«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОЗЫҚ әдістемелік жүйе

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Білім беру саласында жоғары сапаны қамтамасыз ету аса маңызды. Мұғалімдермен жұмыс істеу тәжірибесі және қалыптасқан тағылымды дәстүрлерге тиімді әдістемелік қолдау көрсету өз жемісін беруде. Қызметтің стратегиялық бағыттары бойынша қойылған міндеттерді орындаудағы іс-шаралардың жан-жақтылығы диагностикалық-болжамдық және ұйымдастырушылық-әдістемелік бірлестік әзірлеген мынандай жүйеде нақтыланған: “Әр бала – бір жұлдыз”, “Білім сараптамасы”, “Бірлестік”, “Шеберлер зертханасы”, “Серіктестер”, “Кәсіпке қадам”, “Тірек” және басқа да өңірлік жобалар арқылы қолдау тауып, қадағаланады. “Мектепке дейінгі және орта білім беруді қолдау”, “Тәрбие жұмысы, психологиялық қызмет және инклюзивті білім беру”, “Техникалық және кәсіптік білім беруді қолдау”, “Дарынды балаларды анықтау және қолдау”, “Талдау және үздіксіз білім беру” бөлімдері осы бағыттармен үндесіп, алынған мәліметтерге жүйелі түрде сараптама жасалып, жыл соңына дейін әдістемелік қызметтің даму стратегиясын толықтыруға мүмкіндіктер береді.

Мектепке дейінгі және мектепалды тәрбиені қолдау мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту моделіне сәйкес жүзеге асырылады. “Әр бала – бір жұлдыз” орталығының бірегей жобасы әртүрлі жұмыс әдістері мен нысандарын кеңінен пайдалану арқылы жұмыстың тиімділігін қамтамасыз ету және мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру міндеттерін жүзеге асыруға, мұғалімдердің құзыреттілігін арттыруға бағытталған. “Бірлестік” ұйымдастыру-педагогикалық жобасы аясында 20 пән мұғалімі, кітапханашылар және білім беру ұйымдарының жетекшілері бірлестігінің жұмысы бір арнада үйлестіріледі. Қауымдастықтар қызметінің нәтижелерін бақылау өзара іс-қимылдың, кәсіби қиындықтарды шешудің тиімді құралына айналғанын көрсетті. Бірлестіктердің жұмысын озық технологиялар негізінде жүргізу педагогтардың кәсіби білімін арттыруға жағдай жасаумен шектелмей, оқу жылы барысында 39 тақырыптық семинар ұйымдастырылды. Оның ішінде орталық әдіскерлері “Өрлеу” БАҰО” АҚ, “НЗМ” АҚ және Педагогикалық шеберлік орталығымен бірлесіп, “Lesson study” технологиясын қолдану бойынша оқыту конференциялары, көшпелі диалог алаңдары өткізілді. 1500-ден астам ұстаз тыңдаушы атанды, 60-қа жуық баяндамашы педагогикалық тәжірибелерімен бөлісті.

Жас ұстаздарды қолдау мақсатында құрылған “Жаңа қадам” қауымдастығы өзінің жаңашыл қадамдарымен ерекшеленіп отыр. Былтыр қыркүйек айында “Жаңа Қазақстан: жас педагогтардың рөлі” атты бірінші халықаралық форум аясында 300-ден астам мұғалім бас қосты. “Жас маман – жаңа қадам” атты жас ұстаздар слеттерінің де берер тағылымдары аз емес. Қауымдастықтар мен жас мұғалімдер жұмысының тиімділігі түрлі деңгейдегі семинарлардағы, конференциялардағы, конкурстардағы, пәндік олимпиадалардағы, ғылыми байқаулардағы және басқа да шығармашылық жобалардағы табысты нәтижелермен дәйектеліп отырады. Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясымен ынтымақтастық та өз жемісін беріп келеді.

Білім беру ұйымдарында мемлекеттік аттестаттау деңгейінің айтарлықтай төмен болуы әдістемелік орталық жұмысын жаңаша құруға итермелеп, 2022-2023 оқу жылы “Тірек” жобасы қолға алына бастады. Оның алдына білім беру ұйымдарының жағдайын талдау және зерделеу, қызметтегі проблемалық бағыттарды анықтау талабы қойылып, білім беру ұйымдарында “әдістемелік десант” жұмысын ұйымдастыру, аттестатталған мектептерге, мемлекеттік аттестацияға дайындық кезеңінде әдістемелік көмек көрсету міндеттері жүктелді. Әдіскерлер қателіктерді, қажетті ескертулерді көрсете отырып, талдамалық есептер жасайды, әдістемелік ұсыныстар береді. Нәтижесінде білім беру ұйымдарының аттестаттау деңгейі 33 пайызға дейін көтерілді.

Өңірдегі 352 шағын жинақты мектеп пен 28 ресурстық орталыққа қолдау көрсету – басым бағыттардың бірі. Бұл шараға негізгі және магниттік мектептер де тартылған. Ауыл мектептерінің білім сапасына үлкен көңіл бөлініп, Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА пилоттық жобасына енгізілді. Цифрлық технологияларды пайдалану, шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту (352 мектеп) – басты назарда. Жобаның бірінші кезеңіне Жамбыл ауданы қатысып, екі тірек және 6 магниттік мектеп анықталды. 2023-2024 оқу жылында 40 мектеп “Microsoft Kazahstan” компаниясымен бірлесіп, шағын жинақты мектеп мұғалімдері мен оқушыларын қолдау жобасында өз бақтарын сынайтын болады. Назарбаев зияткерлік мектептерімен бірігіп, 107 оқытушы мен маман “Microsoft Tims” платформасында жұмыс істеу бағдарламасына оқытылды. Бағдарламаларға енгізілген мектептердің компьютерлік технологиясына, интернет жылдамдығына, материалдық-техникалық базасы мен педагогикалық ұжымның сапалық құрамына жан-жақты талдау жасалды.

Бүгінгі ұстаз тек білім дәнін егуші ғана емес, сонымен қатар баланың тұлғалық дамуын, функционалдық сауаттылығын арттыруды қалыптастыратын тұлға болғандықтан, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен бірлесіп, “Кәсіпке қадам” жобасының тұсауы кесілді. Педагогикалық және әдістемелік әлеуеті күшті мектептер топтастырылып, 17 мектеп пен 8 мектепке дейінгі ұйым базасында психология мамандығына арналған дәрістерді 1652 студент тыңдады. “Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінен” оқыту семинарларына дейінгі ауқым кеңейіп, кәсіптік бағдар беру жолдары түсіндірілді. “Тәрбие жұмысы, психологиялық қызмет және инклюзивті білім беру” бағыты бойынша балалардың дамуына және олардың қоғамға одан әрі бейімделуіне ықпал ететін тәрбие қызметінің 8 құрамдас бөлігі таңдап алынған. 2020 жылдан бері республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығымен бірлесіп, пікірсайыс қозғалысын дамыту жұмыстары барынша күшейтілді. Қоғамда ата-ана мәдениетін қалыптастыру, белсенділігін арттыру, отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында “Сенімен болашақ” қоғамдық бірлестігі құрылған. Оның бастамашылдығымен “Ата-ана – ұлттың ұясы” облыстық форумына 400-ден астам ата-аналар мен мүдделі тараптар қатысты.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оңтайлы дамытуға арналған “Қолдау” жобасының рөлі айрықша дер едік. Өңірде мүмкіндігі шектеулі балалардың саны – 4397. Облыстың 26 арнаулы білім беру ұйымында балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіледі. “Жүректен жүрекке” психологиялық қызмет қауымдастығының жүргізіп жатқан іс-шаралары көңіл сүйсінтеді. Кәмелетке толмағандар арасында психологиялық денсаулықты түзеуде, аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алуда кешенді шаралар жүргізіледі. Екі жылдан бері медициналық зерттеулер қызметі ұйымдастырылып, “Балалар мен жасөспірімдерге арналған психологиялық көмек телефоны” кең қолдау тапты. Оның құрамында 4 білікті психолог бар.

“Оқуға құштар мектеп” жобасы шеңберінде “Жаңа ұрпақтың үздік мектеп кітапханасы” облыстық байқауы өткізіліп, “Кітапхана – білім беру ұйымдарының ақпараттық білім беру кеңістігінің ресурсы” атты бюджеттік курстар ұйымдастырылды. “Бірлік” кітапханашылар қауымдастығына 450-ден астам кітапханашы мүше. “Күнделік” автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде жұмыстарды әдістемелік қамтамасыз ету, толыққандылығы мен сапасы, құжаттаманы ресімдеуге және жүргізуге қойылатын бірыңғай талаптар қатаң сақталады. Тұрақты мониторинг және ведомстволық бағынысты ұйымдармен жұмыс қорытындысы рейтингінде 3-ші орынды иелендік. “Талдау және үздіксіз білім беру” бөлімі жұмысының негізгі мақсаты халықаралық, республикалық, аймақтық зерттеулерді және мониторингті жүргізуді қамтитын әдістемелік орталық қызметін ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету болып табылады. Білім сапасын арттыруға көмектесу құралдарының бірі ретінде “Оқушылардың білімі мен дағдыларын анықтау” (3,7-сыныптар) білім сапасының аймақтық мониторингі енгізіліп, 55 мектеп қамтылды. Қатысушылардың жалпы саны 1595-ке жетті. Зерттеу нәтижелері бойынша пайдалы ұсыныстар әзірленді. Тиімді тәжірибені белсендірек тарату, насихаттау мақсатында инновациялық мектептер мен әдістемелік кабинеттердің рейтингтері әзірленеді, оның нәтижелері жыл сайын қорытындыланады.

2022-2023 оқу жылында “Білім беру ортасын дамыту жағдайында білім беру ортасын қолдау” бағдарламалары бойынша 200 мұғалімнің қатысуымен біліктілікті арттыру курстары өткізілді. “Жаңа білім беру парадигмалары жағдайындағы басқару қызметі және басқару” курсы да өзіндік бағытымен ерекшеленеді. Мұғалімдерді аттестаттау жөніндегі сараптамалық кеңестің жұмысы 7 бағыт бойынша айқындалған. Аттестаттау ережелері мен шарттарына сәйкес сертификатталған мұғалімдердің әрбір санаты үшін парақшалар мен бағалау парақтары ұсынылады. Ал білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастық шеңберіндегі қызмет өзара іс-қимылдың жаңа форматына негізделген. “Серіктестер” білім беру жобасы (Қазақстан, Ресей, Беларусь) тиімді педагогикалық тәжірибе алмасуға игі әсерін тигізді. Көрші елдермен бірлескен іс-қимыл және шекаралық ынтымақтастық бағдарламасы шегінде біліктілікті арттыру курстары, тағылымдама алаңдары, жұмыс сапарлары сияқты көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Соңғы үш жылда халықаралық олимпиадаларға жоғарыда аталған мемлекеттерден 7 мыңнан астам мұғалім қатысты. Халықаралық пән мұғалімдерінің форумдары да дәстүрге енген. Оған “Шекарасыз педагогикалық кеңістік”, “Кәсіби ынтымақтастықтың ғылыми зертханасы”, “Ұлылардың мұрасы және заманауи білім”, “Тарихи-мәдени мұра – адамзаттың баға жетпес және таптырмас мұрасы” семинарлары дәлел. Бастауыш сынып мұғалімдерінің форумын өткізу келесі оқу жылына жоспарланған.

Республикалық мониторинг нәтижелері бойынша биыл біздің орталық еліміздегі жетекші ұйымдардың бірі болып танылды. Алдағы уақытта да барлық күш-жігеріміз өңірдегі білім сапасын көтеруге жұмылдырылатын болады.

Роза СӘРКЕН,

білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp