«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЕБЕР ДӘНЕКЕРЛЕУШІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қаласындағы “ЭкоСолтүстікАгро” жеке кәсіпкерлігі – 2017 жылдан бері K-700, K-701, K-702 тракторларын, қосалқы бөлшектерін жөндеумен айналысатын кәсіпорын. Зауыттың директоры Андрей Вараск бес жылдың ішінде білікті де шебер мамандарды жинап алғанын мақтан етеді. Мақтанатын жөні бар, оның зауытында “Кировецтердің” қыр-сырын білетін қолы алтын шеберлер жұмыс істейді. Сол білікті мамандардың қатарында дәнекерлеуші Самат Ақылбеков те бар.

Самат Ақылбеков – Ақжар ауданының тумасы. Осыдан бес жыл бұрын облыс орталығына көшіп келген. 1980 жылдан бастап, 2017 жылға дейін шаруашылықта механизатор болып еңбек еткен. “Кировец” тракторын бес саусағындай біледі.  Әкесі Аймұқан осы техниканың жүргізушісі болғандықтан,  бала күнінен  трактордың тілін меңгеріп алған.  Әкесі есік алдына тоқтаса болды, тракторды жүз айналып, тетіктерін зер сала қарағанды жақсы көретін. Сол ынтызарлығы өмірлік кәсібіне айналды.

Соңғы үш жыл “ЭкоСолтүстікАгро” кәсіпорнында еңбек етеді. Мұндағы міндеті – ескі техниканың қосалқы бөлшектерін жаңалау. Ол үшін техниканың әр бөлшегін шешіп алып, ауыстыру керек. Жетпей жатқан тетіктерді өз қолымен жасайтын шеберлігі де жұмыс берушілердің көңілінен шыққан. Бүгінде алпыстан асқан еңбеккер зейнет демалысына шығуға асықпайды.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген

 Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp