«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Салық жүйесі жетілдірілді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әділ, тұрақты әрі ашық салық жүйесін қалыптастырудың маңызы зор. Өйткені уақыт талабына жауап беретін оның жаңа моделі ұлттық байлықты тиімді бөлуге, экономикалық белсенділіктің жоғары деңгейі мен басым бағыттарын нақты қолдануға қызмет ете отырып,  орта және шағын бизнес субьектілерінің жұмысын жеңілдетуге, бюджет кірісін жүйелі түрде ұлғайтуға зор септігін тигізеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” Жолдауында экономиканың тұрақты өсуі салық саясатының түсінікті және болжауға болатындай жүргізілуіне тікелей байланысты екені айтылды.

Фискалды реттеу ісін қайта жаңғырту үшін салықтық әкімшілендіру мәселесін түгел қайта жазу,  жұмыс барысында бетпе-бет кездесу мүлдем болмайтындай етіп, салықтық бақылау қызметін толық цифрландыру міндеттері қойылды. Тағы бір басымдық салықтық ынталандыру шараларының тиімділігін арттыруға бағытталды. Осының нәтижесінде экономиканың түрлі саласында дифференциалды салық мөлшерлемесіне көшу, пайданың технологиялық жаңғыруға және ғылыми әзірлемелерге жұмсалған бөлігіне салынатын корпоративті табыс салығын төмендету немесе одан босату тәсілін енгізу жолдары белгіленді. Салық төлеушілердің салықтан жалтаруға құмарлығын азайту үшін арнайы салық режімдерін жеңілдетіп,  салық жүктемесін төмендету мақсатында ұйымдарды әдейі бөлшектеуге жол бермеу мәселесі жаңа кодексте қарастырылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-саттық заман талабына сай дамуы үшін мөлшерлемесі ойға қонымды әрі рәсімдері қарапайым бөлшек сауда салығын қолдану аясын кеңейту қажеттігін атап көрсетті.

Мемлекет пен салық төлеушілердің экономикалық мүдделерінің теңгерімін сақтау, жаңа салықтарды және бюджеттен төленетін төлемдерді белгілеу, қолданыстағылардың күшін жою, мөлшерлемелерді, салық салу объектілері мен салық салуға байланысты объектілерді, салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер бойынша салықтық базаны өзгерту салық саясатының негізі болып саналады. Өкінішке қарай, заңды және жеке тұлғалар Үкімет айқындаған тәртіпке сәйкес салықтық қолданудың шарт-талаптарын жете білмегендіктен,  құқықтары мен міндеттерін толыққанды орындай бермейді. Салық төлеуші салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер, салық заңнамасындағы өзгерістер туралы ақпарат, түсіндірмелер алуға, жеке өзі немесе “Салық туралы” кодекстің 16 бабына орай заңды немесе уәкілетті орган арқылы немесе салық кеңесшісінің қатысуымен өзінің мүдделерін білдіруге, салықтар бойынша аудит жүргізуге арналған шартты жасасуға, салық бақылау нәтижелерін алуға тексеріс нәтижелері туралы хабарламаға, сондай-ақ салық органдары лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға, 22-баптың 15-тармағында көрсетілгендей ақпараттық жүйеден контрагенттің сенімділігі және адалдығы жайлы ақпарат алуға құқылы. Бірақ бұл талаптар салықтық міндеттемелерді уақтылы және толық көлемде орындау, салықтар бойынша аудит жүргізуге арналған шартты және осындай шарт жасалған жағдайда, аудит қорытындысын ұсыну, бақылау-касса машиналарын қолданған кезде қойылатын талаптарды және ауыспалы есептерді, қолма-қол ақшаны есепке алу кітаптары мен тауар чектерін, сондай-ақ жою, қайтару чектерін және жою мен қайтару операциялары жүргізілген бақылау-касса машиналарының чектерін басып шығарылған немесе толығымен толтырылған күнінен бастап бес жыл бойы сақтау жауапкершілігінен босатпайды.

Мемлекеттік кірістер департаментіне жеке және заңды тұлғалардан түрлі мәселелер бойынша сауалдар жолданып жатады. Әрқайсысына жан-жақты кеңес бере отырып, салық заңдылықтарын бұлжытпай орындау міндет екенін әркез ескертіп отырамыз. Сұрақтардың бір бөлігі қолма-қол шетел валютасының қанша сомасын шетелге әкетуге болады деген жайтқа арналғандықтан, толығырақ тоқталғанды жөн көрдік. Егер мұндай қолма-қол ақша қаражатының және (немесе) жол чектерінің жалпы сомасы оларды ЕАЭО кедендік аумағына бір уақытта әкелу немесе бір уақытта әкету кезінде қолма-қол ақша қаражатының және жол чектерінің жалпы сомасы кеден органына арналған кедендік декларацияны ұсынған күнде қолданыста болатын валюта бағамы бойынша он мың АҚШ долларына баламалы сомадан асып кетсе, Кеден кодексінің 343-бабына сәйкес, қолма-қол ақша қаражаты және (немесе) жол чектері кедендік декларациялауға жатады. Бірақ елдің ұлттық мүдделерін қорғау және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Президенттің 2022 жылғы 14 наурыздағы №830 Жарлығы басшылыққа алынатынын естен шығармаған жөн. Ұлттық банкінің әкету күніне белгілеген бағам бойынша есептелген және 10000 (он мың) АҚШ доллары баламасынан асатын сомадағы қолма-қол шетел валютасын және шетел валютасындағы ақша құралдарын әкетуге тыйым салынады.  Сонымен қатар “Жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялау туралы” Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының 2019 жылғы 23 шілдедегі №124 шешіміне сәйкес,16 жасқа толмаған жеке тұлғалардың жеке пайдалануға арналған тауарлары туралы мәліметтер, аталған тұлғалармен бірге жүретін тұлғаның жеке пайдалануға арналған тауарлары туралы мәліметтермен бірге бір жолаушы кедендік декларацияда көрсетіледі. Осылайша отбасының әрбір мүшесіне – 10000  (он мың) АҚШ доллары баламасынан аспайтын қолма-қол валюта әкетуге рұқсат етіледі.

Бұдан бөлек, резидент емес жеке тұлғалардың табыстарына салық салу тәртібіне байланысты келетін өтініштер де аз емес. Салық кодексінің 644-бабына сәйкес, бейрезидент-жеке тұлғаның резидент-жеке тұлғадан өтеусіз алған мүлкін қоспағанда, өтеусіз алынған немесе мұраға қалған мүлік, оның ішінде жұмыстар, көрсетілетін қызметтер түріндегі кіріс, өтеусіз орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құны осындай жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге байланысты жұмсалған шығыс тізбесі ретінде айқындалады. Өтеусіз алынған, сонымен қатар мұраға қалған мүліктің құнын айқындау мүмкін болмаған жағдайда күнтізбелік жылдың бірінші қаңтарында белгілеген құн негізінде реттеледі. Сөйтіп, резидент емес жеке тұлғаның алған табысы түрінде мұраға қалдырылған мүлік, міндеттемелер бойынша есептеуге қолдану жолымен жеке табыс салығының мөлшерлемелері 20 пайыздан асырылмай салынады. Салық агенті болып табылмайтын тұлғадан алынған резидент емес жеке тұлғаның табыстарына салық салу тәртібі де регламенттелген. Бұл ретте резидент емес-еңбек иммигранттарына жеке табыс салығы сомасын есептеу 10 пайыз мөлшерінде жүргізіледі. Декларация күнтізбелік он күннен кешіктірілмей тапсырылады. Жеке табыс салығы декларациясы салық төлеушінің тұрған (тұратын) жеріне орай 31 наурыздан кешіктірілмей дербес табыс етіледі. Жеке табыс салығы бойынша декларацияны табыс етуге және ағымдағы салық кезеңі ішінде жеке табыс салығын төлеуге әркім құқылы. Бұл жағдайда жеке табыс салығы бойынша декларация ағымдағы салық кезеңінің басынан бастап адам елден тыс жерге кеткен күнге дейін жалғасады.

Салық есебі дегеніміз – салық заңнамасында көзделген тәртіпке сәйкес,  топтастырылған бастапқы құжаттар негізінде салықтар бойынша салық базасын айқындау үшін ақпарат жинау, тіркеу және қорытындылау. Салық есебі салық төлеуші есепті (салық) кезең бойынша жүзеге асырған шаруашылық операцияларға салық салу үшін, сондай-ақ салықтардың дұрыс есептеліп, бюджетке төленуін бақылау мақсатымен ішкі және сыртқы пайдаланушыларды ақпаратпен қамтамасыз ету, есептеу тәртібі туралы толық ақпараттандыру қажеттілігінен туындайды. Салық есебінің міндеттері мен атқарылымын орындауда заңнамада арнаулы тәсілдер мен әдістер айқындалған. Кей салық төлеушілер айлық, тоқсандық, жыртыжылдық салықтық есептілікті тапсырудың шекті мерзімі 15 тамызға дейін тиістілігін ескере бермейтіні өкінішті. Оған акциз бойынша декларация, құрылымдық бөлімше немесе салық салуға байланысты объектілер үшін акциз есебі, резиденттің табысынан төлем көзінен ұсталған корпоративтік табыс салығы бойынша есеп, бейрезидент табысынан төлем көзінен ұсталатын корпоративтік табыс салығы бойынша есеп, жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларация, қосылған құн салығы бойынша декларация, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша декларация, ойын бизнесіне салынатын салық, жер үсті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы, қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақы, бөлшек салықтың арнайы салық режімін қолданатын салық төлеушілерге арналған декларация жатады. Ең жоғары жүктемелердің өсуін болдырмау үшін салық есептілігін алдын-ала ұсыну әлдеқайда тиімді.

Дамир НҰРҒАЛИЕВ,

облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp