Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Чистополье елді мекенінде Жанатай батырдың 300 жылдығына орай ас берілді. Тойды батырдың ұрпақтары өткізді. Чистополье елді мекенінің маңында ақшаңқан киіз үйлер бой түзеп, алтыбақан орнатылды. Сахна құрылып, жергілікті өнерпаздар келген қонақтарға ән-жырдан шашу шашты. Жиналғандар балуандардың күресін және көкпар мен бәйгені тамашалады.
– Жанатайдың 9 ұлы болған. Сол ұлдардан тараған ұрпақ республиканың түкпір-түкпірінен жиналып, ағайындардың басы қосылды. Атамыз жайында аңыз әңгіме көп, шежіресі тереңде жатыр. Жанатай атамыз қылышынан емес, сұсынан жау шошыған Бөгенбай батырдың шәкірті ретінде тарихта аты қалған. Қалмақ-жоңғарлармен күресіп, жаумен шайқаста ерлік көрсеткен, – дейді ұрпағы Октябрь Аяғанов.
Жанатай батыр 1723 жылы қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның аумағындағы Талсай ауылында дүниеге келген. Әкесі Ақан өте бай адам болған, үйір-үйір жылқы ұстаған. Көкшетаудан Торғай даласына дейінгі жерлер жеке иелігінде болған. Оның есімімен тау, көл, Ақан өзені аталған.
– Анасы Болат та мықты адам болыпты. Біздің ру ақсақалдарының әңгімелері бойынша, Жанатай батырға бойындағы батырлық пен батылдық ана сүтімен берілген екен. Кейуананың даналығы мен көрегендігі туралы да көп айтылады. Ол Талсай ауылында жерленген. Оның жанында үлкен ұлы Ботанай жатыр.
Жанатай батыр Абылай ханның серігі болған және жоңғарлармен күреске қатысқан. Ол туралы ертегілер мен аңыздарда ғана емес, қазақ классиктерінің шығармаларында да мәліметтер кездеседі. Мәселен, Мұхтар Мағауин өзінің “Қазақ тарихының әліпбиі” атты кітабында жазған, Әнуар Әлімжановтың “Гонец” кітабында Жанатай батырдың ерлігі туралы мәліметтер бар. “Көшпенділер” трилогиясының авторы, жазушы Ілияс Есенберлин өзінің “Жанталас” романында да батыр туралы баяндайды”, – дейді батырдың ұрпағы Қымбат Әбдуахитова.
Батыр 96 жасқа келіп дүниеден өткен. Оның күміспен күптелген белбеуі қарашаңырақ – Балтакескеновтар әулетінде сақталған.
Жанатай батырдың денесі Айыртау ауданындағы Орловка ауылының маңында жерленген. 1956 жылы батырдың зираты жаңартылды, алайда ол кезде тас қойдырмағандықтан, тек қоршауы ғана өзгертілген екен. Ескі зираттың орнына былтыр кесене тұрғызылды. Бұл игі істі Жанатайдың ұрпақтары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып атқарды.
Ұрпақтарының бастамасымен Көкшетау қаласындағы көшеге Жанатай Ақанұлының есімі берілді. Енді батыр есімін Қазақстан Республикасының тарихи маңызы бар тұлғаларының қатарына, ал жерленген жерін Қазақстанның киелі жерлерінің картасына енгізу туралы мәселе қаралып жатыр.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.