«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Адал еңбек – ардың ісі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәуелсіз Қазақстанда рухы азат, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ өсіп келе жатқаны бізді, аға ұрпақты, қатты қуантады. Ондай жастар ауданымызда да аз емес. Оларға отаншыл, жасампаз, батыл, ізденімпаз, білімге құштарлық тән. Қай-қайсысы болсын еліміздің болашағы жарқын боларына үлкен сеніммен қарап, өз тағдырларын туған жерімен, атамекенімен байланыстырады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде жастарымыз көп сөзге құмар, жағымпаз, жалқау, енжар, масыл болмауы үшін аға буын өкілдері еңбекқорлық, іскерлік сияқты құндылықтарды өздері үлгі көрсету арқылы дәріптеп, осылайша теріс әрекеттерден арылту міндетін қойды. Жасыратыны жоқ, арамызда жасаған титтей жақсылығына мақтау-мадақ естігісі келіп, марапат, сый-сияпат дәмететін адамдар кездеспей қалмайды. Қанымызға сіңген осындай жаман әдеттерге тосқауыл қоюдың бірден-бір жолы – жастардың бойларына отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттерді ұялата білу. Отан мен отбасы бір-бірінен бөліп-жаруға келмейтін егіз ұғымдар болса, бұлардың өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі айрықша. Асыл азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылсын десек, ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласы арқылы қалыптасатыны ешқандай күмән тудырмайды. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге де келеді.

Бабаларымыз “қариясы бар үйдің қазынасы бар” деп текке айтпаған. Халқымыз ежелден үлкендерге құрмет көрсеткен, “қарттарым – асыл қазынам” деп қадірлеген, ардақтап, сыйлаған. Аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Мәдениет үйінде өткен “Мен еңбегіммен мақтанамын” атты іс-шара Ұлттық құрылтайдағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөздерінен туындайтын сегіз қағидатпен байланыстырылып, өмірлік тәжірибесі мол, көрген-түйгені көп, еліне абыройлы, адал қызмет еткен данагөй абыздар, көп балалы отбасылар төрге шығарылып, ұлықталды. “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” демекші, адал еңбектерімен, маңдай терлерімен ел ырысын еселеген абзал жандарды үлгі ету – бұрыннан қалыптасқан дәстүріміз. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Сондықтан жастарды жаhанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтандыруға бәріміз де міндеттіміз.

Отбасындағы зорлық-зомбылық қоғамдағы тағы бір келеңсіз және өзекті мәселе болып тұр. Кей ата-аналардың бала тәрбиесімен айналыспайтынын, барлық жауапкершілікті мектеп пен мұғалімдерге жүктей салатынын байқап та жүрміз. Отбасылық, ошақ қасылық бақылаудан кеткен жеткіншектің барар жері, басар тауы – көше, кезбелер ортасы болғандықтан, жағымсыз әрекеттерге бейім тұратыны, ауырдың үсті, жеңілдің асты әдетіне салынатыны, масылдыққа бой алдыратыны белгілі. Осы себепті жиында отаншылдық – шынайы патриоттық сезім екені, еңбектің жақсы-жаманы болайтыны, кез келген кәсіппен шындап айналысса, нәсібін табатыны басты мақсат етіліп, жасампаз еңбек адамының мәртебесі барынша көтермеленді. Ортаға алдымен тоқсаннан асқан Зейнолла Олжабайұлы шақырылып, өзіне жүктелген міндетті орындау жолында барын салып, еңбек еткен нағыз еңбек торысы, жампоз білікті маман екені паш етілді. Олжекең соғыс жылдарында буыны қатпай ұжымшар жұмысына араласқан. Мектептен кейін Мәскеу ветеринарлық академиясына түсіп, ғалым-зоотехник мамандығын алып шыққан. Барлық еңбек жолы Мағжан Жұмабаев ауданымен ғана байланысты, зоотехник, бас зоотехник, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. Зейнеткерлікке шықса да, қоғамдық істерге белсене араласты. Аты аңызға айналған бабасы Батыр Баянның өмірбаянын індете зерттеп, екі жинақ шығарды. Ол хакім Абай аманат еткен бес асыл парыздың бірі – адал еңбек етуді өмірлік мұрат тұтқан. Барша игіліктің негізі, бастаушысы – еңбек деп санаған адам.

Абай өсиетімен рухтанып өскендердің бірі – отбасының ғана емес, әулеттің де ұйытқысы, ағайын-абысындардың бірлігін, татулығын сақтай білген көпбалалы ана, жастардың, келіндердің тәрбиешісі әрі ақылгөйі Рақыш Қыдырмина жайлы ерекше тебіреніспен айтқым келеді. Ол 1936 жылы Омбы облысы, Есілкөл ауданы, Шарбақты ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын егіншілік бригадирлігінен бастаған. Жалпы жұмыс өтілі ширек ғасырға жуық. 11 нәрестені дүниеге әкелген. Бұдан бөлек, күйеуінің туыстарының үш баласын бауырына басқан. Бүгінде 25 немере, 7 шөберенің қызығын көріп отыр.

Өз ісінің шебері, жергілікті тарихи-өлкетану саласына зор еңбек сіңірген Неля Гончар тың игеру кезінде әке-шешесімен Молодогвардейское елді мекеніне табан тіреп, темір жол салу құрылысына қатысқан. Ауыл шаруашылығы өндірісінің бухгалтері, мектепте оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі, саяси ағарту кабинетінің, үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі, аудандық газеттің редакторы болды. Жаңа нарықтық қатынастар жағдайында ол алғашқылардың қатарында басылымның форматын өзгерткен.

“Алтын алқа” иегері Шадман Зәкірова Түрікменстанда туып, 1970 жылы Құдай қосқан қосағы Өтемұратпен отбасын құрған. Шаттығы шалқыған шаңырақта 13 немере мен 3 шөберенің күміс күлкісі сыңғырлайды. Еңбек ардагері Қайыркелді Сейітқалиев 1981 жылы социалистік жарыста облыстың комсомол жастары бригадалары арасында көш бастап, “Москвич” автокөлігін сыйға алған. “Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі” терапевт-дәрігер Көгершін Қанышева да – адал еңбектің адамы, қандай құрметке де лайық.

Ардагерлер кеңесі мамандығына сай жұмысқа орналаса алмай жүрген жастар жайына зор көңіл бөліп отырғанын айта кеткен жөн. Аудан әкімдігі тарапынан қолға алынып жатқан қанатқақты жобаларға қолдау көрсетеміз. Он екі мүшесі сау азаматтар толыққанды жұмыс істеудің орнына әйелінің жалақысына, болмаса әке-шешесінің зейнетақысына қарап отырса, ең қынжынарлық жағдай осы! Ондай жандарды мемлекет асырайды деген пиғылдан арылтып, ерекше қабілет-қарымымен, қажырлы еңбегімен өзгелердің өмірінде терең із қалдырған ардақтылырымыз туралы жүйелі түрде әңгімелеудің еш әбестігі жоқ. Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүниетанымы және өмір ұстанымдары өзгеруге тиіс. Бір сөзбен айтсақ, пиғыл өзгермесе, ештеңе де өнбейді.

Оралбай САҒЫНДЫҚОВ,

облыстың құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Мағжан Жұмабаев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp