Қазақтың кең даласын қаққа жарып, темір жол рельстері шұбап жатыр. Домбыраның қос ішегіндей тартылған егіз темірлер ғасырлар бойғы жолаушылардың тағдырын баяндап жатқандай әсер қалдырады. Сол жолдың бойымен жолаушылар вагондары қыс демей, жаз демей, күн демей, түн демей, даланың тыныштығын бұзып жүйткиді де жатады. Жолаушының отарбамен бірнеше күнде діттеген жеріне жетуі, ең алдымен, техниканың игілігі болса, екіншіден сан түрлі құрылғының құлағында ойнап, олардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін жұмысшылардың арқасы.
Жазушы Оралхан Бөкейдің “…Сахараны дүр сілкіндіріп тағы бір поезд өтті. Сол поездың ішінде кімдер кетіп барады екен…” деп басталатын туындысы бар. Алайда біз бұл жолы поезд жолаушыларының емес, шойын жолдың бойында тер төккен еңбеккерлердің өмірін сөз етпекпіз. Өйткені олардың арасында да бар ғұмырын адал еңбекке арнап, кейінгі буынға үлгі болып жүрген жандар бар. Солардың бірі – Серік Тумурзин.
Серік Сасқалиұлы Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы Жаңа Есіл локомотив депосында жұмыс істейді. Оның поездардың мүлтіксіз жұмысын қамтамасыз етіп жүргеніне 35 жыл толыпты.
– Жастық шағымда осы жолды таңдап елордадағы көлік және коммуникация колледжінде, кейін темір жол көлігі институтында білім алдым. Алғашында слесарь болып тер төктім. Ал бүгінде ауысым шеберімін, – дейді еңбек адамы.
Шойын жол шебері темір жол вагондарын ұзақ жолға дайындап, көліктің еш ақаусыз межелі жерге жетуін қадағалайды. Шебер өз мойнында сан мыңдаған жолаушының сенімі барын түсінеді. Сол үшін де өз ісіне жауапкершілікпен қарап, кемшілік жібермеуге тырысады. Оның бұл еңбегі еленіп, бірқатар марапаттарға да ие болған екен.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.