«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жабайы сауда қашан жойылады?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бірқалыпты өмірінен танбайтын Қызылжардың тіршілігі демалыс күндері қызатындай. Орталық көше­лер мен саябақтар толған адам. Сауда орындарында да шуылдаған жұрт өзіне керегін алып жүр. Сату­шылардың да шаруасы өрге дома­лайтын сәт. Тұтынушының талға­мына сай тауар ұсынып, көңілінен шыға алса, табысы да молая түспек. Күннің ыстығында пана іздеп сауда орталығына кіргендер мұндағы сал­қын ауамен тыныстап, баяу жүріп дүкен аралауға кіріскен. Бұл – қала орталығындағы заманға сай салын­ған, керектінің бәрі табылатын ірі сауда нүктелерінің жайы. Ал орта­лықтан шеткерірек, ашық аспан астын­дағы сауданың күйі бөлек. Дүкендегідей самсаған тауарлар­дың небір түрін көрмейсіз. Десе де көше саудасы қызып тұр. Соған қарағанда жол үсті асығып бара жа­тып, осындай сатушылардан кере­гін түгендеп алатындар баршылық.

Көшедегі саудаға әркім қолда барын әкеледі. Алайда сол әкелге­нін лайықты орынға қойып, жөндеп сата алса жақсы ғой. Көбі мұны да ес­кермей, тротуардың бойына тауа­рын жая салады. Бұл бір жағынан жаяу жүргіншілерге кедергі келтірсе, екінші жағынан қала көркіне нұқ­сан. Көше саудагерлерінің көп жинала­тын орындарының бірі – “Тайга” сауда үйінің маңы. Сауда үйінің іші де, сырты да ығы-жығы адам. Екі жақ­та да алыс-беріс қызып тұр. Қол­дан келген дүниесін дайындап әке­ліп, далада сатушы болып отырған­дардың көбі – зейнеткерлер. Дені бау-бақшасындағы ерте пісетін көкө­ністер, дәмдеуіштерді сауда­лайды. Тұздалған қияр, қызанақ, саңырау­құлақ сатып отырғандар да бар. Өсім­діктің бабын тапқан әжейдің алдындағы құлпынай мен таңқурай бірден көзге түсіп, кісіні қызықты­рады. Бірақ осындағы та­залық жайын ойласаң, бірден тәбетің қа­ша­ды. Күніне жүздеген адам өтетін тар жолдың бойына шағын қорап қойып, сауда жасау – тазалыққа жат дүние. Біреулері шаңы шығып жат­қан асфальттің бетіне қағаз төсей салып, тауарын тізіп қоятынын қай­терсің?! Аяқ астына қарап жүрме­сеңіз, басып кетуіңіз әбден мүмкін. Мұндайда қатаң сақталуы тиіс санитарлық талаптар неге ескерусіз қалады? Осындай кәсіппен нәпақа тауып отырған зейнеткерлерден санитар­лық кітапша, рұқсат қағазын сұрасаң көздері атыздай болып, сырт ай­налады. Айтуларынша, ба­зарда бір орынды жалға алу үшін күніне ке­мінде 4-5 мың теңге төлеуі керек. Оны қарапайым зейнеткердің қал­тасы көтермейді екен. Мұнда алып келетін азын-аулақ азық-түлікті сараптамадан өткізіп жатуды да ар­тық көреді. Есесіне сүт пен көкөнісін “экологиялық таза өнім”, “ауылдың дәмі”, – деп жарнамасын келістіріп мақтайды.

Бұрынғы көтерме сауда орталы­ғының маңын да жабайы сауда жай­лаған. Мұнда тіпті ескі киім-кешек, үйге қажетті бұйымдарды саудалай­тындардың қарасы көбейіпті. “Ал­тын арман” базары мен “Караван” сау­да кешенінің маңында да осын­дай жағдайға тап боласыз. Заңсыз сауда ау­дан орталықтарында, күре жолдың бойында да қызып тұр. Кейбір алыпсатарлар жүк көлігін қауын-қар­бызға толтырып әкеліп, жол бо­йында табыс табуды әдетке айнал­дырған. Сапасы күмәнді қызыл қарбызды жол үстінде жарып қойып, жұртқа дәм татуға ұсынып жатқаны да ауру сатқанмен бірдей.

Ал заңда белгіленбеген орын­дар­да сауда жасауға тыйым салын­ған. Оған бағынбағандарға ескерту бе­ріліп, келесіде айыппұл төлетеді. Облыстық полиция департамен­тінің ішкі және сыртқы коммуника­ция­лар бөлімінің бас маманы Ерлан Мах­метовтің сөзінше, жыл басынан бері өңірде заңсыз сауда жасаудың 741 дерегі тіркелген. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 204-ші бабы­на сәйкес жергілікті әкімшілік бекіт­пеген орындарда сауда жасауға болмайды. Көше саудасы тек құқық қор­ғау органдарын ғана емес, об­лыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлерін де алаңдатып отыр. Өйткені демалыс маусымы бастал­ғалы астан уланғандардың қатары артқан. Тұрғындардың іші ауырып, дәрігерге жүгінуінің басты себебі – көше бойынан сатып алынған азық-түлікті тұтынудан болуы мүмкін. Департамент мамандары мұның алдын алу үшін түрлі түсіндіру ша­ра­ларын, акциялар мен “дөңгелек үстелдер” ұйымдастырады. Жаз басынан бері санитарлық мамандар “ауру – астан” екенін айтып, дабыл қағуда.

– Көшеде сатып алынған азық-түліктен уланғанда инфекциялық аурулар тарайды. Ол жерлерде өнім антисанитариялық жағдайда са­тылады, бұған дейін пайдаланылған пластикалық ыдыстарды қолда­нады, жылы жерде сақталады. Са­тушылар медициналық тексеруден өтпеген, өсімдік және мал шаруа­шы­лығы өнімдерінің қауіпсіздігін растайтын құжаттар жоқ. Мұндай жер­ден азық-түлікті арзанға алға­ныңызбен, кейін емделу үшін одан да көп ақша жұмсауыңыз мүмкін, – дейді облыстық санитарлық-эпи­демиологиялық бақылау депар­та­ментінің маманы Наталья Беляева.

Көшеден алынған ет, балық өнім­дері, шикі жұмыртқа – саль­монеллез, бруцеллез, ауыр пара­зит­тік ауруларды, саңырауқұлақ, көкөністер, үйде консервіленген өнімдер – ботулизмді қоздырады, тез бұзылатын тамақ өнімдерінен адам уланып, жіті ішек инфекциясы өршиді.

Дегенмен жыл өткен сайын облыс орта­лы­ғындағы жабайы сау­да жасай­тындардың қатары сиреп келеді. Білетіндер осыдан 10-15 жыл бұрын мұндай сатушылар­дың қарасы тіптен көп болғанын айтады. Жайлы сауда орталықтары ашы­лып, ар­найы орындар белгілене басталға­лы тұрғындар да заңсыз әрекеттерін азайтқан. Ал алдағы уақытта он­лайн сауда-саттықтың үлесі артса, көшедегі кәсіптің де күні бататын кез алыс емес.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp