Бірқалыпты өмірінен танбайтын Қызылжардың тіршілігі демалыс күндері қызатындай. Орталық көшелер мен саябақтар толған адам. Сауда орындарында да шуылдаған жұрт өзіне керегін алып жүр. Сатушылардың да шаруасы өрге домалайтын сәт. Тұтынушының талғамына сай тауар ұсынып, көңілінен шыға алса, табысы да молая түспек. Күннің ыстығында пана іздеп сауда орталығына кіргендер мұндағы салқын ауамен тыныстап, баяу жүріп дүкен аралауға кіріскен. Бұл – қала орталығындағы заманға сай салынған, керектінің бәрі табылатын ірі сауда нүктелерінің жайы. Ал орталықтан шеткерірек, ашық аспан астындағы сауданың күйі бөлек. Дүкендегідей самсаған тауарлардың небір түрін көрмейсіз. Десе де көше саудасы қызып тұр. Соған қарағанда жол үсті асығып бара жатып, осындай сатушылардан керегін түгендеп алатындар баршылық.
Көшедегі саудаға әркім қолда барын әкеледі. Алайда сол әкелгенін лайықты орынға қойып, жөндеп сата алса жақсы ғой. Көбі мұны да ескермей, тротуардың бойына тауарын жая салады. Бұл бір жағынан жаяу жүргіншілерге кедергі келтірсе, екінші жағынан қала көркіне нұқсан. Көше саудагерлерінің көп жиналатын орындарының бірі – “Тайга” сауда үйінің маңы. Сауда үйінің іші де, сырты да ығы-жығы адам. Екі жақта да алыс-беріс қызып тұр. Қолдан келген дүниесін дайындап әкеліп, далада сатушы болып отырғандардың көбі – зейнеткерлер. Дені бау-бақшасындағы ерте пісетін көкөністер, дәмдеуіштерді саудалайды. Тұздалған қияр, қызанақ, саңырауқұлақ сатып отырғандар да бар. Өсімдіктің бабын тапқан әжейдің алдындағы құлпынай мен таңқурай бірден көзге түсіп, кісіні қызықтырады. Бірақ осындағы тазалық жайын ойласаң, бірден тәбетің қашады. Күніне жүздеген адам өтетін тар жолдың бойына шағын қорап қойып, сауда жасау – тазалыққа жат дүние. Біреулері шаңы шығып жатқан асфальттің бетіне қағаз төсей салып, тауарын тізіп қоятынын қайтерсің?! Аяқ астына қарап жүрмесеңіз, басып кетуіңіз әбден мүмкін. Мұндайда қатаң сақталуы тиіс санитарлық талаптар неге ескерусіз қалады? Осындай кәсіппен нәпақа тауып отырған зейнеткерлерден санитарлық кітапша, рұқсат қағазын сұрасаң көздері атыздай болып, сырт айналады. Айтуларынша, базарда бір орынды жалға алу үшін күніне кемінде 4-5 мың теңге төлеуі керек. Оны қарапайым зейнеткердің қалтасы көтермейді екен. Мұнда алып келетін азын-аулақ азық-түлікті сараптамадан өткізіп жатуды да артық көреді. Есесіне сүт пен көкөнісін “экологиялық таза өнім”, “ауылдың дәмі”, – деп жарнамасын келістіріп мақтайды.
Бұрынғы көтерме сауда орталығының маңын да жабайы сауда жайлаған. Мұнда тіпті ескі киім-кешек, үйге қажетті бұйымдарды саудалайтындардың қарасы көбейіпті. “Алтын арман” базары мен “Караван” сауда кешенінің маңында да осындай жағдайға тап боласыз. Заңсыз сауда аудан орталықтарында, күре жолдың бойында да қызып тұр. Кейбір алыпсатарлар жүк көлігін қауын-қарбызға толтырып әкеліп, жол бойында табыс табуды әдетке айналдырған. Сапасы күмәнді қызыл қарбызды жол үстінде жарып қойып, жұртқа дәм татуға ұсынып жатқаны да ауру сатқанмен бірдей.
Ал заңда белгіленбеген орындарда сауда жасауға тыйым салынған. Оған бағынбағандарға ескерту беріліп, келесіде айыппұл төлетеді. Облыстық полиция департаментінің ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің бас маманы Ерлан Махметовтің сөзінше, жыл басынан бері өңірде заңсыз сауда жасаудың 741 дерегі тіркелген. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 204-ші бабына сәйкес жергілікті әкімшілік бекітпеген орындарда сауда жасауға болмайды. Көше саудасы тек құқық қорғау органдарын ғана емес, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлерін де алаңдатып отыр. Өйткені демалыс маусымы басталғалы астан уланғандардың қатары артқан. Тұрғындардың іші ауырып, дәрігерге жүгінуінің басты себебі – көше бойынан сатып алынған азық-түлікті тұтынудан болуы мүмкін. Департамент мамандары мұның алдын алу үшін түрлі түсіндіру шараларын, акциялар мен “дөңгелек үстелдер” ұйымдастырады. Жаз басынан бері санитарлық мамандар “ауру – астан” екенін айтып, дабыл қағуда.
– Көшеде сатып алынған азық-түліктен уланғанда инфекциялық аурулар тарайды. Ол жерлерде өнім антисанитариялық жағдайда сатылады, бұған дейін пайдаланылған пластикалық ыдыстарды қолданады, жылы жерде сақталады. Сатушылар медициналық тексеруден өтпеген, өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін растайтын құжаттар жоқ. Мұндай жерден азық-түлікті арзанға алғаныңызбен, кейін емделу үшін одан да көп ақша жұмсауыңыз мүмкін, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің маманы Наталья Беляева.
Көшеден алынған ет, балық өнімдері, шикі жұмыртқа – сальмонеллез, бруцеллез, ауыр паразиттік ауруларды, саңырауқұлақ, көкөністер, үйде консервіленген өнімдер – ботулизмді қоздырады, тез бұзылатын тамақ өнімдерінен адам уланып, жіті ішек инфекциясы өршиді.
Дегенмен жыл өткен сайын облыс орталығындағы жабайы сауда жасайтындардың қатары сиреп келеді. Білетіндер осыдан 10-15 жыл бұрын мұндай сатушылардың қарасы тіптен көп болғанын айтады. Жайлы сауда орталықтары ашылып, арнайы орындар белгілене басталғалы тұрғындар да заңсыз әрекеттерін азайтқан. Ал алдағы уақытта онлайн сауда-саттықтың үлесі артса, көшедегі кәсіптің де күні бататын кез алыс емес.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.