Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау жайы сөз болды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Кирилл Иванников мән-жайды баяндады.
Облыс аумағында 60-қа жуық өзен, екі мыңнан астам көл бар. Жаз маусымында солардың жағасын да демалатындар көбейеді. Спикердің айтуынша, ең қауіптілері – Есіл өзені мен Пестрое, Соленое, Лебяжье, Үлкен Тораңғұл, Шалқар мен Имантау көлдері. Облыс аумағындағы 13 көл мен Есіл өзенінде орналасқан 60 жағажайда ғана шомылуға рұқсат етіледі. Өз амандықтары үшін тұрғындар осы жерлерде ғана демалулары керек. Өкінішке қарай бұны ескеретіндер аз. Былтыр қауіпсіздік ережесін сақтамаған 5 адам суға кетсе, соның біреуі – жеткіншек. Биылдың өзінде үш адамның ажалы судан болды.
Статистикаға назар аударсақ, соңғы он жылда демалыс кезінде орындарында 216 адам суға батса, соның 34-і – бала.
Департамент жергілікті полиция қызметімен, Ұлттық ұланның әскери қызметшілерімен, көліктік бақылау инспекциясымен, волонтерлік ұйымдармен бірлесіп рейдтік іс-шаралар өткізеді. Үстіміздегі жылдың басынан бері балықшылар арасында 4500-ден астам профилактикалық рейд жүргізілді, 100 мыңнан астам жадынама мен брошюра таратылды, “судағы қауіпсіздік” тақырыбы бойынша 428 акция және 25 мыңнан астам адамды қамтыған 913 жиын өткізілді. БАҚ арқылы да су жағасында демалудың ережелері мен тәртіптері түсіндірілді.
“Сақтансаң – сақтармын” дегендей, әр адам өзінің және жақынының өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіздік ережелерін естен шығармағаны абзал.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.