«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОН ЕКІ ҚЫЗҒАЛДАҚ, БІР ШОҚ ҚЫРМЫЗЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тұрысбек Сәукетаев – жазушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. 1950 жылы 14 қарашада Алтай өлкесінде туған. “Сүткенже”, “Айлы түн еді”, “Қайыңдар, аппақ қайыңдар”, “Көлеңкелер патшалығы” әңгіме-повестер мен “Айқараңғысы”, “Жел­қайық”, “Эпилог”, “Қызылбалақтың қазасы”, “Мен – жындымын”, “Өлгендер қайтып келеді” романдарының авторы. Аударма саласында өнімді еңбек етіп келеді. Екі жүзден астам киносценарий, Ги де Мопассанның, Амброз Бирстің новеллалары, Голдо Мейердің “Менің өмірім” кітабын тәржімалаған. Тұрысбек Сәукетаевтың туындылары шынайылығымен, қанық бояуымен, көркем табиға­ты­мен танымал. Назарларыңызға жазушының “Өлгендер қайтып келеді” әжуа аралас мұңлы роман-фэнтези сарынында жазылған романынан үзінді ұсынып отырмыз. Бұл роман өзінің көркемдік тосын сипатымен ерекшеленеді. Шындық пен қиял, өң мен түс, әжуа мен мұң, мистика… мидай араласып, оқушыны сан қилы шарпысқан сезімге бөлейді. Күлесіз, күр­сінесіз, өмір басқаша бір өң-бояумен құбылып көз алдыңыздан өтіп жатқандай күй кешесіз.

Қыбыладан жел гуледі. Құбыл­ған желге бір әлсіз дыбыс еміс-еміс леп қосқандай. Бір үзіліп, бір сы­быр­лай талықсып жетеді. Домбыраның үні. Өксіген шерлі күмбір. Қос ішек әлсін-әлі баяулай күрсініп, іле бебеу қаға дабылдап толассыз зар төге­тін­дей. Еркімді алып жүр-жүрлеп еліктіріп барады. Желге қарсы ұш­қан сайын, сиқырлы үн бар ажары­мен тасып-толқып шалықтай түсті. Көз ұшында тебендей шаншылған жалғыз бәйтерекке жеткенде, үннің иесін таптым. Бәйтеректің бұтағына үкілі бауынан ілініп, желге тербел­ген қара домбыраның шанағынан бір құдіретті күй өз-өзінен шалқып-төгіліп жатыр. Жел саябырласа – бәсең сыбырлап, үдесе, қанатын дабылдата қағатындай. Жер мен Көктің арасын мұңмен тербеп, аза­лы ащы өксікпен сілкілейді.

Теректің қанатының астында құлағы қалқайып екі бейіт саялап тұр. Бірі – ескі, қатарындағының топырағы әлі басылмаған. Көне зират маған бұрыннан таныс. Қабыр басында көктеген бір шоқ қызыл раушан өлімнің үрейлі көлеңкесін қуып, қып-қызыл оттай алаулайды. Қайран Ажар! Менің алғашқы бала махаббатым! Менің деймін-ау, біз­дің кластағы ұлдардың бәрінің ма­хаббаты! Жоқ, біздің кластағы ғана емес, бүкіл ауылдағы боз жейде бар жігіттің махаббаты!

Бірінші сентябрь, қоңырау соғы­лып, тоғызыншы кластың есігін ал­ғаш аттаған бетіміз. Көбіміз жаздай бір-бірімізді көргеніміз жоқ. Біріміз таралып өсіп, біріміз толысып өзге­ріп кеткендейміз. Қатар тұра ғап, бойымызды салыстырамыз, бір-бі­рімізді түйгіштеп, алысып-жұлысып кетеміз. Қыздарға да тиісіп, бақыр­тып, ұялас күшіктердей, сағыныса табысқан достардың дырдуы то­лас­тар емес. Жаздайғы көрген-біл­ген қызықтарымызды айтып та­уыса алмай дабырласып жатқаны­мыз­да, класс жетекшіміз – Жамал апай кіріп келді. Қасында қоңыр көйлек киіп, ақ фартук таққан бөтен бір қыз бар. Терезесі көлеңкеге қа­ра­ған күңгірт бөлмеге күн түскендей жап-жарық боп кетті. Біздің ауылда жоқ, ауылың не, Құдай-ау, бүкіл уәлаятта жоқ, тіпті өмірде де бол­майтын шығар, тек хас шебердің қиялынан туған портреттей, есіктің рамасында құралай көзі мөлт-мөлт етіп бір ғажайып сурет іліне қапты. Қоңырқай қалың шашының самайы бұйраланып, уыздай аппақ жүзі сәби тазалықпен нұрланып лыпыл қағады. Қарлығаштың қанатындай иілген керме қас. Өңіне тәкаббар көрік қосқандай қыр мұрынының ұшы сәл көтеріңкі. Томпайып албы­раған тәтті еріні әнтек ашылып, анталаған көздерден ұяла жымия­ды… “О-һо!” Үніміз шықпаса да, кластағы он екі ұлдың аузы дөңге­леніп үлкен “О”-ға айналды. Іле бір-бірімізге жалт қарастық. Жалын атқан көзімізде: “Міне періште!” де­ген жалғыз сөз жазулы тұрды. Сол-ақ екен, бәріміз бірден оптом ғашық болдық та қалдық. Келесі сәтте кө­зімізден от шашып, жебе жаудырып, бір-бірімізге қызғанышпен жеп қояр­дай жауыға қарадық.

Жамал апай бізбен жымия амандасып, қасындағы қызды та­ныс­тырды:

– Міне, балалар, класымызға жаңа оқушы қосылды. Жатырқамай достасып кетерсіңдер деп ойлай­мын. Зырян қаласынан көшіп келді. Аты-жөні – Ажар… Текебаева…

– “Текебаева” дегенде, артымда бұғып отырған Темірхан тырқ ете түсті. – Айналайын, мына жерге отыра ғой, – деп апай алдыңғы пар­тада отырған Бибінұрдың жанын­дағы бос орынды нұсқады. Ажар қалықтай басып кеп орнына отыра беріп еді, күн қақтаған Бибінұрдың беті көмір жаққандай қап-қара бол­ды да қалды.

Класс іші бұрын-соңды болма­ған тыныштық. Құрттаған шыбыш­тың құйрығындай жыбырлап, жан-жағына сүйкеніп отыратын Ихсанға дейін қолдарын партаның үстіне ай­қастырып, өнегелі шәкіртке қойыл­ған ескерткіштей қатып қалған. Бә­рі­міздің екі көзіміз Ажарда. Жұп-жұмыр аппақ мойынына, орындық­тың арқалығынан асып-төгіліп, ұшы жерге тиер-тимес созылған қоңыр­қай жуан бұрымына мөлиіп қарай­мыз. Егер біздің көзіміз жебе болса, Ажардың денесі әп-сәтте-ақ решет­каға айналар еді. Ажарды сыртынан көзіммен аймалап отырып, небір қиялға берілемін. “Текебаева деген фамилиясы қандай жаман, өзіне үйлеспейді. Ертең үйленіп, менің фамилияма көшсе, Ажар Шеғирова деген қандай жарасар еді!” деп ақша бұлттың арғы жағына ракета құсап шарықтап кетемін.

… – Гомологиялық қатардағы көміртегінің молекулалары өзара коваленттік байланыста болады, – деп метан, этан, бутанның форму­ла­сын жазып, Бутлеров теориясын түсіндіріп жатқан Жамал апай бір уақытта тақтаны бормен тақылда­тып:

– Әй, неғып үн-түнсіз қалдың­дар? – дейді әдеттен тыс тыныш­тыққа таңырқай қарап. – Шеғиров, ұйықтап отырсың ба? … Әй, Ха­сенов, саған не болды айдалаға ежі­рейіп?..

Сол күннен бастап өзгердік. Ажардың періште бейнесін әрқай­сымыз өз жүрегімізге көшіріп алдық. Ешкімді жуытпай оңаша аялаймыз, құшамыз, сүйеміз…

Біздің кластағы ұлдардың пәш­ти бәрі қызбен жүреді. Пәшти де­генде, жалғыз Рахманов Рүстем ға­на жүрмейді. Оның да жүргісі келеді, тек жолы болмай жүр. Класымыз­дағы ең өңді, сұлу жігіт сол. Бойы да бәрімізден ұзын. Сонда да, неге екенін білмеймін, қыздан салымы жоқ. Талай қызға хат та жазды, көңі­лін де білдірді – бәрі тұра қашады. Сөйтсек, оның басында екі орайы бар екен. Сұм қыздардың білмейтіні жоқ-ау. “Екі орайы бар еркек екі қатын алады” деген қазақтың ыры­мы­нан қорқып, “бұл пәле көп қатын алатын опасыздың өзі”, – деп жуы­май­ды екен. Елден қаламын ба, мен де жү­ремін. Тоғызыншыда оқып қыз­бен жүрмеген ұят емес пе. Әйтеуір біреумен жүру керек қой деп, Күләшпен екі рет индиский киноға бар­ғам: “Сангам”, “Любовь в Каш­мире” деген. Қол ұстасып, шырт-шырт шемішке шағып отырдық. Қыз бен жігіт араларына ескі көзқарас­тағы ата-аналары килігіп, қасірет шегетін тұста, Күләш бір-екі рет мені құшақтай ап, басын иығыма сүйе­ген. Ертеңінде біреу клубтың қабыр­ғасына: “Тауфих + Күләш = Лүйбоб!” деп қызыл бормен сойдақтатып қойыпты. Мектепке барсам, “біле­міз, бәрін білеміз!” дегендей ары өткен-бері өткеннің бәрі тышқан көзденіп жылтың-жылтың етіп қа­рай­ды. Жетінші, сегізінші кластың кей­бір меліштері тіпті: “Күләш! Кү­ләш!”деп сыртымнан айғай сап тұра қашады. Құрысын, махаббат майда­нындағы алғашқы жорығым осылай шабуылға ұшырап, сәтсіздікке ұрынған соң, махаббат деген де машақаты көп жұмыс екен ғой мүбәдә-ә деп, бетім қайтып қалған.

Біздің ауылдағы адамдардың бәрі қап-қара. Кепкен шортандай тыриған қақпыш. Жаз бойы суға түсіп, құм жағада күнге қақталамыз. Қыста азынаған аяз. Жарылып кетпесін деп бетімізге балықтың майын жағып алған соң, тіптен ай­налайын боп шыға келеміз. Біздің жақтың адамдарын басқа жақтағы­лар негр екен деп қалады. Ауылы­мыз­дың бір қызы Қостанайдың жігі­тіне тұрмысқа шыққан екен, бетін ашқанда енесі: “Ойбай, көтек, мы­нау негр ғой!” деп шарқ етіп шалқа­сынан құлап түсіпті. Біздің ауылға келген орыстың өзі екі ай өтпей қара қазақ боп шыға келеді. Баяғыда Қасымбек сотталып кетіп, Читадан орыс қызын алып келгенде қандай еді. Аппақ қардай еді-ау. Жағадағы ескі катердің үстінен аппақ денесі жарқ етіп суға секіргенде, балық боп кетіп құшақтай алсақ-ау деп жүре­гіміз асау айғырдай тулайтын. Бә­ріміз ыстық құмның үстінде қия­лымызбен ақ сазандай бұлқынған бір-бір ыстық Наташаны құшақтап, “бәлем, көр де тұр, өскенде тек орыстан қатын алам!” деп жүрегіміз­ге серт байлап армандағанда, кө­зіміз тұманданып-тұманданып кете­тін. Түнімен жалаңаш Наташаны түсімізде көріп аласұрып шығамыз. Таңертең тұрғанда бет-аузымызды қып-қызыл безеу басып, айнадан өзімізді танымай қалатынбыз. Сөйт­кен Наташа жарты жыл өтпей қап-қара қатын боп шыға келді. Кейін тіпті қазақша майыстырып сөйле­ген­де, Қабылтайдың Мәрияші екен деп қалатынсың. Бірақ біздің ауылдың күні де, суы да, желі де Ажарды қарайта алмады. Тіпті сәл қоңырқай тартқан күннің өзін де, ажарына ажар қосып құлпыра түсе­тіндей. Жүрегімізге бекіген нұрлы бейнесіне кіршік түсірмей табынып, күн өткен сайын күйіп-жанып өрте­ніп өліп барамыз.

Ажарды көрген бойда-ақ біздің ауылдың қыздары сұрықсыз боп шыға келді. Тозған ескі суреттей өңі қашып көңіл төрінен шегіне берді. Осы уақытқа дейін қалай байқама­ған­быз? Салыстыратын ешкім бол­маған соң, жақсы-жаманды қалай ажыратасың, барымен – базар, осы да пойдет деп жүре бергеміз дә. Әйтпесе ешқайсының “товарный виді” жоқ екен, қаралығы өз алдына: бірінің – мұрыны таңқы, бірінің – көзі сығырайған, енді бірінің – аяғы ши­дей ме, құдай-ау!.. Кәрөші, бесеуінің завчасінен бір әдемі қыз шықпайды. “Ажар, Ажар!” деп іштерінен ентік­кен біздің кластың ұлдары сол күні-ақ сүйгендерінен ажырасқан. Біл­мей­тіні бит ішінде, шариғат­тан да халпе дәрежесінде хабары бар қы­зуқанды Төлеубек Ерғалиев өзінің Розасының сыртынан: “Талақ! Та­лақ!”деп қолын теріс жайып үш рет сілікті. Ай сайын ғашық боп қалатын Хасенов Төрехан: “Мен қазір сво­бодная птичка, куда хочу – туда и ле­чу. Басым бос!” деп жерге шырт тү­кірді. Менің көз алдыма Күләш елес­теді. Құдайым-ау, қайда қара­ған­мын? Бүкіл бойы кемшілік­тен тұ­ра­ды екен: Мұрыны талпақ, мықы­ны жоқ – кебеже, бұты қисық… Ой, Ал­ла-ай, қай жеріне қызықтым де­сең­ші, көзім көз емес, жараның оры­ны болған екен ғой, Ажарды көр­месем, “Қызжібегім өзіңсің” деп жү­ре береді екемін-ау бұзау боп мө­ңіреп. Күр­шімнің ала қарбызын­дай шекесінен шертіп жүріп, өзімше он қыздың арасынан таңдап-ақ едім, қарбы­зым шикі болып шықты. Оның үстіне, Жанмұраттан жылатқандай ғып тартып алғанмын. Бірден айны­дым. Ажар саған бәрібір қарамайды ғой дегендей, товарымды тез өткізіп жі­бергім кеп Жанмұратқа: “Мен енді жүрмеймін, Күләшті сен ал” деп едім, оным әлдеқандай боп кергіме­сі бар ма:”Фу, кетсінші әрі!” деп көзі қисайып, мұрыны шыбын қонғандай тыржисын.

Сүйіктілеріміз, тойсты, болмай қалған болашақ жарларымыз, біздің бұл неке бұзар опасыздығымызды мүлдем кешіре алмады. Бірден бунт жасап, бес қаруларын сайлап жой­қын шабуылды бастап бір кетті дер­сің. Балабектің Ғалиянұры шақардың шақары екен. Қырық құлаш ақ найзасын үңілтіп қырық қалмақты қа­батынан түйрейтін Қобыланды­дай, тақтаның алдындағы указканы ала сап, “өлтірейін-ай, өлтірейін!” деп тап-тап бергенде, Балабек бейшара партадан-партаға секіріп, те­сік таба алмай шырылдады. Төре­хан­ның соңғы махаббаты – Бибі­сара ерінін жымқырып, сояудай сау­сақтарымен бұтынан бұрай шым­шығанда, сорайған Төкішім әлемдік рекорд жасап аспанға бір-ақ секіріп, төбедегі шамды төбесімен салдыр ет­кізді. Бәрінен менің Күләшімнің қа­һары қатты. Танауы талпайып, қиық көздерін қайшылап, Хорен қалмақ­тай қуып жүріп қаламсаппен дәл құйрығыма допинг соққанда, шала бауыздалған шошқадай шыңғырып, шыбын-шіркей безген күйі фонер есікті басыммен сүзіп, жарты денем ар жақта, жарты бөлігім бер жақта салбырап қалдым…

Қан майданда қирай жеңілген біздер жаралы жауынгерлердей, бі­рі­міз сәлде ораған молладай басы­мызды дәкемен таңып, біріміздің кө­зіміз көгеріп, біріміз ақсаңдай ба­сып… төменгі кластың щеголдары­на көпке дейін тегін клоун боп жүрдік.

Өмірі басы қосылмай қырық пы­шақ боп ұрсысып-ренжісіп жүретін қыздарымыз соншалық ауызбірші­лікпен дереу “тірі жесірлер” алян­сын құрды. Қашан көрсең күбір-сыбыры бір. Ажарға қарай көздері­нің жебесін жамыратып, жақтырмай жалт етіп, өздерімен-өздері оңаша отау. Әйтсе де қыздар Ажарды қан­ша жерден жек көргенімен, одан бай­қаусыз көп нәрсе алғанын, көп нәр­се үйренгенін өздері де білген жоқ. Ажарға ұқсап киінгісі келді, соған ұқсап сәнденуге тырысты. Бойла­рын тік ұстап, мықындарын ырғап би­леп басады. Қастарын жұлып, бет­теріне опа жағып ағарып, әжептәуір қыз боп қалды. Бұрынырақта болса, “оһо!” деп жарыса бассалып, авто­лав­камен анда-санда келетін үнді шайындай таласар едік. Бірақ Ажар­дай болу қайда. Оған деген өліп-өшкен ұлы махаббатымыздан бәрібір айнымадық. Ажар қыздарды ғана емес, бізді де тәрбиеледі. Мұ­ғалімдер қырық жыл қақсап үйрете алмай қойған тәрбие бір-ақ күнде бойымызға қонды. Ажардың ал­дын­да жақсы боп көрінейік деген жан­таласпен қас-қағымда бәріміз тәр­тіпті боп шыға келдік. Үсті-басымыз мұн­таздай, шашымызды бриолин жа­ғып тарап, әкелеріміздің сақал алғанда жағатын “Тройнойын” бұр­қыратып шашып аламыз. Бұрын­ғы­дай лағып сөйлеп, ыржыңдап күлу жоқ. Сырбаздықтың сабырлы, сал­қын көлеңкесін қабағымызға іліп алып, қыз айттыруға баратын күйеу жігіттей сызылып аяғымызды кер­без басамыз. Класта да екі қолы­мызды партаның үстіне айқасты­рып, бар ынта-шынтамызбен мұ­ғалімнің аузына үңілеміз. Алгебра, физика, химиядан жауап бере алмай мыңқылдап тұрсаң, Ажардың ал­дында өлім емес пе? Өңкей бақ­таластар бір-бірімізбен іштей жа­рысып жанымызды саламыз. Оқу үл­гі­ріміміз күрт өзгеріп, “троешник” Ра­мазановқа дейін аяқастынан қалай озат боп кеткенімізді білмей қалдық. Бұлар даналықтың дуасын ішіп жүр ме деп таңғалғандай, өмірі аузынан мақтау шықпайтын Жамал апай ри­за болғаннан: “Міне, біздің ұлдарға ес кіріпті, шетінен төрт пен беске оқиды. Ертең мектеп бітірген соң иниститутқа түсу керек екенін осы бастан ойлап тырысып жатыр. Жарайсыңдар, қарақтарым! Ал қыз­дар, сендердің не ойлағандарың бар? Ұлдардан неге үлгі алмайсың­дар? Әлде сендерге оқу керек жоқ па? Ертең күйеуге шықсақ болды дейсіңдер ме?” деп қыздарды ұялтып тастайды.

Он екі потенциалді күйеу жігіттің арасында жан аяспас бәсеке бас­талды. Бірімізден біріміз асып түс­сек дейміз. Жарқ етіп көрініп, Ажар­дың жүрегін ертегідегі ханзададай жаулап алуға жанталасамыз. Құдай сақтасын, бәріміз де тұнып тұрған талант екеміз, әрқайсымыздың көкі­регімізден бір-бір бұлақ бұрқ-бұрқ атқылады. Алла-Тағала адамды ала­ламайды, бәрін бірдей ғып жа­ра­тады, бірінің өнерлі, бірінің өнер­сіз болуы ынтасына байланысты дейтін ғұламалардың сөзі ып-рас. Талаптанса адамның алмайтын асуы, бұзбайтын қамалы жоқ екен. Әнші де, гитарист те, боксер де, жел­аяқ та біздің кластан шықты. Класта Айтжамалдың жанында бойым бірдей болсын деп астына үш-төрт кітап қойып отыратын Их­сан аяғына тас байлап ап күні бойы турникте асылып тұрады. Төлеубек волей­бол командасын құрып, мек­тептің жа­нындағы шаршы алаңды шаңда­тып жатқаны. Сатыбалды төртпақ денесі тарбиып “Беларус­тің” білікке кигізілген темір дөңгеле­гін аюдай ақырып көтеріп ырс-ырс етеді. Жұ­матай балық заводындағы Саша сығанның тілін тауып, гитара үйре­ніп алды. Кеш болса, кепкасын қи­сай­та киіп, гитараны сылқыл­да­та­ды. “Сені іздедім түнімен, сені ізде­дім күні­мен…”, – деп бәріміз қосыла ән­де­тіп, Ажардың көшесінен ары да, бері де өтеміз. Төрехан темекіні тастап, құм салынған қапшықты ағашқа іліп қойып төмпештеумен әуре. Екі иығы жұмырланып, кеудесі ал­шиып, бал­паң-балпаң басады… Ау­дандық мек­тепаралық спарта­киа­­да­да біздің ко­мандамыз бірінші орын алды: шах­мат, жүгіру, волей­бол, бокс, штан­га… бәрінен! Гимн ой­налып, мерейі­міз асқақтап Вымпел кө­теріп тұрған­да, әрқайсымыз “Ажар енді маған қарамағанда, кім­ге қарайды!” деп қасқайып тұрдық.

Сол жылдары біздің ауылдан небір әнші, гитарист, биші, спортшы шықты. Көбі кейін жалпақ жұртқа танылды. Соның бәрі махаббаттың құдіреті ғой. Егер олар Ажарға ға­шық болмаса, өстіп өнерпаз болар ма еді? Махаббат жақсылыққа, өнерлі болуға, бәрінен асып түсіп жарқырап көрінуге құлшындырды. Әрқайсымыздың көкірегіміздегі тылсым тұнбаның көзін ашты, жүрек түбінде қалғып жатқан небір жасам­паз құдірет иесін тұр-тұрлап түртіп оятты. Махаббат қана әлемді гүл жайнатып құлпыртады екен! Мен де өзімнің аяқастынан қалай ақын боп кеткенімді білмей қалдым. Тақпақ жаттай алмай қақалып-шашалып, екі көзім алайып көкке қарап тұра­тынмын. Шығарма жазудан үштен ар­тық алып көрген емеспін. Енді мі­не, Ажарды көрдім де, ішіме өрт түс­ті. Күйіп-жанам. Түйнек тигендей, те­кеметтің үстінде бүктісіп ары ау­най­мын-бері аунаймын. Үйге сыймай, дала кезіп кетемін. Құм төбелердің бірінен асып, біріне шығамын. Не істеп жүргенімді өзім де білмеймін. Көзім тұман, түк көрмеймін. Көк жу­сан мен ерменнің иісі бұрқырап ал­дымнан соққан жел ақ жейдемді кеу­леп, желкендей желбіретеді. Денем бір ысып, бір суып, бойымды әлде­бір өксік буып бара жатқандай. Ке­нет ырғақты әсем сөздер өз-өзінен тілімнің ұшына орала кетті. Үсті-үстіне түйдектеліп төкпелене түсті. Ішімдегі буырқанған алапат сезім си­қырлы сөзге айналып, бірде мұ­ңая сыбырлап, бірде сыңғырлай ерке­леп, есіліп, екпіндеп көмейімнен құ­йыла берді, құйыла берді. Дәптер­дің бетінде қаздаңдаған қаламым үлгере алар емес. Екі бетті толты­рып бір-ақ тоқтадым. Оқып көрсем – өлең. Ғажап өлең! Ажарға деген ішімдегі бүкіл сезімім сурет боп түсе қалған. Әр әрпінде жүрегімнің лүпілі тұр. Құйғытып отырып Төрехан мен Темірханға бардым. Екеуі оқып шық­ты да, мен жаздым дегенге сенген жоқ. Өзім де сенбеймін. “Кетшіей, көшіріп алғансың ғой!” деді. Темір­хан Бақтыгүлге өлең жазғанда шы­ли кітаптан көшіріп алатын. Этажер­касының бір сөресі сықаған ақын­дар­дың кітабы. Үшеуміз үшке бөліп ап, кешке дейін ақтарыстық. Ондай өлең табылмады. Ақыры көздері жеткен соң, достарым сол жерде авторлығыма мөр басып, патент берген. Сол күннен бастап мен ақын атандым. Ажарды ойласам болды, өз-өзінен аузымнан өлең төгіледі. Күнде өлең жазам, не біреу, не екеу. Бірақ Құданың құдіреті, басқа та­қырыпқа жаза алмаймын, тек Ажар­ды көз алдыма елестетсем ғана жүрегім лүпіл қағып, қалам ұшынан ақ қағазға ағыл-тегіл жыр саулайды. Менің өлең жазатыным көп өтпей мұ­ғалімдердің де құлағына шалынса керек. Бір күні Жамал апай:

– Әй, Тауфих, сен қыздарға өлең шығарады дейді ғой. Сегізінші март келе жатыр, анаңа, мұғалім апай­ларыңа арнап өлең жазшы. Қа­бырға газетіне шығарайық, – деді. Жү­ріп келе жатып та ойланам, төр­дегі текеметтің үстінде арлы-берлі аунап жатып та ойланам. Баласы те­ріс біткен қатындай, үш күн, үш түн толғаттым. Құдай атқанда, бір ауыз сөз тілімнің ұшына оралсайшы. Әб­ден ит боп апайдың алдына кел­дім, сүмірейіп тұрып міңгірледім:

– Апай, шығара алмадым…

Апайдың көкшіл көзі тотия­йын­дай кілкіп шарасына сыймай кетті. Указканың ұшымен самайымды шұқыды:

– Сенің мына жеріңде қыздан бас­қа ештеңе жоқ!

Біздің Төрехан пысық, аудандық “Коммунистік еңбек” газетінің мек­теп бойынша насихатшысы. Күзде үй-үйге кіріп: “Газетке жазы­лыңыз­дар, ауданымыздың жаңалығынан хабардар боп отырасыздар. Бір-ақ бөтелкенің құны ғой. Оқымасаңыз­дар да балық жеген соң қол сүртуге жақсы не туалетке пайдалана­сыз­дар!” деп жанталасатын. Өзінше бе­делін пайдаланып, жан досым туған күніме подаркі жасайын дегені ғой, менің “Қос қайың”, – деген балла­дамды өзіме айтпай газетке ұрып жібе­ріпті. “Құмаш орта мектебінің оқу­шы­сы жас талап пәленшенің тыр­нақалды жырын жариялай отырып, әдебиет әлеміндегі алғашқы қада­мына сәт сапар тілейміз”, – деген қол­пашпен газет бетіне жарқ етіп шыға келгені. Сол-ақ екен басым пәлеге қалсын. Жібекке ғашық көп екен дегендей, Ажарға біздің класс қана емес, бүкіл ауылдың жігіттері ға­шық деп айттым ғой. Солар бірі­нен кейін бірі келіп маған қолқа са­ла­тын бол­ды. “Ажарға менің атым­нан өлең шы­ғарып берші”, – дейді. Бірі жалынады, бірі қорқытады. Келіс­пес­ке шара жоқ, әрине, олар бола алмаймын, өзімді жазамын, өзімнің өрттей лау­лап алқынып, аласұрған сезімім­ді жазамын. Сөйтіп менің махаббат­тың көзжасы тамшылаған тілім-ті­лім жүрегім ақ қағазға ора­нып, әл­декімдердің кір қалтасында шырыл­дап бара жатады.

Несін айтасың, ауыл жігіттерінің арасында беделім артып шыға кел­ді. Бұрынғыдай дүкеннің алдынан “бычок” термеймін, жылқының тезе­гіне ауыз былғамаймын, енді тек қым­бат-қымбат темекі тартамын. Ара­сында ақаңды да аңыратып жі­беремін. Несі бар, мықты ақындар­дың бәрі арақ ішкен ғой. Есенин де, Высоцкий де. Мұқағали көкеміз де көк мойнақ шөлмектің меселін қай­тармайтын көңілшек деседі. Біздің кластың балалары “щегол” болып қалды, кеш болса кепкам қисайып, нұқыл үлкен жігіттердің ортасында жүремін өңкей гүжілдеген бұқаның арасындағы бұзаудай боп. Езуіміз­де жылт-жылт жанып көзін қысқан темекі. Түнге қарай аспандағы жұл­дыздың бәрі жерге түседі. Үйіріліп, жыпырлап, Ажардың үйінің алдындағы кең көшеге сыймай, тауық бір шақырғанша жыпылық қағып сөн­бейді.

Бірақ менің бұл базарым ұзаққа созылмады. Бір күні Әділхан аға ке­ліп, сұқ саусағы шолақ, күс-күс жұ­дырығын тұмсығыма иіскетті: “Бұдан былай тек менің сарай ақыным боласың”, – деп тайқы маңдайыма таңқ еткізіп мөр басты. Әділхан Жа­манбаев – осы ауылдың атаманы. Екі рет анау “итжеккенге” “қажы­лық­қа” барып келген. Алдыңғы тістері­нің бәрі алтын, аузын ашса, қып-қызыл домна пеші алаулап тұрады. Мұрыны бір жағына қисық, бір қаба­ғы сынған. Ол да Ажарға ынтық екен. “Пішту, саған не жоқ!” деп жан­қалтамның ішінен “әтпішімді” шы­ғар­дым. Осындай есерсоқ, бұзық адам да ғашық бола алады екен-ау. Ойбай-ау, іңкәр болғанда, тегі, Мәж­нүннен ары былқ-сылқ ләйліп қа­лыпты нұқыл. Жейдесінің түймесін ағытып, қара қозының елтірісіндей бұйраланған қайқы кеудесін жұды­рығымен дүрс-дүрс қағып күрсінген­де, демінен тас балқиды:

– Мынаның ішіндегі жүрегімді көрсең ғой, от боп жанып тұр! – деді, суырып алса жүрегі Данконың қо­лындағы қара түнекті қақ жарған қы­зыл алау секілді жарқ ете түсетін­дей. – Шіркін, ол қызды қолыма түсірсем, бұл жерде бір күнде тұрмас ем. Түзелем, бәрін тастаймын, әкі­ри. Алматыға апарып аққудай ғып аялаймын!.. – деп сәулелі болаша­ғы жарқ-жұрқ еткенде, екі көзінен екі маржан ыршып кетті.

– Аға, осы айтып тұрғаныңыз­дың өзі өлеңге бергісіз ғой, соны хат­қа түсірсеңіз жетпей ме? – деймін қа­шыртпақтап.

– Маған өлең керек! Ажар оқы­ған­да есінен танатындай болсын!

– Аға, сіз шын ғашықсыз ба?

– Ей, бала, осы тұрғанда, күйіп-жанып өлгелі тұрмын!

– Шын ғашық адам ақын боп ке­теді емес пе? Неге өзіңіз жазбай­сыз?

– Мен өлең жаза алмаймын, тек сүйе аламын!

Мен қулыққа бастым:

– Мен сіз сияқты сүйе алмай­мын, сіздің ойыңыздағыдай ғып жа­за алмаймын ғой!

– Ей, козёл, яйца петуха не учит! – деп, күс жұдырығымен күмп еткізіп кіндігімнен екі пергенде, екі бүктеліп қалдым. – Елдің бәріне жазып жүр­сің ғой. Солардан асырып жаз, біл­дің бе!

Ағамның ашуы да тез, қайтуы да тез екен. Екі секунд өтпей:

– Өй, жәнім, ақылдысың ғой! – деп құшақтай ап, жүн кеудесіне ау­зымды шаптағанда, сары майдай еріп кеттім. – Жаза ғойшы, жарығым, жарай ма? Саған өлең шығару не, түф деп түкіре салғандай емес пе!

Түкіре салғандай емес, әрине. Ойланам, дөңбекшіп жер-көкке сыймай шиыршық атам. Ажар жы­мия қарап алдымнан ақ білегін со­зады. Ақ көйлегінің етегі көлбеңдеп, ырғала басып, алдымда ақ сағым толқығандай. Алқынып ұмты­лам дегенше жалт беріп жоқ боп ке­теді. Сағымда адасып алай жүгірем-былай жүгірем. Айналам сыңғыр-сыңғыр күлкі, мен мұндамын, кәне, ұстап ал деп назданғандай.

Сиқырдай жанымды арбап күлімдейсің,

Аққудың алыстағы үніндейсің.

Дұғамды мың қайталап созсам дағы

Қолыма ақ сағымдай ілінбейсің…

Сол-ақ екен, жүрегімнің қанын тамшылатып, ақ қағаздың бетіне ағыл-тегіл төгілемін-ай кеп. Шексіз іңкәрлігімді шерлене ақтарамын. Гөте тәңір тұтқан Шығыстың жеті жұл­дызының жанынан жарқырап жаңа бір жұлдыз туып келе жат­қан­дай ма, өзім де таңмын. Әділхан ері­ні жыбырлап қайта-қайта оқиды да:

– Әй, мен мынандай ғашық бола алмаймын! Жарайсың! – деп күрек­тей алақанымен арқамнан қайқаң еткізіп салып қалады, кейде қатты риза боп кетіп, “БТ”-ның шала басталған пәшкесін алдыма алтын са­қадай шиырып тастай салады.

Әділханның атынан күнде өлең жазам. Көшіріп бір данасын өзіме сақтап қалатынмын, бір күні қара­сам, қалыңдығы кере қарыс бір том болыпты. Хафиз бен Омар Һаям­ның ғазалдарын қосқанда да асып түсетін шығар.

Әділханның жетінші класта Сейтақ – Тарзан деген поштабайы бар. Күнде хатты сол Ажарға апа­рып береді. Тарихи сәтте мен Ажарды көз аямнан шығармай тасалау жер­де бақылап тұрамын. Ажар хатты алады да, қалтасына салып алады, ары қарай не істейтінін білмеймін. Кейде оқымай сол жерде жыртып тас­тайды. Ондайда “Уһ!” деп қуан­ғаннан маңдайымнан тер бұрқ ете түседі.

Өз қадірін жақсы білетін тә­каппар қыз соңғы кезде басқалар­дан гөрі маған көбірек ықылас таны­татындай ма қалай? Әлде жоқ нәр­сеге емексіген далбаса көңілге со­лай боп көріне ме, білмеймін. “Тау­фих, мына формуланы шығара ал­май қойдым, көмектесіп жіберші!” деп дәптерін көрсетеді. Балабек фи­зикаға менен гөрі мықтылау, неге соған апармайды екен деп ойлай­мын да, бір бұлыңғыр қуанышпен жүрегім өз-өзінен лүпіл қағады. Кластағы ең білгір адамдай, класта­ғы ғана емес, физика оқулығын өзім жазғандай арқаланып, аруақтанып кетемін. Белінен бір сызып, форму­ланы қайта құрамын. Бөлшектің асты-үстіне жортып, қаламым қаз­даң­дай жөнеледі. Иығымнан асыла үңілген Ажар: “Е-е, былай екен ғой?” деп күбірлеп қояды. Еңкейгенде сақиналанған самай шашының ұшы оқыс жанасып, жыбыр-жыбыр бе­тімді қытықтайды. Жұп-жұмыр ап­пақ алқымынан жіңішкелеп жеткен жұпар иіс мұрынымды түртіп қаша­ды. Осы сәт жалғаса берсін деген­дей, өтірік ойланған боп, теңдеудің кей жерін бір өшіріп, бір жазып, уақытты әдейі соза түсемін… Кейде мен жаққа көзінің қиығын сап отырғанын бір нәзік түйсікпен сезіп қа­ламын. Жалт қарасам, ду қыза­рып, ұзын, қайқы кірпігі дір ете, жүзін бұ­рып әкетеді. Ондайда өне бойым шымырлап, балқып-еріп, жер-көкке сыймай, небір қиялдың қанатында қалықтай жөнелемін.

Бір күні оңашада Тарзан пошта­бай әкелген кезекті хаттың бірін ма­ған көрсетіп, ортасынан қақ айырды да, жағымнан тартып кеп жіберді:

– Размазня! – Жылайтын адам­дай иегі дірілдеп, көзінен от шаша жалт бұрылып жүре берді. Мен сілейіп орнымда тұрып қалдым. Қаладан тілі орысша шығып келген қыздың “Размазнясын” түсіне қой­ма­сам да, жетісіп тұрған сөз емесін сездім. Төрехан мен Темірханнан сұрап едім, олар да білмеді. Жаз бойы қаладағы апасының үйінде сауат ашып, орысша боқтаудың не­ше әлемін үйреніп қайтқан Сатыш­тан сұрасам, білмеймін дегенді на­мыс көріп: “Раз” деген – “Бір” деген сөз, “Мазь” – “Май”, демек, “бір рет жа­ға­тын май” деген сөз деп білгіш­сінді. Болмаған соң Ережеп ағайдан сұрадым. Ұзын аяғы серейіп парта­ның бір шетін ерттеп мініп ап: “Ей, балбес, дай кітап” деп бізге орыс тілінен сабақ беретін. Ағайым сасып қалды.

– Так, размазня, размазня? – деп көзі алайып төбеге қарап біраз отырды да, ол жақтан сыбырлаған ешкім болмаған соң, – “Размажет” глаголімен түбірлес, демек, езгілеу, былғап тастау деген сөз шығар? – деп қызарақтап иығын көтерді.

Ақыры кітапханаға барып, Сауранбаевтың екі томдық сөздігін қарадым. Сұм қыз мені “Ынжық, ез!” депті. Маңдайымды алақаныммен сарт ұрып сілейіп қалдым.

Сол күннен бастап ешкімге өлең жазып бермейтін болдым. Әділхан екі рет өлтіріп сабады. Бәрібір көнбедім.

Сол күннен кейін Ажар мен жаққа қарауын қойды. Физикадан бір рет үш алып та қалды, сонда да бұрынғыдай көмектесіп жіберші деп өтінбейді. Мені көрсе қабағын түйіп алып, қасымнан үнсіз өтіп кетеді. Ол үшін мен кластағы парта не тақта секілді жансыз затпен бірдеймін, қанша телмірсем де селт етпейді. Суық тартып сыртын берген сайын, мен күйіп-жанып лаулай түстім. Есі-дертім бір сол ғана. Құлағының үс­тінде сақиналанған сарғыш шашы­на, аппақ мойынына сағаттар бойы елжірей қарап, қиялыммен тұншыға шөп-шөп сүйіп, өкісіп жібере жаз­дай­мын. Түнде алаулап жанып ау­нақшығында, денемнің ыстығынан көрпе-жастығым қалай лап етіп өртеніп кетпейтініне таңмын…

Біздің ауылдың қуырған күні де, аңыраған желі де, ақырған аязы да Ажарға әсер ете алмады. Сол баяғы уыздай қалпы. Аппақ. Бір жарым жылдың ішінде таралып өсіп, денесі жұмырлана түскен. Бұрынғы көркіне көрік қосып, тіптен құлпырып кетті. “Мен, міне, бойжеттім, толдым-то­лыстым” деп, уыз жастықтың бар­лық гүлі шешек атып тұрғандай.

Биыл қыс аяғы ұзаққа созылды. Үшінші тоқсан аяқталып қалса да, аяздың беті қайтар емес. Екі күннің бірінде жорға боран ақ құйрығын сүйретіп, көше-көшенің бойымен бүл­кек-бүлкек желіп бара жатқаны.

Ажар факультативтік сабақтан кешігіп шықты. Ымырт жамырап, айнала ала-көбең тартқан. Жел ұйтқып, күпсек қардың көрпесін желпіп-желпіп қалады. Үйге таяй бергенде, бір қария қарсы жолықты. Таяғының ұшымен жерді сыйпалақ­тата түртіп, тәлтірек қағады. Қараң­ғыда қара көзілдірік таққан, басын кекжитіп айдалаға қарайды:

– Әу, қайсың барсың? Жәрдем­десіңдерші!

– Ата, не болды?

– А, қарағым, жақсы жолықтың ғой. Адасып жүрмін. Зағиппын. Осы маңда тірәктір көріне ме, апарып тасташы.

– Әне бір қызыл “К – 700” тұр. Сол ма?

– Иә, сол, айналайын.

Ажар соқыр шалды қолтығынан демеді. Қария тәлтіректеп аяғын әрең басады. Бұлар әупірімдеп жеткенде, қызыл трактор дүр етіп, болат құрсанған сом денесі арсы-күрсі қалшылдай жөнелді. Екі есік­тен екі жігіт қарғып жерге түскен. Сол-ақ екен соқыр шал жалбыраған аппақ сақалын жұлып алып, жасарып шыға келді. Сақ-сақ күліп қызды құшақтай алған. Екі жігіт үлкен қара тонмен басын бүркеп жіберіп, бақыруға шамасын келтір­мей, қапсыра көтеріп кабинаға бір-ақ тоғытты. Орнынан ышқына қоз­ғалған “К – 700” төбесінен қара тү­тіннің қарғасын қалбаң-қалбаң ұшы­рып, лезде қараңғыға сіңіп жоғалды.

Боранды түні Шонабайдағы шеткі үйдің шамы молынан жағыл­ды. Жатаған тоқал тамның барлық терезесі күлім қаққан кемпірдің қуанышты көзіндей сығырая жылт-жылт етеді. Қисық ауыз есік бір ашылып-бір жабылып, еңкейіп кіріп, тоң­қайып шыққан адамдардан бо­сар емес. “Молдаш келін әкепті!” деген сүйінші хабар дүңк етіп, екі кештің арасында біраз көрші-қолаң жиналып қалған.

Бір уақытта Молдаштың өзі сыртқа атып шықты.

– Молдашжан, құсың құтты болсын!

– Шешең байғұсты бір қуант­тың!..

Молдаш ешкімге қарар емес. Кең танауы делдиіп, қабағын түйіп алған. Сәлемдесе созылған қолдар мен күлімдеген жүздерді елең қыл­мастан, екпіндеген күйі қарсыда­ғы сиыр қораға қойып кетті.

– По, мынау қатын алмай жатып кісі танымай қапты ғой!

– Ой, енеңді с… әлдеқандай болуын!.. – деп соңынан өкшелеген күбір-күңкілді де естіген жоқ.

Қораның іші жап-жарық. Бүгінгі “Махаббат операциясының” бас дирижері қара-бұжыр Уахап пен белсенді артист Қуанғали күпсіте жайылған шөптің үстінде, құдасының төрінде шалжиғандай, малдас құрып қызара бөртіп отыр. Ортада­ғы төңкерілген легеннің үстіндегі “Московская особаяны” орталап тастапты.

– Қалай, беті бері қарады ма? – деді Уахап шайнаңдаған езуінде кильканың құйрығы қылтиып. Мол­даш басын шайқады. Көзі алайып, абыржып тұр:

– Көнетін емес. Осыны бекер істедік-ау деймін!

– Кетші-ей, қай қатын бірден келісе салушы еді. Тулап-тулап қояды. Талайды көргенбіз.

– Жоқ, мынаның түрі жаман. Көнбейді. Жібермесеңдер өлемін дейді!

– Ойбу, сене қалғаным. Ауызбен не демейді… – Әлдене есіне түс­кендей бас стратег Уахап көнтиген ернін жымқырып, сұқ саусағын көкке шошайтты. – Қап, жаңа каби­наның ішінде қатын қылып жіберуің керек еді. Сонда көрер едім көн­бегенін!

– Ей, малғұн, не оттап тұрсың-ей сен! – Молдаш қалш-қалш етіп тап бергенде, Уахап атып тұрып шегініп кетті. – Мені хайуан деп тұрсың ба? Өлсем де ондайға бармаймын. Мен оны сүйемін!

Қауіпсіздеу қашықтықта тұрған Уахап:

– Немене, сүйген адам сөйтпей ме екен! – деді арсызданып.

– Әй, әкеңді!.. – Молдаш жұ­дырығын ала жүгіріп еді, Молда­кең­нің солақай жұдырығын иіске­ген­дердің жағдайы қалай боларын жақсы білетін Қуанғали шырылдап араға тұра қалды екі қанатын жайып:

– Қойыңдар-ей, не болды сен­дер­ге қырылысып? Елден ұят емес пе!

– Әкең… бәрі сенің кесірің! Қай­дағы-жоқ пәлені ойлап тауып… – деді Молдаш әлі де Уахапқа ұмтылып. – Арандатқан сенсің!

Қуанғалидың қушиған арқасын Ұлы қытай қорғанындай көрген Уа­хаптың дауысы батыл-батыл шық­ты:

– Омай, шіркін! Сүйем-күйем, ол қызды алмасам өлем деп күнде ыңырсыған кім екен мазгамызды майыстырып? Мына бишара ғашық­тық дертінен ауруға шалдығып өліп қалар, сүйгенін әперіп сауабын алайық дегеннен басқа не жаздық! Қатын керек болмаса, қоя бер. Маған неғыл дейсің?

– Қоя берем. Боран түтеп кетті. Таң атсын, өзім апарып тастаймын.

– Қиын ғыпсың!.. Қоя берем дей­ді ғой. Саған керек болмаса, Қуан­ғали ала салсын! Босқа әуре болдық па?

– Ей, сыболыш, оттамай жап аузыңды. Әйтпесе тісіңді сынды­рам!

– Мә, мынаның қызғаншағын қара! – Уахап өңмеңдей ұмтылған Молдаштан тайсақтап Қуанғалидың тасасына қарай шегіне берсе де, тілінің бізін сұққылауын қояр емес. – Не өзі алмайды, не өзгеге бермейді!

– Менің өйтіп жыныма тиме, ұқтың ба? Онсыз да жаным күйіп тұр!

– Ойбай, мынау қатын үшін кісі өлтіретін пәле ғой!

– Бала боп кеттіңдер ме, қойың­даршы-ей! – Қуанғали айғайлап қо­лын сілікті. – Маған ештеңенің ке­ре­гі жоқ, қатыны құрсын! Бір емес еке­уін тастап, көргеміз ол қаншықтар­дың қызығын. Сыртта ел естіп тұр, тынышталыңдаршы. Қыз қайда кетер дейсің, оданда енді не істей­міз, мал соямыз ба, арақты қайдан аламыз – соны ойластырайық та.

Үш жігіттің апыр-топыр қимылы мен өжектеген дауыстарынан сес­кенген сынық мүйіз, буаз қара сиыр орнынан атқақтай тұрды. Көзі ала­йып, суланған танауын пыс еткізді…

Бұл кезде қоржын тамның бір басында Ажар жаны ышқынып арпалысып жатқан. Бағана тарпа бас салып, трактормен ала қашқан бейтаныс үшеу бұл ес жиям де­генше жерге түсіріп, бір үйге де­дектетіп кіргізіп жіберген. Бір топ әйел шу ете қалды:

– Шашу-у! – Төбесінен құрт-кәмпит сатұр-сұтыр жауды да кетті.

– Қадамың құтты болсын, қарағым!

– Оң аяғыңмен атта! – деп жа­самыс әйел басына гүлді орамал жапқанда, қайда келгенін бір-ақ біл­ді. Басындағы орамалды жұлып ап лақтырып жіберді.

– Жіберіңдер, кетем! – деп айғай салды. Жылап-бақырып, топты қа­тынды ұрып-тепкілеп жолатпай жүр.

– Сіңлім, ақылға келші. Мені де байым алып қашып әкелген. Құдай­ға шүкір, ешкімнен кем болғамын жоқ. Міне, жеті бала тауып отыр­мын! – деп бүйрек бет, шұбар қатын қиық көзін ойнатып, иығына қолын арта беріп еді, Ажар сарт еткізіп білегін қыршып алды:

– Кет, жоғал!

– Ойбай-ай, мына қаншық көк­бет қой! Қатын емес қасқыр шығар. Жұлып алды қан-жоса ғып! – деп шұбар қатын ойбайлап отыра кетті.

– Шырағым, тентек болма! – Бір жағына жантайып таяққа сүйенген егделеу аққұба әйел шегіншектеп анандайдан ақыл айтты. – Бәріміз де жылай-жылай көнгеміз. Сен де көнесің. Молдаштай жігітке жар болсаң, қор болмайсың. Жігіттің төресі!

– Өзің тиіп ал!

– Тәйт, жүзіқара, не дейд! – Ақсақ кемпір бір қызарып-бір боза­рып, теріс айналды. – Көргенсіз неменің сөзін!

Сөзге көнбесін білген соң қатын­дар шулап, жан-жағынан итермелей Ажарды төргі бөлмеге кіргізіп жіберді де, есігін жауып тастады:

– Көнбей қайда барады. Тулап-тулап қояды!

– Молдаш қайыным қасына бір түнеп шықсыншы, таңертең майы­сып өзі-ақ шай құйып отырады!..

Аласа, тар бөлме.Төрдегі қызыл гүлді көк торғын шымылдықтың жар­масынан жылтыр бас екі кісілік те­мір кереует көрінеді. Үстіне жүк жиып, тікірейтіп қос құс жастық қо­йылған. Алдынан тозақ күтіп тұр­ғандай, жүрегі одан сайын мұздап кетті. “Жоқ, ондайға көнбеймін. Одан да өлгенім артық!” Ажар көз жасын тиып, тастүйін тәуекелге бе­кінді. Аласұрып жан-жағына қаран­ды. Кереуеттің астында сынған қы­рықтықтың бір басы жатыр екен. Үп-үшкір, жүзі қылпып тұр. Уысына қы­са ұстады. Сол бойына күш берген­дей өжеттене түскен. “Өзім де өлем, зорлықшыны да өлтірем!” деген қатал сертпен түйіліп алды. Жігі ыр­си­ған көк тақтай есіктен ауыз үйдегі кеу-кеулеген дауыс пен дарылдаған күлкі кедергісіз естіледі:

– Тойдың алды осы болсын. Ал, алып қояйық!

– Ұзағынан сүйіндірсін!..

– Әкесі Рыбзаводтың бас инже­нері екен. Дөкеймен құда болдың, Шәмшия!

– Иә, Алда, балдарымды ба­қытты қыла гөр…

– Қой, жылағаны несі.

– Сенер-сенбесімді білмей есім шығып отыр… Алыңдар, алыңдар… Құ­да қаласа, той алда ғой. Аяқ ас­тынан апыр-топыр боп… дайындық болмай… Гүлжан-ай, үйіңде кәниәгің боса әкелші…

– Әй, Молдаш, сен неге сүлкиіп тұрсың? Келіншегіңнің жанына бар­саңшы. Әкелуін әкеп ап, қорқып тұрсың ба?

– Байқа, мінезі шатақ екен!

– Бар, бар. Қамап қоясың ба, сөйлес…

Есік жайымен сықырлай ашы­лып, бұйра шашы дудыраған, ұзын бойлы, аққұба жігіт кірді. Еңкейіп, қабақ астынан жасқана қарайды.

– Кешір!.. – деді дауысы естілер-естілмес міңгірлеп.

– Қай бетіңмен кешір дейсің? Мұндай жауыз зорлық кешірілмейді!

– Ажар, мен…

– Айтпа атымды! Жоғал, жақын­дама! – Ажар қолындағы қайшының ұшын кезеді. – Жарып өлтірем!

Жігіт тапжылған жоқ. Бәріне көндіккен шарасыз кейіппен жал­барына тіл қатты:

– Өлтіре бер. Сенсіз өлгенім ар­тық. Мен сені сүйемін, Ажар! Оным­ды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Былтыр дүкеннің алдында сыртың­нан бір көрдім де, есімнен айырыл­дым. Күндіз-түні ойымнан шықпай­сың. Мен дерттімін. Есалаңмын со­дан бері. Осылай іске қалай бар­ғанымды өзім де білмеймін. Кешіре алсаң – кешірші! Көзім соқыр, көңі­лім дерт. Ақылға құлар дәрмен жоқ…

– Зорлықшылдық – махаббат емес, өзімшілдік. Босқа әуре болма. Мұныңнан ештеңе де шықпайды. Мына қайшыны көрдің бе? Өткірдің жүзін серт қып ұстадым. Жақында­ғаныңды жарып өлтірем не өз жү­регіме қарш еткізіп бір-ақ қадаймын. Сөз – осы, серт те осы!

Жігіт басы салбырап біраз үнсіз тұрды да, кері бұрылды.

Ауыз үйдегілер анталап жолын кес-кестеді:

– Не болды, сөйлестің бе?

– Ашуы басылатын түрі бар ма?..

– Көнетін емес! Қоя берейікші… – Мойынын ішіне алып бір қырын тұқырайған Молдаштың дауысы тар­ғылданып шықты. Үстел басында тойлатып отырған қатындар шу ете түсті:

– Не дейді мынау? Есің дұрыс па өзі?

– Түу, мұндай ынжық болар ма? Дүрдиген құр сырты екен ғой!

– Қайным-ау, түңілме. Үйге кел­ген қыз қайда кетер дейсің, жылай-жы­лай жуасиды.

– Қой, ондай сөзді айтпа түге. Әкеп ап қоя береміні несі, ертең елге күлкі болмаймыз ба? Еркек емес екен демей ме!

– Мынау былқылдап қалыпты ғой. Бәсе, неғып пысық бола қалды десем бұл қарағым.

– Қойыңдаршы-ей! – Молдаш шарасыз күйікпен қолын бір сілтеп шыға жөнелген…

Есіктен тұмсығы жер иіскеп бір кемпір кірді бүкір бел. Биік табал­дырықтан “пысмылда!” деп екі ұм­тылып әзер көтерілді. Екі бетінің ұшы қызарған. Қатпар-қатпар әжім арасынан сығырайған көздері күлімдеп жылтың-жылтың етеді:

– Ий, айналайын, аппағым-ақ екенсің, аққудың балапанындай. Ал­ланың бізге нәсіп еткенін қарашы. Бақытты бол, қарғам!

– Қайдағы бақытты айтып тұр­сың сен, кемпір. Зорлықта бақыт бола ма екен? Егер жібермесеңдер, міне көрдің бе, бауыздалып өлемін!

– Тәйт, сандалма ары! Өле салу оңай болыпты-ау! Алып қашқан қыз­дың алды да, арты да сен емессің. Бидайдың баратын жері – диірмен. Ерте бастан орныңды тапсаң, несі жаман. Кетемін дегенді айтпа. Бұ­йыр­тып келген екенсің, балдай ба­тып, судай сің. Кетем десең, мә, үс­тім­нен аттап кет! – Бүкір кемпір бо­сағаға көлденең тоңқайып жатып ал­ды. – Атта кәне, теріс батамды бе­ре­мін, екі дүниеде жолың болмайды. Мен Хамза қажының немересімін, арқа қонған әулие. Ақылға кел, ба­лам. Жақсы жерге түстің. Молдаш менің жиенім. Арақ ішпейді құлы­ным. Жігіттің төресі. Осы ауылдағы талай қыздың қолы жетпей жүр емес пе. Ананы ал, мынаны ал де­сең, бірін менсінбейді. Кәстөмінің тө­сі жарқырап былтыр әрмиясін біті­ріп келді. Осындағы таудай жал­ғыз қызыл тірәктірді менің құлыным ай­дайды дүрілдетіп. Жылда кірәміт ала­ды. Ойбү-үу, қарағымның несін айтасың, тек тіл-көзден сақтасын де!.. – Аздап “қызыл шайдан” ұрттап алған кемпір жиенін мақтауға сөз таба алмай міңгірлеп жатып қор ете түсті.

Есіктің арғы жағындағылардың өз базары өзінде. Біріне-бірі дес бер­мей сөйлеп, күліп гу-гу. Бір әйел ма­саң дауыспен “Ах-ау” деп ән бастап еді, бәрі үздік-создық дарылдап қостай жөнелді:

– Арба айдаған дегенде, арба айдаған-оу!

Айдай алмай арбасын жарға айдаған-оу!

Қызға келсе баспалап түнге қарай-оу,

Ит арс етіп алдынан сор қайнаған-оу!

Ахау, Айдаш-ай… Жо-жоқ,

Мол­даш дейік.

Ахау, Молдаш-ай,

Кудә пәйдөш-ай?

Мені іздесең, ей, қалқа,

Везде нәйдөш-ай!..

Ажар сықырсыз есіктің ілгегін сал­ды. Тез бойын жиып, киімін түй­ме­ленді. Сығырайған жалаң қабат қырық жылғы лақса терезе жақтауға сырттан кигізілген екен. Бетіне құс жастықты тіреп, бар салмағымен ите­ріп қалғанда, күпсек қардың үстіне сылдырсыз ұшып түсті. Ұйтқыған жел қар үйіріп ішке лап қойды. Ажар апыл-ғұпыл жерге секіріп түсті де, жү­гірген күйі қараңғыға сіңіп жоғалды. Көк пен жердің арасы тұтасқан ақ дүлей. Ысқырып, ұйтқып, беттен сабалап көз аштырар емес. Омбы қардан бір жығылып-бір тұрып, жан­ұшыра алға ұмтылады. Қайда бара жатқанын өзі де білмейді. Тек қар­ғыс атқан осы маңнан тезірек қарам­ды өшірсем деген жалғыз тілек, да­мылсыз жанталас. Жүгіре берді, жү­гі­ре берді. Өкпесі өшіп сәл тыныс­тап алады да, қайтадан бар күшін са­лып, тыпыр-тыпыр бір желіс, бір бүл­кекке көшеді. Бойын жылтып сәл паналай тұратындай қаңыраған бос қора не совхоздың үйілген маясы жолыға ма деп айналасына қара­ғыш­тайды. Ысылдап гуілдеген са­ңылаусыз тас бітеу кеңістік. Етек-же­ңін, жалбыраған қалың шашын қар кеулеп, үйірген боранға бір қырын ықтай берді. Әлі құрып қайта-қайта құлап түседі. Біраз жатып, лез­де үстін сыйпап көміп тастаған қар­дың арасынан тәлтіректей түреге­ле­ді. “Тоқтама!” деп жүр-жүрлеген ес­­сіз түйсіктің жетелеуімен тағы да ілбиді сүріне-қабына. Ысылдап құ­йындатқан боранға ілесіп әлдебір ұлыған дауыс есітілетіндей еміс-еміс. Анандайдан бір шоғыр көкшіл жарық бір сөніп-бір жанып жыпылық қағады.

Бұл кезде Ажар бір жығылып-бір тұрып, өңі не түсі екені ажырағысыз сағымдай бір бұлыңғыр елестің арасында малтығып келе жатқан…

* * *

Ертеңінде “Ажарды алып қашып кетіпті” деген хабарды естігенде, төбемізден жай емес, тура атом бомбасы түскендей жайрап қалдық. Класта отыр едік, сабақты тастай сала, еркек кіндікті он екіміз сыртқа атып шықтық. Ес жоқ, бақырайып бір-бірімізге қараймыз. “Ажарды бі­реуге беріп қоямыз ба? Құтқару керек!” Бәріміздің көкейіміздегі сөзді Төрехан айтты. Клубтың алдына оншақты жігіт жиналып қалған екен арқасы күжірейіп. Бәрі де Ажардан дәмелілер. Әділхан тіркемелі көк “Беларусін” тырқылдатып көлде­нең­дей тоқтаған. Ғашықтар гвар­дия­сы жапырлай тіркемеге қарғып-қарғып шықтық. Ешқайсымыз сөй­ле­мейміз. Құлақшынымыздың ба­уын иек астынан шарт буып, қаба­ғымызды қарс түйіп алғамыз. Қолы­мызда бір-бір таяқ ұзынды-қысқа­лы. Ішіміздегі буырқанған қыжылды езуіміздегі дамылсыз бұрқ-бұрқ еткен темекінің түтіні айтып келеді.

Боран таң ата басылған. Айнала жылмиған бітеу ақ жұмыртқа. Шақы­райған күн қармен шағылы­сып көз қариды. “Шонабай, қайдасың” деп жолдың нобайымен төтелей сызған трактор ой-қырдан шоқалақтап жүрісі өнер емес. Бір уақытта кілт тоқтап, Әділхан жерге секіріп түс­кен. Не болды деп жан-жағымызға қарағанша, етпеттей кетіп өкіріп қоя берді. Үрпиісіп біз де жапырлай жерге түстік. Қурай-бұтаның басына ілініп жалбыраған шаш, қанға малшынып дода-дода шашылған киім. Бүтін денеден екі табан мен екі алақан ғана қар бетінде шаншылып жатыр. Сойдиған қызыл-ала қаңқа­ға бір топ қарға-сауысқан құнжың­дап таласып үймелейді.

Сол жерде өңкей бажа бір-бірімізді құшақтай алып, өкіріп жі­бердік. Бақырып, сыңсып, еңіреп… түрлі да­уыспен зар қоса өксіп азан-қазан бол­дық та кеттік. Мұрны­мыз­дан боқ ағып, дода-додамыз шы­ғып, иен да­ланы басымызға көтеріп шай қай­на­тым боздадық… Сол күні біз ғана емес, бүкіл ауыл күңіренді. Түні бо­йы алай-дүлей дауыл ұйт­қып, мек­теп­тің шатырын төңкеріп тастады.

Бүкіл ауыл жылап жүріп, Ажар­дың сүйегін жиып-теріп жалғыз те­ректің түбіне жерледік. Ұзын жол­дың бойында арлы-берлі өткендер бір-бір қарап күрсініп өтеді. Ғажа­йып нұрлы ажарымен талай жүректі сәулелендірген жас өмірдің аяныш­ты ескерткіші алыстан мұңая қарап, айта алмай кеткен құса-өкінішін үн­сіз сыбырлап тұрғандай.

Сол күннен бастап мен өлең жазғанды қойдым. Расы, қойдым емес, жаза алмайтын болып қал­дым. Ойлана алмаймын, толғата алмаймын, жүрегім алып-ұшып, алаулап-жанып шалықтай алмай­мын. Бұрынғы топастау, доғал қалпыма түстім. Селқос, марғау. Шығармадан соңғы емтиханда әзер үшке іліктім. Ойым шашыраңқы, қаламым кібіртік, аузыма сөз түс­пейді мүлдем. Бір күні балалардан жасырынып барып, бүкіл жазған өлеңдерімді жыртып-жыртып, Ажар­­дың бейітінің үстіне шаштым да жібердім. Ұйтқыған жел ақ па­рақтарды қарға тигізбей іліп алып үйіре жөнелді. Сыбырлап, сыбдыр­лап арлы-берлі аударылып-төңкеріліп шарықтап барады. Бірте-бірте ақ парақтар бір-бір аққуға айналып кетті. Жамырай үн қосқан сансыз аққу сыңсып, сұңқылдап аспан астын шуылдаған шерлі сағынышқа толтырды. Жалғыз бейіт қалқайған жым-жырт даланы мұңлы махаббат жыры әлдилегендей. Мен өзімнің көз жасыма шыланған балалық жырларымның үзік-үзік жолдарын аққудың қанатынан соңғы рет сыбырлап оқып тұрдым.

Біреулер кейін түн ішінде Ажар­дың бейітінің үстінде аққулар сың­сып ұшып жүреді екен десті, өздері көрінбейді, дауысы ғана естіледі деп аңыз қылып жүрді.

Ажарға ғашық біздер бір-бірімізден қызғанып, іштей бәсекелес едік. Алакөзденіп ілінісе кетуге әзір тұратынбыз. Енді, міне, бір жүрек, бір тілекпен қайта табыстық. Бір жүрекпен қайғырамыз, бір жүрекпен жылаймыз. Қыс аяғы ұзаққа созы­лып, сәуірдің ортасына дейін бұр­қасындатып тұрды. Он екіміз күн сайын сабақтан кейін, боран боп тұрса да, Ажардың басына бір со­ғып қайтпай көңіліміз көншімейтін. Аласа темір шарбаққа сүйеніп, ба­сы­мыз салбырап үнсіз егілеміз. Ыс­тық жасымыздан қардың беті пыс-с етіп буланғандай ойылып тү­се­ді. Қаз-қатар қарайып дөңгелен­ген он екі шұқанақ. Көктем туа, Құ­даның құдіреті, сол шұқанақтан он екі тал қызғалдақ көктеп шықты. Қияқтары тарамдана бой созып, көп өтпей қа­уыз жарды. Бәрі қып-қызыл. Тұрған орнымызға қарай, “мы­нау менікі” дейміз әр талын ием­деніп. Жаңбыр жаумаса да, біздің көз жасымызбен көктеп, шыжыған ыстықта қып-қызыл шешек атып тұрды.

Ауыл қаңырап бос қалды. Қызық жоқ. Жайнатып тұрған жалғыз тал қызыл гүлді бір зорлықшыл зұлым қол жұлып алып кеткендей. Бұрынғы жұпыны, самарқау тірлігімізге көштік. Басқаны білмеймін, әйтеуір маған солай көрінеді.

Ажардың анасы “Рыбзаводта” бухгалтер еді. Күйікке шыдамай есі­нен танып құлай береді деп ести­тінбіз. Көп өтпей құтсыз мекеннен біржолата көшіп кетті.

Қыз алып қашқыш зорлықшыл­дарды көрге қоса тығайық деп бір топ көңіл бажа іле-шала трактормен сайланып барып едік, жер сабап қайттық. Милиция сол күні-ақ ұстап әкеткен екен. Молдаш деген қош­қарды төрт жылға соттады, қалған екеуіне екі жылдан берді. Қара-құрым боп ентелеп жеткен бізді залға кіргізген жоқ. Үкімді естігенде, дүр етіп ішке лап қойдық. “Ату керек! Сот әділетсіз! Взяточник!” деп ай­ғайға бастық. Милиция төбемізден мылтық атып, дубинкамен соғып әзер қуды. Әділхан айғайлап боқ­тап, терезені таспен бір перген. Сол жерде төрт милиционер қолын бұ­рап, машинаға бір-ақ тықты. Он күннен кейін қырық жырым тыртық басы жалтырап ауылға оралды.

Уақыт көші бір орында тұрсын ба, өз кезегімен алға жылжи берді. Мектеп бітірісімен әрқайсымыз әр қиырға сапар шектік: біріміз – оқуға, біріміз – әскерге. Жаңа күннің әлем-жәлем қызығы жетелеп бөгде бір әлемге кіріп бара жаттық. Бәрі тосын, бәрі таңсық. Бірінен-бірі ыстық көрініп, көз арбап тұңғиығына тарта түскендей. Енді өткеннің балдан тәтті қызығы да, күйікті қа­сіреті де көңілден көмескіленіп ше­гініп бара жатты. Кейде еріксіз Ажарды есіме аламын. Жабырқай­мын, күрсінемін. Бірақ бұрынғыдай арпалысып, өртеніп-жанған жан азабын шекпеймін. Басқа бір адам­ның басынан кешкен күйіктей са­бырлы аянышпен мұңаямын.

Күйбің тірліктің әбігерімен ара­да біраз жыл өтіп те кетті. Әлгі бәрі­мізді зарлатқан, бәріміді сор­латқан Молдаш сұм бір жарым жылдан соң шартты мерзіммен бо­сап шықты деп естідік. Үшінші курста әкем нау­қастанып, жағдайын білуге ауылға кел­генмін. Үш жылда бірінші рет құ­ран оқиын деп Ажар­дың басына соқ­тым. Зиратқа таяй бергенімде, әл­де­бір көлеңке көлбең етіп анан­дай­дағы қалың қау қурай­дың ара­сына сіңіп кеткендей болды. Көзіме сен­бей елес пе дейін десем, қурай­лар­дың басы жапыры­ла тол­қып тұрды.

Қабірдің топырағы отырыпты, беті сарғайып кеберсіп жарылған жайдақ төмпешік қана. Баяғы біздің көз жасымыздан көктеген он екі тал қызғалдақ жоқ. Тек төмпешіктің бас жағына бір шоқ қырмызы өсіпті. Қып-қызыл боп жайнап тұр.

Бір ұяның балапанындай түлеп ұшқан достардың шұрқырасып бас қосуы сирек. Бірі – ойда, бірі – қырда. Шанда бір сәті түскенде, қай-қайдағыны еске алып қауқылдасып қаламыз. Байсал тартқан, бір-бір шаңырақтың иесі, бетте әжім, жай оғындай жарқ-жұрқ еткен көздегі от көмескі, осыған да тәубе деген бір бойкүйез шүкіршілік. Сөз арасында бәріміздің Ажарға ғашық болға­ны­мызды айтысып, “әй, балалық-ай!” деп күлісіп қоямыз, жас кездегі өтті-кетті жәй бір шалдуар ақымақ­тық секілді нәумез қалыппен. Әзелден теріс-қағыс сөйлейтін қара Ахмет:

– Бір есептен, ол қыздың өліп қалғаны да жақсы болды! – деді түйеден түскендей дүңк еткізіп. Ба­лабек одырая қарап, құйрығынан теуіп қалды:

– Не оттап отырсың-ей?

– Егер осы отырған біріміз ал­сақ, бәріміз соған жау боп кетер едік!

– Бәрібір саған тимес еді!

– Сөзің құрсын, саған ес кірмей­тін шығар! – Темірхан қабағын кіржитіп, жерге шырт түкірді. Әңгі­мені басқа жаққа бұрғысы келді ме, арманшыл Төрехан:

– Шіркін, Ажар тірі болғанда, осы күнде қандай келіншек болар еді! – деді күрсініп. Ешкім үндеген жоқ. Әркім өз қиялында небір перизатты елестеткен шығар. Бірақ менің жүрегімдегі Ажардың бала бейнесі бәрінен сұлу еді.

* * *

Бұл өмірде Ажарды мәңгілік махаббатпен жүрегінде әлдилеп, күңіреніп өткен бір адам бар еді. Ол – Молдаш. Күйікті өкініш оны оң­дырмай соқты. Түрмеден шала есті, меңіреу боп оралды. Ештеңеге селт етпейтін сұлық, күні бойы мелшиіп бір орында отырғаны не өзінен-өзі ыңылдап арлы-берлі теңселіп жү­реді де қояды. Біреу шалық соққан деді, біреу түрмеде басына зақым тиген-ау десті. Шешесі байғұс шырылдап жүріп дәрігерге қаратты, бақсыға ұшықтатты, моллаға оқыт­ты. Бәрібір оңалмады. Дудыраған сары бұйра шашы төбесіне жал­быратып үйе салған бір шөмеле сабандай. Қау боп өскен жирен са­қал-мұртының арасынан көзі жыл­тырап, мұрнының ұшы әзер көрі­неді. Көлденең ұстаған таяғын сау­сақ ұшымен сипай қағып, мұңлы қо­ңыр әлдимен талықси төмендеп, іле бебеулете ышқынып бір тұңғиық зарды тынымсыз ыңылдайды. Бұ­рын ел “тракторист Молдаш” дейтін, енді “диуана Молдаш” атанды. Жаз шықса апталап жоғалып кетеді. Ондайда жоқ іздеген біреулер “әлгі қасқыр жеген қыздың бейітінің жанынан көрдік” деп айтып келетін.

Көп өтпей бүкір кемпір де, жалғыз сиырдың бауырын тартып, ағарғанын жалғызының аузына тосатын бейшара шеше де өлді. Шеттегі жапырайған қотыр там қаңырап жетім қалды. Шалқасынан ашылған есіктен ит те кіреді, құс та кіреді. Оған қарап жатқан Молдаш жоқ. Бұл кезде қу таяқтың орнына қолына домбыра ұстайтын болған. Қыл мойын, қошқар құйрық күмбір қаққан қара домбыра. Түнде құшақтап ұйықтайды, тұрса ішегінен саусақтары ажырамайды. Ыңылдап өксіп, үздіккен жүрегінің үнін қара домбыраның шанағына құя берді, құя берді… Бір күні бейуақта қо­ңырайған қотыр тамның аузы-мұрынынан бұрқ етіп, бір алапат сырлы тасқын бұрқырап-сарқырап төгілді-ай дейсің. Талықси өксіп, құбыла шалқып қолқа суырған зарлы сағыныш бебеу қағады. Бүкіл дүние егіле өксіп тұр. Жел де ішін тартып тына қалған. Жапырақтар сыбдырсыз. Жаңа туған жас жұл­дыздар жанарынан жылт-жылт маржан төгеді.

Телевизор, кино түгіл электрі жоқ қияндағы қарусыз қалған ауыл­ға енді жылт еткен қызық табыл­ғандай болды. Кеш болса топырлап жапырайған жаман тамның алдына жиналады. Үңірейген сынық терезе, аңырайған қисық есіктен күмбір-күмбір күңіренген қара домбыраның күйін сағаттар бойы тыңдап, түннің бір уағында қоңырайып, күрсініп қараңғыға сіңіп бара жатады.

* * *

Падашы Смаил көлшіктің жаға­сына отарды жусатып салып, жал­ғыз қарағаштың дөңгеленген көлең­кесінде түстігін қаужаңдауға кіріс­кен. Кенет қойдың шеті дүр етіп үр­кіп, қасында тілі салақтап етпеттеп жатқан жырық құлақ Ақтөс абалап ұшып тұрды. Шидің басынан мо­йынын соза қараса, жанай өткен жолдың жиегінде киіз қалпағы өзінен үлкен боп қалқайып біреу тұр. Велосипед мінген. Жүк арт­қышында буыншақ-түйіншегі бар. Арқасына сөмке асынған. Смаил емпеңдеп қасына барды. Алыстан ауыл арасында жүрген бала ма деп қалған.

Қырым еті жоқ, қақпыш денелі кексе кісі екен. Шабдар бет, ақшыл-сары. Сұрғылт спорт шал­барының оң балағын кірқысқышпен қысып қойыпты.

– Ассалаумағалейкум. Жол бол­сын, ағасы!

– Әликумсалам. Әлей болсын!

– Танымадым ғой, ағасы?

– Танымасаң төріңді көрсет­пейсің бе? Тергеп-тексеріп алмай аттан түсірмейтін еліңнің салты бар ма? Қаталап кеттім, бауырым. Ай­налада таңдай жібітетін бұлақтың суы да жоқ қой, жүдә!

– Ойбай, жүріңіз. Даланың төрі де, үйдің де төрі сіздікі.

Велосипедті шидің арасына жантайта салып, екеуі қарағаштың саясына жайғасты. Көлеңке қана­тын желпіп салқын деммен тыныс алып тұр. Смаил киізбен қапталған үш литрлік пластик құтыны шайқап-шайқап, бидай көжені кәрлен тос­тағанға толтыра мейманға ұсынды.

– Уһ, жаным-ай, мұп-мұздай бап екен! Тағы да.

Мейман екіншісін сіміре тартып, маңдайының терін сүртті.

– Мына ыссыда қалай мұздай ғып ұстайсың?

– Киізге анда-санда су сеуіп қойсаң болды.

– Конденсат. Қазекем түйе ба­ғып жүріп-ақ физиканың заңын біл­ген-ау,ә! Жә, енді жөн сұрассақ бо­лады. Мен алыстан келем, Алма­тыдан.

– Мына белсепедпен? – Смаил сары дала, шақырайған күннен жасқана-жасқана сығырайған шегір көзін жарқ еткізіп ашып алды.

– Алматы ит өлген жер деуші еді, жақындап кеткен бе?

– Сол орынында, 1357 шақы­рым осы жерге дейін.

Смаил таңдайын шықылдатты. Машина, самолет тұрғанда, ауыл ара­сында мал қарайтын балалар­дың темірімен тепеңдеп не сорым деп тұр.

– Қанша күнде жеттіңіз?

– Қона-түстеніп 23 күн жүрдім. Мұнікі не әурешілік деп тұрған шы­ғарсың. Е, бауырым, айтсам түсін­бес­сің. Бұл темір аттың сәйгүліктен бір кемдігі жоқ мен үшін. Ат арқа­сындай, өз желігі бар мұның да.

– Туысшылап жүрсіз бе?

– Туыстан да қымбатымды іздеп келдім! – деді мейман жұмбақтай жымиып.

Бұл Темірхан Әл-Түркістани дейтін жиһанкез журналист-жазушы еді. Көп жылдан бері “Қазақ радио­сында” істейтін. Жаз болса, өстіп қазақ жерінің қиырын шарлап ке­теді. Тұнық көлін, аңызақ шөлін, тау-орманын көз аясына тұндырып, әр ауылдың сөз білетін үлкен-кішісімен сырласады, таңдайын сауады. Көр­ген-түйгендерін көкірегінде түрлен­діріп, “Туған жер таңғажайыптары” деген тамаша кітаптар циклін жазып жүр. Биыл мен баспаған қай төбе бар деп картаға шұқшиып отырып осы өңірге құсы түскен.

– Иә, Сәке, ауылыңда не байлық бар?

– Қой бағамыз, сиыр жаямыз, одан басқа не байлық болсын бізде.

– Қой-сиыр әр ауылда бар. Те­мір соғатын ұста, кілем тоқитын ісі­мер қыз-келіншек, сөз білетін қария, өнерпаз жастар бар ма дегенім ғой.

– Өнер алды – жан баққан бо­лып кетті ғой, ағасы. Бұрын ақын да, әнші де бізде еді, күнде думан, күн­де той боп жататын. Күнкөрістің қа­мымен бірі ойға, бірі қырға торғай­дай тозып кетті. Қаңыраған ауылдан не табады? Ең болмаса светі де жоқ.

– Оған не болды?

– Міне, көрмейсіз бе? – Смаил сап түзеп серейген сирақтарын сіл­тей басып, жол жиегімен ұзап бара жатқан бетон бағандарға қарай қыл­танақсыз көсе иегін көтерді. – Бая­ғыда домбыраның ішегіндей күмбір­леп тұрушы еді. Қамшының сабы­мен тық еткізсең, зыңылдап күй ша­латын.

– Не жау тиді?

– Сырттан шапқан жау жоқ. Бұл қытай деген қыл-қыбырға дейін жалмай беретін жалмауыз екен ғой. Алюминий керек деген соң, ішіміздегі бір жүліктер түн ішінде баған басын­дағы бүкіл сымды сыпырып алып, соларға сатып жіберіпті.

– Е, күйсегеннен басқа өнеріміз жоқ де. Онда ауылыңа бұрылып әуре болмай-ақ қояйын.

Мейман қайыр-хош айтысып, темір атына мінді. Селтиіп тұрған Смаил сәлден соң әлдене есіне түскендей, қиқалаңдап ұзай берген мейманның соңынан айғайлап, қолын бұлғады:

– Оу, Тәке, Тәке, тоқтай тұр?

– Не болды?

– Жаңа ұялып айтқым келмеп еді. Біздің ауылда бір диуана бар. Асқан күйші. Ерінбеген қатын-қалаш күнде барып соның күйін тыңдайды. Біздің қатын әйтеуір күнде жылап келеді.

– Ойбай-ау, бағанадан бері со­ны айтпадың ба, қой-ешкіңді түген­деп мақтанғанша!..

Екеуі отарды жая өргізіп, кеш бата ауылға жеткен. Смаил серкеш со­йып қонақ етті. Ертеңінде Мол­даш­тың үйін сыртынан көрсетіп жі­бер­ген.

Ақ-бұйра шашы жер-көкке сыймай қобырап арқасына төгілген, ақбұйра сақал-мұрты дудырап бет-аузын жапқан ескі өңді, арса-арса біреу ала-көлеңке бөлменің төрінде қара домбырасын құшақтап қалғып отыр. Сәлем берді. Үндемеді. Алыс­тан келгенін айтты. Үндемеді.

– Қария, қаншадасыз? – деген­де, сәл езуін тартты.

– Менің жасым жоқ. Жиырма жыл бұрын өліп қалғанмын…

Молдаш бәлсінбеді. Өз-өзінен толғағы келгендей көзін жұмып, шай­қала қозғалып, еті қашқан салалы саусақтарымен шанақты дабылда­та қағып-қағып жіберіп, қос ішекті қуа­лай үн біткенді қақтап сауып бе­зілдете жөнелді. Ұшынып-ұйтқыған аласапыран бебеу бойды алып, кеулеп кеміріп барады. Әзидолла мен Төлеген, Нұрғиса мен Секеннен бастап отыз жыл “Алтын қордан” күй­дің небір дүлдүлін естіген құйма­құлақ Темірхан алай-дүлей көкірегі сілкініп, есеңгірегендей отырып қалды. Мынау бір тосын ырғақ, шері мен сырын сыбырлай өксіген шиыры бөлек сарын. Күй дейтін күй де емес. Ешқандай қалып-өлшемге сыймай асып-төгіліп шалқып жатқан көл-көсір телегей, сыңғырлы, си­қыр­лы полифония. Япыр-ау, тілсіз домбыра осынша шешен сөйлер ме! Күрсінтіп, күңірентіп, тербеп-толқытып, іштегінің бәрін үңгіп, тілмен жеткізе алмас, көңілмен ғана түйсінерді түгелімен айтып жатыр. Тоқтамай бір жарым сағат бебеу­летті кәрі шанақтың қарлыққанша үнін сарқып. Тоғыз тарау екен, нақышы түрлене құлпырып бірімен-бірі үндесіп отырады. Темірхан жеті рет тартқызып, жеті рет жылады. Әр тартқанын магнитофонға жазып, бейнетаспаға түсіріп алған.

Бір айдан кейін Молдаштың күйі “Ажар” “Шалқар” радиосынан ша­лықтап, жалпақ жұртқа тарады. Есіт­кен жанның жүрегі езілмейтіні жоқ. Мұңайып, күрсініп, неше түрлі шарпысқан қиялмен ойға шомып отырып қалатын.

Музыка әлемі дүр сілкінді. Бө­лек бітімді құбылыс деп тамсанды бәрі. Ең қызығы – бұл күйді Мол­даш­тың өзіндей нақышын келістіріп ешкім тарта алмайтын боп шықты. Бұрма-бұлтағы, ырғақ лүпілін дөп ба­сып ұстау мүмкін емес. Ол үшін Мол­­­даштың жүрегіндегі бебеу қақ­қан бүкіл дірілді өз жүрегіңе айныт­пай көшіруің керек. Қазіргі заман­ның дүлдүл күйшісі Секеннің өзі бір тарауының қиюын әзер келтіріп, ары қарай бойлауға жүрегі дауала­мап­ты деседі. Бұл күйді естіп таңыр­қа­ған Игорь Крутой соның негізінде тұтас симфониялық цикл жазып­ты…

Молдашты бүкіл ауыл жақсы кө­ріп кетті. Әсіресе асай-мүсейін ар­қалап Алматыдан келген дөкей жазушы киноға тартып әкеткеннен кейін. Смаил: “Япырай, бүкіл ауыл­дың мал-жаны Молдаштың тырна­ғына татымай қалды-ау. Кісіміз де, киеміз де жалғыз Молдаш екен ғой!” дейтін ел жиылған жерде ілікке себеп болғанын өзінше мақтан ғып. Молдашты бірі аяп, бірі құрметтеп, тұрмыстан тарықтырған жоқ. Көрші­лері кезектесіп ас-суын әкеп тұра­ды, бірі кірін жуып, киімін жамап бе­ре­тін. Қыста от жағып үйін жылтып қояды. Бірақ Молдаштың алқам-салқам есігі қысы-жазы жабылған емес. Әкелген тамақты жан-жақтан жиылған ит-мысықпен бірге бөлісіп тойлатып отырады.

Бір күні Молдаш бейіт басында­ғы жалғыз терекке арқасын сүйеп күй шалып отырған. Қалғып кетіпті. Түс көрді. Жиырма жылдан бері бірінші рет Ажардың жүзі көз алдын­да жарқ етті. Ақ сағым арасынан бұлдырап қарайды. “Кештім!” деді сыбырлап. Кел дегендей қолын бұлғады өзіне шақырып. Молдаш жүрегі кеудесіне сыймай атқақтап ұшып тұрды. Қуанғаннан есі шығып кетті. “Қазір барам, жаным, қазір! Өмір бойы күткенім осы еді ғой!” Шар­қ ұрып жүріп күрек-сүймен тауып әкелді. Ажардың қабірінің дәл іргесіне жанастыра көр қаза бас­тады. Тыным таппай ақ тер-қара тер боп, түн жарымы ауа бітірген. Та­ңертең көршілеріне барып:

– Мен бүгін түс ауа өлемін. Кө­рімді қазып даярлап қойдым. Кө­зімді қарға-сауысқан шоқып тас­тамасын, көме салыңдар! – деп кері бұрылып жүре берген.

Бейіт басына келіп қара домбы­расын соңғы рет бебеулете тартып, теректің бұтағына ілді. Қайшымен тырнағын алды. Жыраның түбіндегі қар суынан қалған көлшікке сабын­данып ұзақ жуынды. Шашын, сақал-мұртын тарап, таза киімін киді. Со­дан соң көрдің ішіне түсіп, шалқа­сынан жатты да, екі қолын кеудесіне айқастырып, калимаға тілін келтір­ді. Дұғасын күбірлеген күйінде көзі ілініп кеткендей, жүзіне мейірлі ты­ныштық үйіріле, үзіліп жүре берді. Дәл осы мезетте жердің бір қиырын­да мен де жан тапсырған едім.

Қырық күннен бері қара дом­быра ызыңдаған жел, сыбдырлаған жапырақпен үн қосып бебеу қаға зар төгіп тұр. Иесінің жиырма жыл бойы көкірегін сауып шанағына құйған кү­йікті шерді күндіз-түні ақтарып тауы­са алмай жатқандай. Ымырт құша­ғында мүлгіген дала мұңая күрсі­неді.

Мен туған жерімді қия алмай шырқау көкте ұзақ шарықтадым. Міне, Ажардың зиратының үстінде қанатын сыбдырсыз қағып, мың-сан аққу қалықтайды. Менің бала жү­регімнің періште жырларынан жа­ра­тылған ақ құстар. Ақ қағаздың бетіне мөлт-мөлт тамған мұңлы ма­хаббатымның тамшысынан сыңсып ұшқан аққуларым менің! Өксікті сырларымды дұғадай сыбырлап, сыңсып, сұңқылдай ұшады. Бақи­дың терезесінен ғана шалынатын пейіштің бұл аққуларын, өкінішке орай, жер бетіндегі сіздер, көре алмайсыздар, әлбәтте. Бәлки, қа­раңғы түнде зираттың тұсынан жа­най өткен бейсауат жолаушыға аққудың сыңсыған мұңлы дауысы естілсе естілетін шығар, еміс-еміс?

Тұрысбек СӘУКЕТАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp