«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІПТІ ДАМЫТУДЫҢ ТИІМДІ ҚҰРАЛЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазір көпшілік кәсібін әлеуметтік желі арқылы жарнамалайды. Сондықтан SMM маманы еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие. Елімізде SMM мамандарын даярлайтын арнайы оқу орындары жоқ. Яғни әлеуметтік желімен жұмыс істеу тәжірибесі бар, мақала жазып, пікірлерге жауап беріп отыратын кез келген адам маман бола алады деген сөз. Десек те бұл жеткіліксіз. Қаламызда “SMM – кәсіпті дамытудың тиімді құралы” атты ерекше білім беру курсы өтіп жатыр.

Курс оқытушысы Альбина Ғалымованың айтуынша, көптеген адамдар ғаламтордың әлеуетін дұрыс пайдаланбайды. SMM маман болу үшін әдемі суреттер  салу жеткіліксіз. Әлеуметтік желі әрдайым өзгеріп, жаңарып отырады. Сондықтан барлығына бейімделе білу керек. Аталған курста парақшаны дұрыс жүргізу, аудиториямен жұмыс істеу, ғаламтордың артықшылықтарын пайдалана білу секілді ақпарат берілді әрі іс жүзінде көрсетілді. Курстың ұзақтығы күніне төрт сағаттан, екі аптаға есептелген. Тегін білім беру курсына 30-ға жуық қыз-келіншек қатысып жатыр.

Облыстық әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының мамандары “Мен кәсіпкермін” жобасы аясында қазан айының соңына дейін алты бағыт бойынша курс өткізуді жоспарлап отыр. Олар – тігіншілік, SMM, маркетплэйс менеджері, барбер, визажист және кондитер салалары. Тігін курсын 20 қыз-келіншек аяқтап, сертификаттарын қолдарына алыпты.

– Бұл оқытылып жатқан бағыттар – қызықты, сұранысқа ие салалар. Жақын арада маркетплэйс менеджері бойынша оқыту басталады. Қатысушылар көп. Қазірдің өзінде топқа 32 адам жиналып қалды. Оқытатын тренерді Алматы қаласынан шақырдық. Басқа бағыттарға да қызығушылық зор, – дейді облыстық әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының менеджер-кеңесшісі Ирина Васильева.

Курс соңында қатысушылар алған білімдерін қорытындылайтын тест тапсырады. Мамандар барлық   6 сала бойынша 130-дан астам әйелді оқытуды жоспарлап отыр.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp