Петропавлдағы мектептердің бірінің мұғалімі миссионерлік қызметті жүзеге асырғаны үшін айыппұл төлейтін болды. Әлеуметтік желіде Петропавлдағы Әбу Досмұхаметов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатында дәстүрлі емес дін насихатталып келгендігі жөнінде ақпарат тарады. Бұл жайында полицейлерге хабар түскен.
Белгілі болғандай, ағылшын тілінің мұғалімі жоғары сынып оқушылары арасынан бірнеше баланы іріктеп алып, оқу жылы бойы оларға дәріс оқыған. Заңсыз әрекеті әшкере болмауы үшін ол “дәрістерін” бейнекамера жоқ мұғалімдер және демалыс бөлмесінде өткізген. Кейін оқушылар да бұл фактіні растады.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 28 жастағы оқытушыдан діни мазмұндағы әдебиеттер мен дәрістер жазылған дәптер тәркіленді.
Аталған факті бойынша “Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” заңына сәйкес материал жиналды. Оған 50 айлық есептік көрсеткіш – 172 500 теңге мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.