Жыл сайын балалардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында оқушылар сарайында жазғы балалар академиясы жұмыс істейді. Бүгінде балалар академияның үшінші маусымына қадам басты. Бұл маусымның ерекшелігі – жас зерттеушілерді табиғаттың сырын танып, қоршаған ортамен жақынырақ танысуға баулиды.
“Бионик” атты жаңа маусым 7 мен 14 жас аралығындағы 100-ден аса баланы қамтып отыр. Әдетте бар күнін ғаламторда өткізетін қала балалары мұнда келіп қызықты ойындар ойнап, жаттығулар жасап, ғылым жолына алғашқы қадамдарын жасайды.
– Балалар сабақтарға барлық бағыттар бойынша қатыса алады. Дегенмен, әр маусым әртүрлі уақытты қамтиды. Бір бала барлық маусымға қатысса да өз еркі. Барлық салада өзін тексеріп көргеннен кейін жеткіншектердің бойында ғылымның бір саласына деген қызығушылық туады. Біз соны іліп әкетіп, дамытқымыз келеді, – дейді Оқушылар сарайының ғылыми-биологиялық реттеу бөлімінің меңгерушісі Лариса Воробьева.
Танымдық лагер тамыз айының ортасына дейін жалғасады. Соңында балалар және ата-аналардың қатысуымен іс-шара өткізілмек. Онда белсенді өрендер марапатқа ие болады.
Ақжүніс МҰҚАТАЙ.