«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қор қаржысы қалай жұмсалады?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Менің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандаруға аударған жарналарым қайда?”, “Қорға қанша ақша жиналды, емханаға бармасақ ақшаларымыз күйіп кете ме?” деген сұрақтар әлеуметтік желіде жиі қойылады. МӘМС жүйесі 2020 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанына және оны енгізу туралы ақпарат үнемі жарияланатынына қарамастан, азаматтардың көпшілігі әлі күнге дейін жарналар мен аударымдар қайда кететінін білмейді.

МӘМС жүйесі медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, қаржыландыру тапшылығын төмендету қажеттілігіне байланысты енгізілген. Егер 2019 жылы денсаулық сақтау саласына 1,03 трлн. теңге бөлінсе, 2023 жылға қазірдің өзінде 2,5 трлн. теңге қарастырылған. Бұл көрсетілетін медициналық қызметтердің санын ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Көптеген адамдар МӘМС төлемдері қорға түседі және ол қаражатты өз қалауы бойынша жұмсайды деп қателеседі. Жарналар мен аударымдар Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіндегі арнайы шотқа түседі (яғни тікелей қорға емес), олар басқа мақсаттарға жұмсалынбайды. Ұлттық банктегі арнайы шоттан бұл қаражат медициналық ұйымдарға – қордың жеткізушілеріне – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілген медициналық қызметтерге төлем ретінде жіберіледі. Яғни сақтандырылған азаматтар МӘМС тізбесіне енгізілген барлық қажетті медициналық көмекті денсаулық көрсеткіштері бойынша тегін алады, олар үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төлейді. Мысалы, 2022 жылы МӘМС аясында көрсетілген медициналық көмекке шамамен 836 млрд. теңге жұмсалды.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 30 маусымға дейінгі кезеңде 590,8 млрд теңге көлемінде жарналар мен аударымдар түсті. Оның ішінде жұмыс берушілердің аударымдары – 37,7 пайызды, халықтың жеңілдікті санаттары үшін мемлекеттің жарналары – 33,2 пайызды, қызметкерлерден түскен жарналар – 24 пайызды құрады, басқа төлеушілер (жеке кәсіпкерлер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтіндер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, дербес төлеушілер) – 5,1 пайыз. Бұл қаражат МӘМС жүйесінде көрсетілген медициналық қызметтер үшін төлем ретінде ай сайын жіберіледі.

Мысалы, азамат бір жыл ішінде мүмкін болатын ең жоғары жарнамен тек 168 мың теңге (айына 14000 теңгеден) жинайды. Бұл қаражат дербес шотта жиналып, пациент оларды өз қалауы бойынша емделу үшін пайдалана алады деп есептейік. Бірақ бұл сомаға ол шектеулі мөлшерде ғана ем ала алады.

Тек стандартты сынақтар жиынтығы, гормондарды, инфекциялардың болуын тексеру үшін ондаған мың теңге қажет. Егер ультра-дыбыстық, кардиограмма, КТ/МРТ және басқа аспаптық диагностика қажет болса ше? Яғни бір жыл ішінде жинақталған жарналар диагноз қою үшін толық тексеруден өтуге де жеткіліксіз. Сонымен қатар күндізгі стационарға бару немесе тәулік бойы ауруханаға жату қажет болуы мүмкін.

Егер ота жасалатын болса, олардың құны бірнеше миллион теңгеге жетуі ықтимал, онда пациент медициналық көмексіз қалады. Жиналған қаражат емделуге кететін шығынды жабуға жетпейді. Сондықтан бұл тәсіл пациенттің өзіне тиімсіз.

Сондықтан МӘМС жүйесінің отандық моделінде барлық қаражат Ұлттық банктегі бірыңғай арнайы шотқа түседі. Ал сол жерден қаражат төлеушінің санатына және төлеген жарналардың мөлшеріне қарамастан, барлық сақтандырылған азаматтарға МӘМС бойынша көрсетілген медициналық көмек үшін төленеді.

Қарлығаш ІЛИЯСОВА,

“Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕАҚ облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp