Тайынша ауданындағы Красная Поляна елді мекенінің маңындағы 100 гектар жерге картоп егілген. Құрғақшылықта өнім бермейтін көкөністі күн ыстықта суармаса шаруаның шығынға батары анық. Алайда бұл ауылдың маңында алқапты суаратын өзен де, көл де жоқ. Сондықтан да жергілікті серіктестік жаңа әдіс – алқапты тамшылатып суару технологиясына көшкен. Шаруашылық тамшылатып суаруды екінші жыл қатарынан қолданып отыр. Былтыр дәл осы әдіспен 1000 тонна өнім алған екен.
– Картоп өсірумен айналысқанымызға 5-6 жыл болды. Жақын маңда өзен-көл болмағандықтан, картопты суарудың машақаты көп. Сондықтан тамшылатып суару әдісі біз үшін өте тиімді. Себебі бұрын бір гектар жерге 250-300 текше метр су кететін, ал қазір осы әдіс арқылы 200 текше метр суды үнемдейміз. Қазаншұңқырдағы су құбыр арқылы арнайы техникаға беріледі, сорғы сағатына 200 текше метр су жібере алады. Жалпы 12 сағат ішінде 20,5 гектар жерді суарады. Оған 700 текше метр су кетеді, – дейді “Таң” шаруа қожа-лығының директоры Юрий Красно-головый.
“Таң” шаруа қожалығы кар-топтан бөлек, жүгері де өсіреді. Бұл дақыл 50 гектар жерді алып жатыр. Шаруашылық алқапты суару үшін ұзындығы 50 метрлік “Осмос” техникасын пайдаланады.
“Астық-STEM” серіктестігінің Виноградавка ауылындағы картоп алқабы да ылғалдан тапшылық көріп отырған жоқ. Ұзындығы 800 метрлік құрылғы 240 гектар жерді суарады.
– Бұл құрылғы 1000 текше метрден астам алқапқа су шашады. Биыл 240 гектар жерге картоп ектік. Күзге қарай гала, вега сорттарының өнімін жинаймыз. Бұдан бөлек Қарағаш ауылында да картоп алқабы бар. Онда да тамшылатып суару әдісін пайдаланамыз, – дейді серіктестіктің бригадирі Жалмырза Уәлиев.
Аталған серіктестік Қараағаш ауылында 240 гектар жерде картоп және 33 гектар алқапта сәбіз өсіреді. Өткен жылы 340 гектардан 13000 тонна өнім алған. Ал биыл егістік көлемі 100 гектарға ұлғайтылғандықтан өнім көлемі де арта түспек.
Байболат ҚҰЛТАНОВ.