым. Көрме авторына шығармашылық табыс тілеймін, – деді Асқар Ережепұлы.
Талғат Тұрарұлы еңбек жолын 2005 жылы облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінде бастаған. Содан бері Алаштың ардақтыларының ізі қалған киелі шаңырақта үздіксіз еңбек етіп келеді. Өңірдің тамылжыған тұмса табиғатынан бастап, елдің әлеуметтік-экономикалық даму үдерісі – оның объективіне іліккен тақырыптар.
Фотограф – өмірдің ерекше қас-қағым сәтін тарихқа айналдыра алатын мамандық. Осындай шығармашылық ізденіспен еңбек етіп жүрген Талғат Тұрарұлы өңір тарихын бейнелейтін мыңдаған фото түсірді. Оның туындылары әртүрлі басылымдарда жарияланды. Автордың еңбектері облыстық, республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болды.
Бұл жолғы көрме – Талғат Тәнібаевтің шығармашылық талабы мен ізденісінің жемісі. Туған жер – оның сүйікті тақырыптарының бірі. Фототілші іссапармен облыс аумағын аралаған сайын тылсым табиғаттың, тіршілігі қайнаған қоғамның қызықты да тағылымды сәттерін дөп басып, таспаға түсірді. Фототілшінің суреттерін сөйлете білгендігі соншалық, көрмеге келгендер ондағы еңбектердің әрқайсысын таңданыспен тамашалап, қиял әлеміне ерік беріп, зор әсерге бөленгені анық.
Автордың қырағы көзіне ілінген тағы бір тақырып – жекелеген адамдар. Талғат Тұрарұлы талай еңбек адамын, дара да дана жерлестерінің бейнесін халқына таныстырып келеді. Мұның барлығы – тарих қойнауында, жылдар жылнамасына жазылып жатқан дүниелер.
Құнды да әсем, мазмұнды да мағыналы суреттер тудырып, фотосурет өнерінде өзіндік із қалдырып жүрген әріптесіміз әлі де талай асуларды бағындырары сөзсіз.
Көрмеге қойылған отызға жуық шығарманы жұрт бір ай бойы тамашалай алады.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.