«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СҮТ – ТАБЫС КӨЗІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Егін егіп, мал бағу – ата кәсіп. Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының негізі және халықтың әл-ауқатын жақсартатын ең маңызды сала. Әсіресе шөбі шүйгін өңірде мал өсіргеннің табысы мол. “Сиырдың сүті тілінде” демекші, сүт өндіру – біздің өңірге қолайлы сала.  Содан да болар соңғы жылдары облыста тауарлы-сүт фермаларының саны артты.

Республикадағы әр үшінші тауарлы-сүт фермасы Қызылжар өңірінде салынғанын ескерсек,  елімізде өндірілетін ақтың 10 пайызы бізге тиесілі екеніне таңданудың қажеті жоқ. Былтыр 647,8 мың тонна өнім алынды. Бүгінгі таңда бұл іспен 100-ден астам агроқұрылым айналысады, оның ішінде 36 заманауи сүт кешені жұмыс істейді. Соңғы 5 жылда 30 сүт фермасы іске қосылды. Ал былтыр 8 сүт кешені пайдалануға берілсе, биыл 9 нысан бой көтермек. Әлеуетіміз бұдан да жоғары. Аймақты дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес алдағы уақытта 52 тауарлы-сүт фермасын ашу белгіленген. Осы ретте өңірге жалпы саны 30 мыңға жуық асылтұқымды мал жеткізілмек. Мұның барлығы ауылдың әлеуетін көтеріп,  тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған нық қадамдар. 

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда сегіз тауарлы-сүт фермасын салу жоспарланған. Өткен жылы өңірдегі ең ірі тауарлы-сүт фермасы осы ауданда іске қосылды. Березовка елді мекенінде орналасқан кешен 1800 басқа шақталған. Кәсіпорын жылына 9 мың тонна сүт өндіре алады. Яғни бір тауарлы-сүт фермасы 30 мың адамды сүтпен қамтамасыз етеді деген сөз.  Инвестиция көлемі 4,5 млрд. теңге. Кешенге әкелінетін голштино-фриз тұқымды қара мал әкелінген.  Привольное ауылында да 640 басқа лайықталған екі сүт сауу цехы салынып, шетелдік жабдықтар орнатылды.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып отырған “Әділ” басқарушы компаниясы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Червонное ауылында тауарлы-сүт фермасын салды. Өткен жылдың соңында ашылған ферма  жоспарға сәйкес жұмыс істеп жатыр.

– Тауарлы-сүт фермасына 310 бас симменталь сиырын Германия мен Чехиядан әкелдік. 203 сиыр бұзаулады. Бұзаулар жетілген кезде ұрғашыларын алып қалып, бұқаларды серіктестіктің бордақылау алаңына жөнелтуді жоспарлап отырмыз. Күн сайын 3,5 тонна сүт өткіземіз. Жұмыс орындары ашылды. Жұмысшылардың орташа еңбекақысы – 170 мың теңге, – дейді  ферманың басқарушысы Серік Домашев.

Жұмысы қызған нысанның жанында тағы бір шағын ферманың құрылысы басталмақ. Бұл да 300 басқа арналған. Шағын тауарлы-сүт фермасына мал қараша айында әкелінеді.

 “Әділ” басқарушы компаниясы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  тек мал емес, егін шаруашылығымен де айналысады. Осындай ауқымды серіктестіктің ауылды жерлерде өндіріс орындарын ашып,  әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесіп жатқанына жергілікті тұрғындар риза. Қазіргі таңда Червонное ауылдық округінде үш елді мекен қарайды. Олар – Червонное, Пески және Ұзынкөл ауылдары.  Бұл елді мекендерде 1877 адам түтін түтетіп отыр. Червонное ауылдық округінің әкімі Асхат Кенжебековтің айтуынша, Ұзынкөл ауылында өкінішке қарай 5 үй ғана қалыпты. Іргесі сөгілген ауылдағы жалғыз оқушы алаңсыз білім алуы үшін аталған серіктестік мектепке тасымалдауды өз мойнына алған.

– Ауылдық округте төрт шаруа қожалығы бар. Олар ауылдың әлеуетін жақсартуға, күнделікті мәселелерді шешуге көмектеседі, демеушілік жасайды. Серіктестік басшылығы елді мекен алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін жақсы түсінеді, қолдан келер көмектерін аямайды. Жалпы серіктестік ауылдықтардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасап жатыр. Ауылда наубайхана, монша бар. Тауарлы-сүт фермасы ашылғанда бірнеше ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылды, – деген Асхат Кенжебеков ауылдың Мәдениет үйі жөнделгенін тілге тиек етті.  Алдағы уақытта жаттығу, би залдары ашылмақ. Мәдени нысанның үлкен залына күрделі жөндеу жасалып, 180 орындық орнатылды. 

Ауылды ауызсумен қамту мәселесі жүйелі түрде шешіліп жатыр.  Червонное және Пески ауылдары спутниктік елді мекендер болғандықтан, ондағы әлеуметтік мәселелерді шешу оңайырақ. Қос ауылда орта мектеп жұмыс істеп тұр,  ауылішілік жолдарды жөндеуге көп көңіл бөлінеді. Ауылдарды жарықтандыру үшін жобалық-сметалық құжат әзірленген. Тиісті қаржы бөлінсе, бұл жоспар жүзеге аспақ.

– Ауылға мамандар керек болса, аудан орталығынан шақыртамыз. Себебі Новоишимка ауылынан 10 шақырымдай жерде орналасқанбыз. Ауыл арасы жақын болғандықтан жұмыс іздеп қиналмайды.  Тұрғындар ауылдағы, аудан орталығындағы түрлі нысандарда жұмыс істеп жатыр, – деген Червонное ауылдық округінің әкімі Асхат Кенжебеков еңбек еткісі келетінге екі қолға бір күрек табылатынын нық сеніммен айтты. Оның үстіне “Әділ” басқарушы компаниясы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қамқорлығына алғалы бері  ауылдықтардың болашаққа деген сенімі артқан. Кәсіпкерлер дәл осылай ауылды табыс көзі ғана емес,  ел бесігі ретінде қараса, тұрғындарды толғандырып отырған көптеген мәселенің түйіні тарқатылар еді. Әр ауылда бір қамқоршы болса, халықтың әл-ауқаты жақсарып, көштің басы кері бұрылары анық.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp