Қызылжарлық жастарды өңірдің тарихи орындарымен таныстыру ісі биыл да жалғасын тауып, алыс-жақын елді мекендерге саяхаттар ұйымдастырылуда. Аталған игі бастамадан жергілікті “Ассамблея жастары” ұйымының белсенділері де шет қалмай, жаңа жобаны қолға алған.
“Мекенім – Қазақстан” жобасының аясында облыс орталығындағы еріктілер мен белсенділердің басын қосып, аудандарға танымдық сапарлар ұйымдастыру жоспарланған. Таңдап алған алғашқы бағыты – Айыртау ауданы. Арқадағы асыл аймақ саналатын мекенге барған жастар тамаша табиғатты қызықтап, таза ауамен тыныстап, өңірдің мақтанышына айналған тарихи нысандарды аралады. Ш.Уәлиханов атындағы тарихи-этнографиялық музейге барған белсенділер кейін Айғаным қонысына, одан әрі Ағынтай мен Қарасай батырлардың мемориалдық кешеніне ат басын бұрды.
– Біз кейінгі буынның тарихымызды танып, өңіріміздің өткенін білгенін қалаймыз. Жастар тек ірі қалаларға ғана емес, осындай елді мекендер мен киелі жерлерге де саяхаттап тұруы керек. Сол үшін біз биыл “Мекенім – Қазақстан” жобасын қолға алдық. Жоба аясында танымдық бағытта жүзеге асатын тағы біраз істер бар, – дейді “Ассамблея жастары” ұйымының өңірдегі жетекшісі Дариға Смаилова.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.