«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІРІ ҒАЛЫМ, ТАЛАНТТЫ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының ака­де­мигі, Қазақстан жоғары мектебінің ұйымдастырушысы, рес­публикаға еңбегі сіңген ғылым қайраткері, химия ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Молдахметовті спектроскопия және кванттық химия бойынша зерттеулердің негізін қа­лау­шы­лардың бірі десек, қателесе қоймаспыз. Ол – бар саналы ғұмырын ғылым мен ағарту ісіне арнап өткен жан. Туған жері – Жамбыл ауда­нының Октябрь ауылы. 1933 жылы 3 тамызда осы қасиетті жерде дүниеге келген. 1956 жылы Абай атындағы Қазақ педа­гогикалық институтын және Мәскеудегі М.В.Ломоносов атындағы химиялық технологиялар институтының ас­пирантурасын бітіргеннен кейін Қазақ мемлекеттік университе­тінде физикалық химия кафедрасының оқытушысы, зертхана­ның аға ғылыми қызметкері, Қарағанды мемлекеттік универси­тетінің проректоры, қазақ химия-технология институтының ректоры, Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры, Ұлт­тық ғылым академиясы Орталық Қазақстан бөлімшесінің академик-хатшы, органикалық синтез және көмір химиясы институтының директоры, Қазақстан-Ресей университетінің ректоры қызметтерін атқарды.

Ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты органикалық молекулалар­дың фотохимиясы мен фотофизика­сын, сондай-ақ теориялық және қол­данбалы спектроскопиясын, квант­тық химия мен органикалық молеку­лалардың реакция қасиеттерін зерттеуге арналған. Ол – 350-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 6 мо­нографияның, 6 авторлық куәлік пен патенттің авторы. Орталық Қазақ­стан өңірінің негізгі жоғары оқу орны – Қарағанды мемлекеттік универ­ситетінің дамуына үлес қосып, кәсіби қызметі осы өңірмен тығыз байланысты болды. Ғалым шахтерлар астанасына келгенде ғы­лыми және педагогикалық жұмысы­ның бірқатар тәжірибелерімен бөлісетін. Зекең Мәскеудің М.Ломоносов атындағы химиялық технологиялар инсти­ту­тының аспирантурасында оқып жүргенде табысты еңбек етті (1959-1962ж.). Талантты химик-экспери­ментші кеңестік ғылыми химия мек­тебінің үздік педагогтарының басшылығымен іргелі ғылымды талмай меңгерді.

“Мен оларға орны үлкен зерт­теу­шілік қызметім үшін қажетті білім кө­лемі, дағды және ғылыми ізденісім үшін борыштымын”, – деп отыратын сол жылдарды тебірене еске алған­да. Физика-математика ғылымдары­ның ғылыми дәрежесін алу үшін “Мо­лекулалардың тербелмелі спектр­ле­рі­нің екінші қатарының күйін зерт­теу” тақырыбындағы кандидаттық диссертациясы жаңашылдығымен және ғылыми идеясының тереңді­гі­мен әріптестерінің назарын аударт­ты. Ғалымның бұдан кейінгі Киров атындағы Қазақ мемлекеттік универ­ситетіндегі, Целиноград педагогика­лық институтындағы оқытушылық, ғылыми және әкімшілік іс-әрекетіне лайықты баға беріліп, “Ерен еңбегі үшін” медалімен, ҚазССР Ғы­лым академиясының “Ғылым сала­сын­дағы жемісті еңбегі үшін” грамо­тасы­мен марапатталды. Қарағанды­дағы ҚазССР ҒА Химия-металлургия инс­титутының қабырғасында Қ.Сәт­баев, В.Грузинов, В.Михайлов, Е.Бөкетов, Ә.Сағынов сияқты таны­мал академиктердің ықпалымен көр­некті химик-ғалым ретінде қа­лып­тас­ты. Диссертациясын табыс­ты қорғап, ғылым докторы атағын ал­ғаннан кейін еңбек жолын Қара­ған­ды мемлекеттік университетінде ғылыми жұмыстар жөніндегі прорек­торлықтан бастады. Алғашқы күн­нен бастап ол ҚарМУ ректоры, ака­демик Ебіней Бөкетовпен тығыз қа­рым-қатынаста жұмыс істеп, бар­лық бастамаларына қызу қолдау көр­сетті. Ебіней Арыстанұлы әріптесін талантты ұйымдастырушы әрі ға­лым ретінде бағалағанын жақсы бі­ле­міз. Өзінің “Грани творчества” (“Шы­ғармашылық қырлары”) атты кітабын­да профессор Молдахметов туралы: “Микроәлем табиғатын аша­тын жаңа ғылымның, квантты химияның майталман маманы”, – деп жазды.

1975 жылы З.Молдахметов тиім­ді ғылыми-педагогикалық жұмыс тә­жірибесіне орай Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтының ректоры болып та­ғайындалды. 1980 жылдан респуб­ликада және шетелде Қазақстанның екінші жоғары оқу орны ретінде та­нылған ҚарМУ-ды басқарды. Оның жеке бастамасы бойынша Қара­ғанды мемлекеттік университетіне ҚазССР ҒА академигі Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтің аты берілді. Қарағанды мемлекеттік универси­тетінің басшысы кезінде Зейнолла Молдахметұлының бірегей ұйым­дас­тырушылық таланты толық ашылды. Оның әкімшілік және ғылыми іс-әрекетінің негізгі ұс­танымдары сындарлы стратегиялық шешіммен, негізділік және мақсатты логикалық тұжырыммен тығыз бай­ланысты болды. Республикадағы екінші университет ректоры стату­сының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, университетті дамытудың өзекті проблемаларын батылдық­пен әрі табандылықпен шешуге бел шеше кірісті. Бірінші кезекте инф­рақұрылымды дамыту қажеттілігі туындаған университеттің мате­риалдық-техникалық базасын әрі қарай дамыту міндеті қойылды. Ірі ғалым әрі білгір басшы ретінде оқу үдерісінің өту деңгейі мен сапасы ЖОО-ның оқу және ғылыми-зертханалық базасына тікелей байла­нысты екенін түсінді. Оның басшы­лығымен ҚарМУ құрылысының күр­делі мәселелерін шешу мен инфра­құрылымның жаңа маңызды нысан­дарын тапсыру, оқу үдерісі мен ғы­лымды дамытуды ұйымдастыру үшін қажетті жағдайларды жасау бойынша ауқымды жұмыстар атқа­рылды. Нәтижесінде Қарағандыда заманауи университеттік кампустың архитектуралық ансамблі бой түзе­ді. Кең, төрт қабатты ҚарМУ-дың бас корпусы салынды. Биология және фи­зика факультеттері оқытудың қажетті техникалық құралдарымен, лингафон кабинеттерімен, оқу зал­дарымен жабдықталған жаңа оқу-зертханалық корпустарына ие бол­ды. 1982 жылы студенттік шығарма­шылық әлеуетті дамытуға мүмкіндік берген студенттердің мәдениет са­райының ашылуы университет өмі­рін­дегі айтулы оқиғаның біріне ай­налды. Зейнолла Молдахмет­ұлы­ның қажырлылығы және студент жас­тар үшін жағымды жағдай жасау­дағы бұлжымас қамқорлығының арқа­сында студенттік жатақханалар мен санаторий-профилакторий пайда­лануға берілді. Университет басшы­лығы қаржыны оңтайлы пайдалана отырып, студенттерге, оқытушылар мен қызметкерлерге әлеуметтік қол­дау көрсетті. 1972 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін ұйымдас­тыру кезінде археология және эт­нография мұражайы ашылды. Ға­лымдардың зерттеулерінің деңгейі мен сапасын арттыру үшін қажетті заманауи ғылыми-тәжірибелік база қалыптастырылды. Бірегей жабдық­пен толыққан аспаптар паркін жа­ңарту жұмыстары жүргізілді. Ең жаңа технологиямен жабдықталған есептеу орталығы жұмыс істеді, па­тенттік-ақпараттық және метроло­гиялық қызмет ұйымдастырылды. Зейнолла Молдахметұлы ректор болған жылдары университет ғылы­ми-әдістемелік және техникалық қамсыздандырудың жоғары дең­гейінде болды, оған оқу процесінің ойластырылған логикасы, оның бар­лық жақтарының бірлігі тән. Ректордың барлық әрекеті ғылым мен бі­лімнің ұштастығын терең түсіне білуге негізделді. Әкімшілік пен бас­шылықтың қайталанбас стилін мең­герген Зекең отандық ғылымға пай­да әкелуге деген ұмтылыспен бі­ріккен жоғары білікті профессорлық-оқытушылар ұжымын қалыптас­ты­руды жалғастырды. Кадрлық жұмыс­тың басым бағыты ЖОО-ның ғылы­ми әлеуетін арттыруға бағытталды. Үлкен оқу жүктемесіне қарамастан жас ғалымдар үшін зерттеулер жүр­гізуге, диссертация қорғауға бар­лық жағдай жасалды. 1983 жылы ЖОО-дан кейінгі білімді ұйымдас­тыру, докторлық және кандидаттық диссертацияларды қорғауды бақы­лайтын аспирантура бөлімі құрыл­ды. Оқытушылар Алматы, Мәскеу, Ле­нинград, Одессаға және КСРО-дағы жетекші ғылыми орталықтарға күндізгі аспирантураға оқуға жібе­рілді.

Зейнолла Молдахметұлы тура­лы әріптестері: “Ол оқытушылардың ғылыми зерттеулерінің ілгерілеуіне жетекшілік етті, пайда болған мін­деттер мен проблемаларды шешуге көмектесті, ғылымның өзекті, басым проблемаларын әзірлеуде ғалым­дар­ды ізденіске бағдарлады”, – деп еске алады. Сондай-ақ профес­сор­лық-оқытушылық және көмекші құ­рамды оның жаңа мүшелері – док­торлармен және ғылым канди­дат­та­рымен толықтыру тәжірибесі кеңі­нен енгізілді. Болашақты болжап, жос­парлы жұмыстар жүргізудің нә­тижесінде университеттің ғылыми-педагогикалық әлеуетінің айтарлық­тай артуына қол жеткізілді. Ғылым докторлары 7 адамнан 15-ке, ал ғы­лым кандидаттары 169-дан 251 адамға жетті. Осылайша оқу ор­нында әжептеуір ғылыми әлеует қа­лыптасты, соның арқасында жалпы ғылыми бағыттар белсенді түрде дами бастады. Химия және физика факультеттерінің ғылыми мектепте­рін құрудағы ерен еңбектің арқасын­да еліміздегі жетекші орталықтарға айналды, ғылыми бағыттары бойынша көшбасшылардың қатарына енді. Ірі ғалым Зейнолла Молдах­мет­ұлы химия мен физика ғылымда­рының қабысқан тұсында қиын әрі болашағы зор салада өнімді еңбек етті. Қазақстандағы жетекші квант­тық химия мектебінің негізін қалады. Алғаш рет ҚарМУ базасында квант­тық химия кафедрасы ашылды, ал 1988 жылы химия-физикалық зерт­теу әдістерінің зертханасы құрылды. 1980 жылдан бастап ол қазақ елі үшін ғылымдағы жаңа бағыт – квант­тық химия және спектроскопия бойынша зерттеулер жүргізді. “Орга­никалық молекулалардың фотофи­зика және фотохимиясы”, “Жылдам жүретін үрдістердің теориялық қол­данбалы спектроскопиясы”, “Қатты дененің кванттық химиясы”, “Еркін радикалдардың радиоспектрос­ко­пиясы” тақырыптары бойынша Б.Минаев, М.Жұрынов, Г.Кецле, С.Безносюк және А.Масалимов сынды белгілі ғалымдармен бірлесе жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыс­та­рына жетекшілік жасады. Ғылыми ортадағы қарағандылық ғалым­дардың атақ-абыройы өрлеп, 1982 жылы химия факультетінің база­сында теориялық химия бойынша жал­пыодақтық мектеп ашылды. Ке­лесі жылы кванттық химия мен спектроскопияның жалпыодақтық мектебі құрылды. ҚарМУ фотохимия бойынша республикалық ғылыми-практикалық конференцияның өтуі­не ұйытқы болды. “Триплеттік күйдің оптикалық және магниттік қасиет­тері”, “Алкалоидтардың кванттық электрохимиясы”, “Электрондық құ­рылым теориясы” фундаменталды монографиялық еңбектері жазылды. Жүргізілген зерттеулер өздерінің біре­гейлігімен, жаңашылдығымен ерекшеленіп, авторлық куәліктер мен өнертапқыштық патенттеріне ие болды.

Университеттегі сегіз жылдық жұмысында академик 98 ғылыми жұмыс жазып, зерттеулерін Қазақстанның индуст­риалды аймағы­ның нақты экономикалық қажетті­ліктеріне бағыттады. Бұл зерттеу­лердің өндіріске шығу мүмкіндігі аса жоғары еді. Ғылыми зерттеулер кө­бінесе шаруашылық келісімі есебі­нен жүргізілетін. Олардың негізінде оқу-ғылыми-өндірістік бірлестіктер, кафедра филиалдары ұйымдас­тырылды. Ректордың тынымсыз ең­бегі нәтижесіз қалған жоқ. Қара­ғанды мемлекеттік университетінің ғылыми әлеуеті артып, түрлі қолданбалы зерттеулер, тәжірибелік құры­лымдық және технологиялық жұмыстарды жүргізуге тең мүмкін­діктер ашылды, білім беру, ғылым, мәдениет пен өндіріс саласында шаруашылық-коммерциялық қыз­мет­т­ер кең көлемде үрдіс ала бас­тады. 1981-1985 жылдары универ­ситет 48 тақырып бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Тап­сырыс берушілердің қатарында Қа­рағанды металлургия комбинаты, Қарағанды технологиялық зауыты, “Қарағандыкөмір”, “Карбид”, “Қа­ра­ғандыцемент” өндірістік бірлестік­тері, Ғылым академиясының ғылы­ми-зерттеу және жобалық институт­тары, Солтүстік Қазақстан геология, Петропавлдағы қозғалтқыштар за­уы­ты, Жәйрем кен байыту ком­би­наты, Екібастұз, Жезқазған және Бал­қаш тау-кен металлургиялық комбинаттары сияқты ірі құрылымдар болды. Қарағандылық ғалымдар­дың өнімдеріне “Азот” ғылыми-өндірістік бірлестігі, Жарық көзде­рінің арнайы конструкторлық техно­логиялық бюросы (Донецк қ.), “Хи­мавтоматика” ғылыми-өндірістік бір­лестігі (Мәскеу қ.), Кеңес ғылыми ака­демиясының жартылай өткізгіштер физикасының институты, Ско­чинс­кий атындағы Ленинград био­физика институты үлкен қызығу­шылық та­нытты. Мұның барлығы универси­теттегі сауатты әрі стратегиялық дұрыс басқарудың нәтижесі екені сөзсіз.

Зейнолла Молдахметұлы ай­мақ­тағы ірі оқу орнының ректоры болған кезде жаңашыл ғалым ғана емес, сонымен қатар талантты бас­шы, білікті ұйымдастырушы ретінде де танылды. Университеттің дамуы үшін нақты қадамдар жасауда оның туа біткен қайсар мінезі, адаммен қарым-қатынас жасай білу шеберлігі көп көмектесті. Оң қадамдар мен нақты шешімдер университеттің барлық қызметкерлерінің тағдырын, олардың жағдайын қамтитын. Оның талантты басшы, дарынды ғалым ретіндегі ерен еңбегі, білім мен ғылымның дамуына, сол арқылы еліміздің өркендеуіне қосқан сүбелі үлесі лайықты бағаланды. Ғылым мен білімге қосқан өлшеусіз үлесі үшін “Құрмет белгісі”, “Еңбек Қызыл Ту” ордендерімен марапатталды. Қа­зақССР Ғылым академиясының академигі атанды.

Бүгінде Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ – қазақстандық жоғары оқу орындарының арасында ең беделді брендтердің бірі. ҚарМУ-дың клас­си­калық университет ретінде қа­лыптасуы Зейнолла Молдахмет­ұлы­ның педагогикалық және ұйым­дастырушылық қызметінің арқа­сында, оның өз ісіне берілгендігі мен жауапкершілігінің нәтижесінде жү­зеге асты деп нық сеніммен айта аламыз. Алдыңғы толқын аға­лар­дың салып кеткен сара жолын сақ­тап, жаңа белестерді бағындырды, заманның ағымына ілесіп, оның та­лаптарына биік үдеден жауап бере алды. Ең бастысы, оның басшылығымен енгізілген академиялық дәстүрлер мен білім берудегі қағи­далар еліміздегі білім мен ғылым деңгейінің дамуында өз орнын ойып тұрып алды.

Еркін КӨБЕЕВ,

заң ғылымдарының докторы, профессор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp