«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БИЗНЕС ДАМЫМАЙ, ДӘУЛЕТ АРТПАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Райымбек Баталов жұмыс сапарымен өңірімізге ат басын тіреді. Елдің теріскейіне сапарлаудағы басты мақсат – палата қызметін түрлендіру туралы айту, өңір кәсіпкерлерінің жеткен жетістіктерімен таныса отырып, шешімін таппай жүрген өзекті мәселелерін тыңдап, қолдау көрсету үшін үкіметке жеткізу. Сапар аясында бизнес нысандарына барып, өңір басшысы Айдарбек Сапаровпен және облыстық кәсіпкерлер палатасындағы бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесті.

Төраға өңірдің бизнес нысандарымен жақынырақ танысу үшін Қызылжар ауданындағы “Қызылжар сүт” пен Аққайың ауданындағы “Северный бройлер” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне барып, кәсіпорындардың дамуымен танысты. Екі шаруашылық та “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан қаржылай қолдау көрген. Райымбек Баталов корпорация арқылы қаржыландыру тетігінің тиімді жұмыс істеп жатқанына көз жеткізді.

“Қызылжар сүт” тауарлы-сүт фермасы 2020 жылдың соңында іске қосылған. Жобаның құны шамамен 4 млрд. теңгені құрайды. Қаражаттың бір бөлігі – “Солтүстік” ӘКК мен Аграрлық-кредиттік корпорация арқылы алынған қарыздар. Ферманың өндіріс алаңы автоматтандырылған, заманауи сауу жабдықтары орнатылған. Шаруашылықтағы мыңнан астам ірі қараның 630-ы – сауын сиыр. Әрқайсысы күніне 29-30 литр сүт береді. Шикізатты жергілікті үш сүт өңдеу зауытына келісімшарт негізінде өткізеді.  Өнімнің майлылығы 4 пайызды құрайды. Фермада 60 адам жұмыс істесе, 90 пайызы іргедегі Чапаево ауылының тұрғындары. Орташа жалақы – 220 мың теңге.

“Северный бройлер” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де – жаңашыл бағытта дамып келе жатқан құс фабрикасы. Әзірге өнімділік – 500 тонна, бірер жылда оны 10 мың тоннаға дейін өсіру жоспарланған. Бүгінгі күні істеп тұрған алты құс қорасына қосымша тағы алтауы салынып жатыр. Құрамажем зауытын іске қосу да жоспарда бар. Жобаның жалпы құны – 11,2 млрд. теңге. 50 пайыздан астам қаржыны “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы алған.

– Бұл ақшаға біз құс қораларын, инкубатор ғимаратын, зертханалар, дизбарьер салып жатырмыз. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан қарыз алу – біз үшін үлкен көмек. Негізгі жабдықтар осы қаражатқа сатып алынды, – деп түсіндірді кәсіпорын директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Талғат Мақтаев.

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациямен әріптестіктің өзіндік схемасы бар. Кәсіпорын тұрақтандыру қорына арзандатылған бағамен құс етіп сату арқылы, қарызын өтейді. Қазірдің өзінде 60 тонна құс етін сатқан. Фабрикада бүгінде 170 адам жұмыс істейді. Өндіріс аумағы ұлғайған сайын, жұмысшыларға қажеттілік артқан. Кәсіпорындағы орташа еңбекақы 220-250 мың теңгені құрайды.

– Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қаржыландыру моделі өзінің тиімділігін көрсетті. Бизнесті дамытуға мүмкіндік беретін механизм.  Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауы арқылы инвестиция тарту тәжірибесі қызықты. Бұл тәжірибе басқа өңірлерде де жүзеге асырылатын болады. Біз оң және теріс жақтарын тағы бір рет қарап, бизнестің қандай қиындықтарға тап болатынын анықтаймыз. Үкіметке нақты, түсінікті, тиімді ұсыныстар айтамыз, – деді Райымбек Баталов.

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қарыздар беру жөніндегі қанатқақты жоба биылдан бастап елдің басқа өңірлеріне де таратылады. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 11 облыс үшін 100 млрд. теңге бөлінді. Оның 17 млрд. теңгесі біздің өңірге тиесілі. Агроөнеркәсіптік кешендегі ірі жобаларды қаржыландыру бойынша облысқа республикалық бюджеттен 35 млрд. теңге бөлінді, оған 35 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде қуаттылығы жылына 66 мың тоннадан асатын 21 тауарлы-сүт фермасы бар. 43 млрд. теңгенің инвестициясы тартылып, 1050 тұрақты жұмыс орны ашылды. Биыл облыс аумағында 17 тауарлы-сүт фермасының құрылысы басталды. Олардың тоғызы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

“Атамекен” басшысы С.М.Киров атындағы және Петропавл ауыр машина жасау зауыттарында да болды. Даму бағдарламасымен танысып, машина жасау саласында орын алып отырған түйінді мәселелерге назар аударды. Белгілі болғандай, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Қорғаныс министрліктерімен шарт жасаған кезде тапсырыс шеңберіндегі тікелей және үстеме шығындар толық өтелмеуінен өндірісте қиындықтар туындайды екен.

– Өткен жылы қалыптасқан ережелерге байланысты бізге 800 млн. шығын өтелмеді. Сатып алуды Қаржы министрлігі жүргізеді.  Министрлікке ережені өзгерту туралы ұсыныс айттық. Бірақ қолдау жоқ, – дейді С.М.Киров атындағы зауыттың бас директорының орынбасары Айнагүл Рахметова.

Кәсіпорындар үшін тиімсіз ереже жалпы зауыттың жұмысына кері да әсер етіп отыр. Компаниялардың тауардың бағасына байланысты бәсекеге қабілеттілігі төмендеуде.  Өйткені жоғарыда айтылған шарттардың жабылмаған шығындарын өздері өтегеннен кейін тауар құны артқан.  Петропавл ауыр машина жасау зауытында да осы мәселе айтылды. Осы жайттың салдарынан кәсіпорын тапсырысты уақытында орындай алмауы да мүмкін. 

Аграрлық сала да назардан тыс қалмады. Облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі, “Ақселеу” ЖШС директоры Серік Малаев негізгі проблемаларды алға тартты. Жер заңнамасына өзгерістер енгізу керектігін айта отырып, жер пайлары бар агроқұрылымдарды құрылтайшылар серіктестігі құрамынан шығару қажеттігін айтты. Төраға бұл мәселеге Үкіметтің назарын аудару қажеттігін жеткізді. Осы саладағы тағы бір мәселе – мал шаруашылығы институтын облыс басқармасына беру жайы. Шаруалар ғылым өндірістен алшақ болмау керектігін айтады. Ауыл шаруашылығындағы кадр  тапшылығын шешу үшін институт базасында мал шаруашылығына қажетті мамандар даярлауды ұсынды. “Біз бұны Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігіне қанатқақты жоба ретінде ұсынамыз”, – деді Райымбек Баталов.

Кездесуде шекара маңындағы сауда, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін, шағын және орта бизнес, қайта өңдеушілерді қолдау мәселелері талқыланды. Сарапшылардың пікірінше, шекара маңындағы сауда, атап айтқанда импорт отандық өндірушілерге кері әсерін тигізуде. Нарықтағы тауардың ассортименті артқан,  ресейлік тауарлар қазақстандық өнімдердің жолын кесуде. Бұл үрдіс ішкі өндіріс көлемін азайтуы мүмкін.

– Импорттық өнім отандық өндірушілерді ығыстармауы керек. Отандық тауар өндірушілер мен жеткізушілерге сауда алаңының кемінде 70 пайызы тиесілі болуын қамтамасыз еткен жөн, – деді Райымбек Баталов.

Осы күні облыс әкімі Айдарбек Сапаров Райымбек Баталовпен кездесті. Палата басшысы өнеркәсіпке инвестиция тартуға ерекше назар аударылғанын атап өтіп, интерактивті және инвестициялық жобалар тізілімін таныстырды.

– Бүгінде “Атамекен” инвестициялық жобаларды іске асыру мониторингі жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде. Үкіметпен бірлесіп біз интерактивті инвестициялық картаны, инвесторлардың цифрлық тізілімін және әрбір өңір үшін инвестициялық жобаларды қамтитын портал әзірлейміз. Портал нақты уақыт режімінде жобалардың іске асырылуын бақылауға мүмкіндік береді. Онда барлық қатысушылардың жауапкершілігі, оның ішінде белгіленген жоспарлардан ауытқу себептері жазылады. Қазір картаның үлгісі әзірленіп, Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті ұсынған инвестициялық жобалар жүктелді. Ірі және орта кәсіпкерлік субъектілері арасында инвестициялық жобалар жөнінде сауалнама жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша қосымша 276 жоба анықталды, – деді ол.

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров мұндай карта кәсіпкерлерге ғана емес, мемлекеттік органдарға да пайдалы екендігін, бұл қағазбастылықты азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. “Атамекен” басшысы айтқан  өзекті мәселелерден өзі де құлағдар екендігін айтқан облыс әкімі екі жақ бірлесіп кіріскен кезде шешімі табылатынын айтты.

Райымбек Баталов жұмыс сапарының соңында палатаның салалық кеңестерінің мүшелерімен кездесіп, экономиканың түрлі салаларындағы проблемаларды талқылады. Бизнестің барлық мәселелері назарға алынып, салалық басқармалар мен өңірлік палата басшылығының бақылауында болатынын айтты.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp