«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОЛ САЛУ – ЖАУАПТЫ ІС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірде биыл 705 км жолды жөнге келтіру міндеті тұр. Оның 110 шақырымы – республикалық маңызы бар, қалғаны – жергілікті жолдар. Бұл мақсатқа 40 млрд. теңге бөлінген. Қыруар қаражат жұмсалып салынған жолдың сапасын “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының өңірлік филиалы бақылауда ұстайды. Еркен Әбілмәжінов – аталған орталықтың жылжымалы жол зертханасының инженер-операторы. Білікті маманды сөзге тартып,   жол жөндеудің  жай-жапсарын сұрап білдік.

– Еркен Мұратұлы, еңбек өтіліңізді қарапайым жолшыдан бастаған екенсіз, қазір сіздің міндетіңізге не кіреді?

– Біздің филиал облыс бойынша ұзындығы 2 мың км республикалық автожол желісін қамтиды. Бұдан басқа облыстық, аудандық жолдарда және қалалар мен кенттердің көшелерінде де жұмыс жүргізеді. Біздің кәсіпорын жол-құрылыс материалдарының және атқарылған жұмыстың сапасын бақылайды. Үлгілерді іріктеп алып, зертханалық сынақтан өткіземіз. Нәтижесі бойынша сынақ хаттамалары мен ілеспе хаттар беріледі. Қандай да бір көрсеткіш сәйкес келмеген жағдайда жұмысты атқаруға тапсырыс берушіге, мердігерлік ұйымға және инженерлік қызметтерге дереу хабарланады. Анықталған олқылықтар мен ақаулар түзетілуі және жойылуы тиіс. Облыс бойынша жұмыстың үлкен көлеміне байланысты, сондай-ақ регламентке сәйкес кәсіпорын сараптаманы іріктеп жүргізеді.

Ал нақты жылжымалы жол зертханасының инженер-операторы ретіндегі менің міндетіме тоқталар болсақ, жол желісіне компьютерлік диагностика жүргіземін және ол бойынша жөндеуді қажет ететін учаскелерді белгілеймін. Жолды жөндеу қажет болса, қандай түрі керектігін көрсетіп, ұсыныстармен толық есеп беремін.

Жұмыс қыста алдын ала ақпарат жинаудан басталады. Жолдардың атаулары, олардың құрылысы, кепілдіктегі учаскелер мен олардың ұзақтығы анықталып, жұмыс және күнтізбелік жоспар құрылады.  Көктем келісімен жылжымалы жол зертханасын сайлап, жолға шығамыз. Бұл жұмыс көктемнен күзге дейін жалғасады. Биыл республикалық желінің шамамен 1,5 мың км және облыстық желінің 154 км кепілдік мерзімі бар учаскелерін диагностикалаудан өткіздік.

–Жолда негізінен қандай ақаулар анықталады және мердігерлер тарапынан олқылықтарға “көз жұма қарауды” сұраған кездері болды ма?

– Анықталған ақаулар есептерде көрсетіледі және тексеріске тапсырыс берушілерге жіберіледі. Тапсырыс берушілер мердігерлерге ақауларды жою бойынша талаптар қояды. Мысалы, кепілдік мерзімі аяқталмаған учаскеде жол түзу болмай шықса, мердігер жабынның жоғарғы қабатын қайта төсейді.

Жалпы тексеріс барысында асфальт жабыны қалыңдығының сәйкес келмеуі, асфальтбетонның жеткіліксіз тығыздалуы, судың мөлшерден артық болуы, сәйкес келмейтін материалдарды қолдану сияқты олқылықтар жиі анықталады. Мұндай жағдайларда тапсырыс беруші, мердігер және инженерлік қызметтер дереу хабардар етіледі. Тапсырыс беруші біздің қорытындымызды негізге алып, атқарылған жұмысты қабылдамайды және ақауларды жоюды талап етеді. Кейін біздің мамандар жоспардан тыс қайта барып, түзетілген учаскені тексереді.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қатысты айтар болсам, кәсіпорында қатаң менеджмент жүйесі бар. Атқарылған жұмыстың “ашықтығы” үшін барлық инспекциялық тексерістер мен сынақтардың нәтижелері автомобиль жолдары саласындағы уәкілетті орган қол жеткізе алатын арнайы электрондық порталға енгізіледі және сақталады. Әрбір іріктеліп алынған сынама мен тіркелген олқылықтардың фото, GPS-фиксациясы болады және оларды түзету мүмкін емес. Кәсіпорында атқарушы органнан тәуелсіз, директорлар кеңесіне есеп беретін және Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз ететін комплаенс-офицер жұмыс істейді.

– Осы саланың маманы ретінде өңір жолдарының сапасына көңіліңіз тола ма?

– Автожолдардың сапасы көптеген факторға байланысты. Жол құрылысын немесе жөндеуді дұрыс жобалау, оның түрі, құрылыс материалдарының сапасы және жұмысты орындау барысында технологияның сақталуы, қолайлы жабдықтың болуы – мұның бәрі сапаға әсер етеді.  

Өкінішке қарай, біздің өңірде тозығы жеткен жолдар көп. Олар өте ертеде салынғандықтан сапасы ескі нормаларға сәйкес. Бұл жолдарды қазіргі жүктемені және қозғалыс қарқындылығын ескере отырып жаңғырту қажет. Сондай-ақ ауыр жүк көліктеріне бақылауды қатаңдату керек. Бұл көліктердің шанақтарының ұлғаюы, карьерлік самосвалдарды пайдалану, жүкті шамадан тыс   арту – жаңадан салынған жолға айтарлықтай зиян келтіреді, күнінен бұрын тоздырады. Жалпы облыс бойынша жол сапасының көрсеткіші біртіндеп жақсарып келеді.

– Өткен дәуірден қалған “кадр бәрін шешеді” деген сөз бар. Жол саласында, жалпы құрылыста маман тапшылығы өткір тұрғанын білеміз. Сіздер бұл мәселені қалай шешіп жатырсыздар?

– Жол – маңызды сала. Жолшыларға қашанда сұраныс болады. Бірақ жастардың қызығушылығы төмен.  Қазір жолшылардың еңбек жағдайы жақсарған, бұрынғыдай ыстық-суыққа қарамай күні бойы жолда жүрудің қажеті жоқ. Озық технологияларды қолдану, өндірісті цифрландырудың нәтижесінде жұмыс айтарлықтай жеңілдеді.

Мысалы, орталықта жылжымалы зертханалар, заманауи сынақ жабдықтары бар. Зертхана қызметкері орындалған жұмыстың актісін толтырып, оларды порталға мобильді құрылғыдан жібере алады. Осы ақпараттық жүйенің арқасында кәсіпорынның барлық инженерлері планшеттерге көшті.

Жолдарды паспорттау цифрлық форматта жүргізіледі. Егер бұрын паспортты далада, қолмен толтырсақ, қазір көлікте отырып өткен жолды, геометриясын, координаттарын, көлденең және бойлық тегістігін тіркейді. Әрі қарай бұл деректер компьютерде өңделеді.

Қазіргі уақытта біздің салаға жол шеберлері, құрылыс инженерлері, сметалық инженерлер, зертханашылар, асфальтбетоншылар, төсеушілер, автогредершілер, механизаторлар, ресайклерлер, арнайы техника машинистері және тағы да басқа мамандар қажет. Бұдан басқа геодезистерге, картографтарға, метеорологтарға, механиктерге, ұсталарға, дизайнерлерге сұраныс жоғары.  Осы ретте біздің орталық кадр мәселесіне талдау жүргізді.  Нәтижесінде еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдері мен басқармаларында еңбек етіп жатқандардың тек 10  пайызының арнайы білімі бар екенін анықтады. Кадр тапшылығын шешу үшін студенттерді ақылы тәжірибеден өтуге шақырамыз. Олардың шамамен әр оныншысы жұмыс істеуге қалады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp