Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан жоғары мектебінің ұйымдастырушысы, республикаға еңбегі сіңген ғылым қайраткері, химия ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Молдахметовті спектроскопия және кванттық химия бойынша зерттеулердің негізін қалаушылардың бірі десек, қателесе қоймаспыз. Ол – бар саналы ғұмырын ғылым мен ағарту ісіне арнап өткен жан. Туған жері – Жамбыл ауданының Октябрь ауылы. 1933 жылы 3 тамызда осы қасиетті жерде дүниеге келген. 1956 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын және Мәскеудегі М.В.Ломоносов атындағы химиялық технологиялар институтының аспирантурасын бітіргеннен кейін Қазақ мемлекеттік университетінде физикалық химия кафедрасының оқытушысы, зертхананың аға ғылыми қызметкері, Қарағанды мемлекеттік университетінің проректоры, қазақ химия-технология институтының ректоры, Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры, Ұлттық ғылым академиясы Орталық Қазақстан бөлімшесінің академик-хатшы, органикалық синтез және көмір химиясы институтының директоры, Қазақстан-Ресей университетінің ректоры қызметтерін атқарды.
Ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты органикалық молекулалардың фотохимиясы мен фотофизикасын, сондай-ақ теориялық және қолданбалы спектроскопиясын, кванттық химия мен органикалық молекулалардың реакция қасиеттерін зерттеуге арналған. Ол – 350-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 6 монографияның, 6 авторлық куәлік пен патенттің авторы. Орталық Қазақстан өңірінің негізгі жоғары оқу орны – Қарағанды мемлекеттік университетінің дамуына үлес қосып, кәсіби қызметі осы өңірмен тығыз байланысты болды. Ғалым шахтерлар астанасына келгенде ғылыми және педагогикалық жұмысының бірқатар тәжірибелерімен бөлісетін. Зекең Мәскеудің М.Ломоносов атындағы химиялық технологиялар институтының аспирантурасында оқып жүргенде табысты еңбек етті (1959-1962ж.). Талантты химик-экспериментші кеңестік ғылыми химия мектебінің үздік педагогтарының басшылығымен іргелі ғылымды талмай меңгерді.
“Мен оларға орны үлкен зерттеушілік қызметім үшін қажетті білім көлемі, дағды және ғылыми ізденісім үшін борыштымын”, – деп отыратын сол жылдарды тебірене еске алғанда. Физика-математика ғылымдарының ғылыми дәрежесін алу үшін “Молекулалардың тербелмелі спектрлерінің екінші қатарының күйін зерттеу” тақырыбындағы кандидаттық диссертациясы жаңашылдығымен және ғылыми идеясының тереңдігімен әріптестерінің назарын аудартты. Ғалымның бұдан кейінгі Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіндегі, Целиноград педагогикалық институтындағы оқытушылық, ғылыми және әкімшілік іс-әрекетіне лайықты баға беріліп, “Ерен еңбегі үшін” медалімен, ҚазССР Ғылым академиясының “Ғылым саласындағы жемісті еңбегі үшін” грамотасымен марапатталды. Қарағандыдағы ҚазССР ҒА Химия-металлургия институтының қабырғасында Қ.Сәтбаев, В.Грузинов, В.Михайлов, Е.Бөкетов, Ә.Сағынов сияқты танымал академиктердің ықпалымен көрнекті химик-ғалым ретінде қалыптасты. Диссертациясын табысты қорғап, ғылым докторы атағын алғаннан кейін еңбек жолын Қарағанды мемлекеттік университетінде ғылыми жұмыстар жөніндегі проректорлықтан бастады. Алғашқы күннен бастап ол ҚарМУ ректоры, академик Ебіней Бөкетовпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, барлық бастамаларына қызу қолдау көрсетті. Ебіней Арыстанұлы әріптесін талантты ұйымдастырушы әрі ғалым ретінде бағалағанын жақсы білеміз. Өзінің “Грани творчества” (“Шығармашылық қырлары”) атты кітабында профессор Молдахметов туралы: “Микроәлем табиғатын ашатын жаңа ғылымның, квантты химияның майталман маманы”, – деп жазды.
1975 жылы З.Молдахметов тиімді ғылыми-педагогикалық жұмыс тәжірибесіне орай Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтының ректоры болып тағайындалды. 1980 жылдан республикада және шетелде Қазақстанның екінші жоғары оқу орны ретінде танылған ҚарМУ-ды басқарды. Оның жеке бастамасы бойынша Қарағанды мемлекеттік университетіне ҚазССР ҒА академигі Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтің аты берілді. Қарағанды мемлекеттік университетінің басшысы кезінде Зейнолла Молдахметұлының бірегей ұйымдастырушылық таланты толық ашылды. Оның әкімшілік және ғылыми іс-әрекетінің негізгі ұстанымдары сындарлы стратегиялық шешіммен, негізділік және мақсатты логикалық тұжырыммен тығыз байланысты болды. Республикадағы екінші университет ректоры статусының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, университетті дамытудың өзекті проблемаларын батылдықпен әрі табандылықпен шешуге бел шеше кірісті. Бірінші кезекте инфрақұрылымды дамыту қажеттілігі туындаған университеттің материалдық-техникалық базасын әрі қарай дамыту міндеті қойылды. Ірі ғалым әрі білгір басшы ретінде оқу үдерісінің өту деңгейі мен сапасы ЖОО-ның оқу және ғылыми-зертханалық базасына тікелей байланысты екенін түсінді. Оның басшылығымен ҚарМУ құрылысының күрделі мәселелерін шешу мен инфрақұрылымның жаңа маңызды нысандарын тапсыру, оқу үдерісі мен ғылымды дамытуды ұйымдастыру үшін қажетті жағдайларды жасау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде Қарағандыда заманауи университеттік кампустың архитектуралық ансамблі бой түзеді. Кең, төрт қабатты ҚарМУ-дың бас корпусы салынды. Биология және физика факультеттері оқытудың қажетті техникалық құралдарымен, лингафон кабинеттерімен, оқу залдарымен жабдықталған жаңа оқу-зертханалық корпустарына ие болды. 1982 жылы студенттік шығармашылық әлеуетті дамытуға мүмкіндік берген студенттердің мәдениет сарайының ашылуы университет өміріндегі айтулы оқиғаның біріне айналды. Зейнолла Молдахметұлының қажырлылығы және студент жастар үшін жағымды жағдай жасаудағы бұлжымас қамқорлығының арқасында студенттік жатақханалар мен санаторий-профилакторий пайдалануға берілді. Университет басшылығы қаржыны оңтайлы пайдалана отырып, студенттерге, оқытушылар мен қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсетті. 1972 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін ұйымдастыру кезінде археология және этнография мұражайы ашылды. Ғалымдардың зерттеулерінің деңгейі мен сапасын арттыру үшін қажетті заманауи ғылыми-тәжірибелік база қалыптастырылды. Бірегей жабдықпен толыққан аспаптар паркін жаңарту жұмыстары жүргізілді. Ең жаңа технологиямен жабдықталған есептеу орталығы жұмыс істеді, патенттік-ақпараттық және метрологиялық қызмет ұйымдастырылды. Зейнолла Молдахметұлы ректор болған жылдары университет ғылыми-әдістемелік және техникалық қамсыздандырудың жоғары деңгейінде болды, оған оқу процесінің ойластырылған логикасы, оның барлық жақтарының бірлігі тән. Ректордың барлық әрекеті ғылым мен білімнің ұштастығын терең түсіне білуге негізделді. Әкімшілік пен басшылықтың қайталанбас стилін меңгерген Зекең отандық ғылымға пайда әкелуге деген ұмтылыспен біріккен жоғары білікті профессорлық-оқытушылар ұжымын қалыптастыруды жалғастырды. Кадрлық жұмыстың басым бағыты ЖОО-ның ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталды. Үлкен оқу жүктемесіне қарамастан жас ғалымдар үшін зерттеулер жүргізуге, диссертация қорғауға барлық жағдай жасалды. 1983 жылы ЖОО-дан кейінгі білімді ұйымдастыру, докторлық және кандидаттық диссертацияларды қорғауды бақылайтын аспирантура бөлімі құрылды. Оқытушылар Алматы, Мәскеу, Ленинград, Одессаға және КСРО-дағы жетекші ғылыми орталықтарға күндізгі аспирантураға оқуға жіберілді.
Зейнолла Молдахметұлы туралы әріптестері: “Ол оқытушылардың ғылыми зерттеулерінің ілгерілеуіне жетекшілік етті, пайда болған міндеттер мен проблемаларды шешуге көмектесті, ғылымның өзекті, басым проблемаларын әзірлеуде ғалымдарды ізденіске бағдарлады”, – деп еске алады. Сондай-ақ профессорлық-оқытушылық және көмекші құрамды оның жаңа мүшелері – докторлармен және ғылым кандидаттарымен толықтыру тәжірибесі кеңінен енгізілді. Болашақты болжап, жоспарлы жұмыстар жүргізудің нәтижесінде университеттің ғылыми-педагогикалық әлеуетінің айтарлықтай артуына қол жеткізілді. Ғылым докторлары 7 адамнан 15-ке, ал ғылым кандидаттары 169-дан 251 адамға жетті. Осылайша оқу орнында әжептеуір ғылыми әлеует қалыптасты, соның арқасында жалпы ғылыми бағыттар белсенді түрде дами бастады. Химия және физика факультеттерінің ғылыми мектептерін құрудағы ерен еңбектің арқасында еліміздегі жетекші орталықтарға айналды, ғылыми бағыттары бойынша көшбасшылардың қатарына енді. Ірі ғалым Зейнолла Молдахметұлы химия мен физика ғылымдарының қабысқан тұсында қиын әрі болашағы зор салада өнімді еңбек етті. Қазақстандағы жетекші кванттық химия мектебінің негізін қалады. Алғаш рет ҚарМУ базасында кванттық химия кафедрасы ашылды, ал 1988 жылы химия-физикалық зерттеу әдістерінің зертханасы құрылды. 1980 жылдан бастап ол қазақ елі үшін ғылымдағы жаңа бағыт – кванттық химия және спектроскопия бойынша зерттеулер жүргізді. “Органикалық молекулалардың фотофизика және фотохимиясы”, “Жылдам жүретін үрдістердің теориялық қолданбалы спектроскопиясы”, “Қатты дененің кванттық химиясы”, “Еркін радикалдардың радиоспектроскопиясы” тақырыптары бойынша Б.Минаев, М.Жұрынов, Г.Кецле, С.Безносюк және А.Масалимов сынды белгілі ғалымдармен бірлесе жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарына жетекшілік жасады. Ғылыми ортадағы қарағандылық ғалымдардың атақ-абыройы өрлеп, 1982 жылы химия факультетінің базасында теориялық химия бойынша жалпыодақтық мектеп ашылды. Келесі жылы кванттық химия мен спектроскопияның жалпыодақтық мектебі құрылды. ҚарМУ фотохимия бойынша республикалық ғылыми-практикалық конференцияның өтуіне ұйытқы болды. “Триплеттік күйдің оптикалық және магниттік қасиеттері”, “Алкалоидтардың кванттық электрохимиясы”, “Электрондық құрылым теориясы” фундаменталды монографиялық еңбектері жазылды. Жүргізілген зерттеулер өздерінің бірегейлігімен, жаңашылдығымен ерекшеленіп, авторлық куәліктер мен өнертапқыштық патенттеріне ие болды.
Университеттегі сегіз жылдық жұмысында академик 98 ғылыми жұмыс жазып, зерттеулерін Қазақстанның индустриалды аймағының нақты экономикалық қажеттіліктеріне бағыттады. Бұл зерттеулердің өндіріске шығу мүмкіндігі аса жоғары еді. Ғылыми зерттеулер көбінесе шаруашылық келісімі есебінен жүргізілетін. Олардың негізінде оқу-ғылыми-өндірістік бірлестіктер, кафедра филиалдары ұйымдастырылды. Ректордың тынымсыз еңбегі нәтижесіз қалған жоқ. Қарағанды мемлекеттік университетінің ғылыми әлеуеті артып, түрлі қолданбалы зерттеулер, тәжірибелік құрылымдық және технологиялық жұмыстарды жүргізуге тең мүмкіндіктер ашылды, білім беру, ғылым, мәдениет пен өндіріс саласында шаруашылық-коммерциялық қызметтер кең көлемде үрдіс ала бастады. 1981-1985 жылдары университет 48 тақырып бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Тапсырыс берушілердің қатарында Қарағанды металлургия комбинаты, Қарағанды технологиялық зауыты, “Қарағандыкөмір”, “Карбид”, “Қарағандыцемент” өндірістік бірлестіктері, Ғылым академиясының ғылыми-зерттеу және жобалық институттары, Солтүстік Қазақстан геология, Петропавлдағы қозғалтқыштар зауыты, Жәйрем кен байыту комбинаты, Екібастұз, Жезқазған және Балқаш тау-кен металлургиялық комбинаттары сияқты ірі құрылымдар болды. Қарағандылық ғалымдардың өнімдеріне “Азот” ғылыми-өндірістік бірлестігі, Жарық көздерінің арнайы конструкторлық технологиялық бюросы (Донецк қ.), “Химавтоматика” ғылыми-өндірістік бірлестігі (Мәскеу қ.), Кеңес ғылыми академиясының жартылай өткізгіштер физикасының институты, Скочинский атындағы Ленинград биофизика институты үлкен қызығушылық танытты. Мұның барлығы университеттегі сауатты әрі стратегиялық дұрыс басқарудың нәтижесі екені сөзсіз.
Зейнолла Молдахметұлы аймақтағы ірі оқу орнының ректоры болған кезде жаңашыл ғалым ғана емес, сонымен қатар талантты басшы, білікті ұйымдастырушы ретінде де танылды. Университеттің дамуы үшін нақты қадамдар жасауда оның туа біткен қайсар мінезі, адаммен қарым-қатынас жасай білу шеберлігі көп көмектесті. Оң қадамдар мен нақты шешімдер университеттің барлық қызметкерлерінің тағдырын, олардың жағдайын қамтитын. Оның талантты басшы, дарынды ғалым ретіндегі ерен еңбегі, білім мен ғылымның дамуына, сол арқылы еліміздің өркендеуіне қосқан сүбелі үлесі лайықты бағаланды. Ғылым мен білімге қосқан өлшеусіз үлесі үшін “Құрмет белгісі”, “Еңбек Қызыл Ту” ордендерімен марапатталды. ҚазақССР Ғылым академиясының академигі атанды.
Бүгінде Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ – қазақстандық жоғары оқу орындарының арасында ең беделді брендтердің бірі. ҚарМУ-дың классикалық университет ретінде қалыптасуы Зейнолла Молдахметұлының педагогикалық және ұйымдастырушылық қызметінің арқасында, оның өз ісіне берілгендігі мен жауапкершілігінің нәтижесінде жүзеге асты деп нық сеніммен айта аламыз. Алдыңғы толқын ағалардың салып кеткен сара жолын сақтап, жаңа белестерді бағындырды, заманның ағымына ілесіп, оның талаптарына биік үдеден жауап бере алды. Ең бастысы, оның басшылығымен енгізілген академиялық дәстүрлер мен білім берудегі қағидалар еліміздегі білім мен ғылым деңгейінің дамуында өз орнын ойып тұрып алды.
Еркін КӨБЕЕВ,
заң ғылымдарының докторы, профессор.