«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қоғамдық медиатордың көмегі көп

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыста жұмыс істейтін 186 ауылдық округ алдында мүлтіксіз жүзеге асырылуы тиіс күрделі әлеуметтік-экономикалық міндеттер тұр. Бұл орайда, округ аумағында орналасқан бизнес субъектілерінің, зиялы қауым өкілдерінің, әлеуметтік сала қызметкерлерінің, ардагерлер және жастар қозғалысы белсенділерінің жергілікті билік өкілдеріне көмегі де, ықпалы да зор. Бұдан бөлек, салауатты өмір салтын қалыптастырып, жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуде этномәдени орталық өкілдері мен медиаторлар маңызды рөл атқарады.

Бүгінгі таңда өңір бойынша түрлі этнос өкілдерін біріктіретін 180-нен астам этномәдени орталық бар. Ондағы 21 медиатордың 11-і кәсіби, 10-ы – қоғамдық мамандар. Шал ақын ауданындағы қоғамдық медиатор Виктор Фастың ауылдық жерлердегі медиацияны дамытуға байланысты айтар ұсыныстары аз емес.

“Қоғамдық медиатор ретіндегі азды-көпті тәжірибеме сүйенсем, елді мекендерге медиаторлар қажет деп сенімді түрде айта аламын. Мен оларды “бітімгерші” деп атаймын. Олар көптеген мәселелерді шеше алады. Мұндай мүмкіндік екі тарапқа да қолайлы. Біріншіден, уақыт үнемдейді. Екіншіден, медиаторлардың қажырлы жұмысының нәтижесінде жасалатын медиативтік келісім аясында екі жақты да қанағаттандыратын шешімдер қабылданады. Сотта бір жақтың жеңіп, екінші жақтың жеңіліс табатыны айқын. Өкінішке қарай, адамдар медиация, оның тиімді тұстары жайлы біле бермейді. Сондықтан құзыреттілік ауқымын ескере отырып, білім ошақтарына мектеп медиациясының енгізілуін құптаймын. Мектеп партасынан бастап медиация туралы түсінік кеңейтілсе, мәселелерді жедел шешуге және даулы жағдайлардан шығуға игі әсерін тигізері сөзсіз”, – дейді Виктор Григорьевич өз ойымен бөлісіп.

Мағжан Жұмабаев ауданында медиатор болып қызмет атқаратын Мария Иваненконың пікірінше, қоғамдық медиаторлар учаскелік полицейлердің де жұмысын едәуір жеңілдетеді. 2011 жылы “Медиация туралы” заң қабылданған сәттен бастап медиативтік қозғалыстың бел ортасында жүрген Мария Адамовна медиация өз мәнін жоғалтқан жоқ, керісінше маңызы артып келеді деп есептейді. Медиацияның дамуына және әлеуметтік-экономикалық жедел шешімдерге ішкі істер органдарымен сауатты құрылған өзара іс-қимылдың пәрмені айрықша. Жасыратыны жоқ, ауыл тұрғындары үйреншікті әдеттерімен құқықтық тәртіп органдарына жүгініп жатады. Соның салдарынан берілген өтінішті тіркеуге және содан кейін қолданыстағы заңнамада көзделген қажетті іс жүргізу әрекеттерін жүзеге асыруға біраз уақыт жоғалтады.

“Біз ішкі істер органдары өкілдерімен бірлесіп, бірқатар мәселелерді қоғамдық медиаторлардың көмегімен шешуді дәстүрге айналдырып келеміз. Осылайша құқық қорғау органдарының жүктемесі азайып, заңсыз әрекеттерге тосқауыл қойылады”, – дейді Мария Иваненко.

Соңғы кездері облыс деңгейінде медиацияға көп көңіл бөліне бастады. Былтыр Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы медиаторлар және мүдделі тұлғалар үшін этно-саяси менеджмент негіздері шеңберінде өткізген іс-шараға 52 адам қатысып, проблемалық мәселелер кеңінен талқыланды. “Қоғамдық құрылымдардың қызметін жандандыру” тақырыбында ұйымдастырылған семинарда белгілі заңгер, кәсіби медиатор Инесса Қуанова баяндама жасап, жұртшылық жете біле бермейтін сала жайында жан-жақты түсінік берді.

Уақыт бір орында тұрмайды. Осы себепті саяси ахуалдың көз ілеспес жылдамдықпен өзгергенін ескермей болмайды. Күзге салым этномедиация бойынша аймақтық семинар өткізу жоспарланған. Тренингке белсенді, өмірлік тәжірибесі мол қоғамдық медиаторлар тартылатын болады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының медиация жөніндегі республикалық кеңесінің шешіміне сәйкес ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру мақсатында жергілікті топтың құрамына қоғамдық құрылымдардың, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының, білім беру мекемелерінің белсенді өкілдерін қосу жоспарланған.

Этномәдени орталықтар мен ауылдағы медиаторлардың белсенді қызметін округ әкімдіктерінің қолдауына қарағанда, дау-жанжалдарды екі тараптық мәміле арқылы бейбіт түрде шешудің маңызын түсінген сыңайлы. Үндінің қоғам қайраткері Махатма Ганди былай деген екен: “Егер сіз әлемнің өзгеруін қаласаңыз, өзіңіз де осындай өзгеріске айналасыз”. Медиаторлар мен этномәдени орталықтардың бір-бірімен қоян-қолтық байланысы оң өзгерістерге ұласары даусыз.

Болат БАЗАРБАЕВ,

Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы журналистер клубының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp