«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мына қарқынмен қыркүйекке дейін үлгермейді-ау

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Оқушылар жазғы демалысқа шығысымен мектептердің іші-сыртын қалыпқа келтіру, жөндеу – жылдағы дәстүр. Биыл да күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан мектептер аз емес. Қаржы бөлінді, мердігерлер анықталды, ендігісі – жоспарлы жұмысты межелі уақытта аяқтау.

Биыл облыс бойынша мектептерді күрделі жөндеуден өткізуге байланысты 52 жоба мақұлданып, 49 білім ошағына 4,3 млрд. теңге қаржы бағытталған. Ондағы 20 жоба “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы бойынша, 32 жоба облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға жөнделіп жатыр. Негізгі атқарылатын жұмыстар – шатырларды ауыстыру, терезелерді жаңарту, жылу жүйесін жөндеу және электр желілерін жаңалау, ғимараттың іші-сыртын әрлеу.

Жоспарлы жұмыс басталғалы екі айға жақындады. “Уақыт – төреші” демекші, мектептердегі құрылыс жұмысының барысын бағамдар кез келді. Тендер бойынша тапсырысты ұтып алған ірі құрылыс компаниялары – “ГрадСтройСервис”, “Деловой Альянс”, “Тілек-2030” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Бұл серіктестіктер бір мезетте бірнеше нысанды жөндеуі тиіс.  Мәселен, “ГрадСтройСервис” ЖШС облыс бойынша 14 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жұмыстың уақтылы аяқталуына да, сапаға да көңіл алаң.  

Облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков көптеген мердігерлердің жұмысы белгіленген уақыттан кешігіп жатқанын жеткізді. Мәселен, Тайынша ауданындағы Донецкое орта мектебіндегі жөндеу жұмысы қазан айының басында аяқталуы тиіс. Алайда қазір жоспарланған жұмыстың 10 пайызға ғана атқарылған. Жауапты мердігер қалған екі айда жұмысты толық орындай ала ма?  Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы Ломоносов орта мектебіндегі күрделі жөндеу жұмысы 10 тамызда аяқталуы керек,  қазір жоспарлы жұмыстың 38 пайызы ғана орындалған. “Жұмыстың кешеуілдеуінің бірден бір себебі – құрылыс материалдары мен жұмыс күшінің жетіспеушілігі”, – дейді мердігерлер. Тапсырысқа қол жеткізу үшін мердігер компаниялар шама-шарқын бағаламай, нарықтық бағаны төмендетіп көрсетеді. Бұдан бөлек тапсырысқа жауапты негізгі субъектілердің қосалқы мердігерлердің күшіне жүгінуі де жиі кездесетін жайт. Осыған қатысты қаншама сын айтылса да, солқылдақ заңды аттап өтетіндер азаймай тұр. 

Бұл мәселе облыс орталығындағы білім ошақтарына да тән.  Мәселен, №31 орта мектепті жөндеп жатқан “Нұр-ХХІ” серіктестігі 31 шілдеге дейін жұмысты аяқтауы тиіс еді.  Алайда жөндеу жұмыстары 16 пайызға ғана орындалған. Петропавл қаласының әкімі нысанды тексерген кезде, құрылыс алаңында болуы тиіс 17 адамның орнына он жұмысшы ғана жүргенін анықтады. Қадағалаушы тарап мердігер компанияның басшысына жұмысшы санын көбейтіп, үлгермей жатса шартта белгіленгендей екі ауысыммен жұмыс істеп, уәдеде тұру қажеттігін ескертіп, жөндеудің қысқа мерзімде аяқталуын талап етті.

Редакцияға газетіміздің қоғамдық тілшісі Қойшыбай Шәниев хабарласып, Шал ақын ауданында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан төрт мектептегі жағдайды баяндады. Жаңа оқу жылының басталуына бір айға да жетпейтін уақыт қалды, ал мектептер әлі дайын емес. Аудандағы Кривощеково, Ақанбарақ, Сухорабовка және Ыбыраев ауылдарына арнайы барып, жұмыстарымен танысқанда, көңілі толмай қайтқан. Кесте бойынша бұл ауылдардағы орта мектептердегі жұмыс 10 тамызда аяқталуы тиіс. Бүгінде атқарылған жұмыстар 30-40 пайызды ғана құрайды. Шал ақын аудандық білім бөліміне хабарласып, мән-жайды сұрап едік,  мұндағылар  алаңдауға еш негіз жоқ – екенін айтты. Білім басқармасының ақпаратында төрт мектептің тапсырылу мерзімі 10 тамыз деп көрсетілсе, аудандық білім бөлімі оны 25 тамызға дейін ұзартқан көрінеді. Мердігерге шаң жуытпайды. Бірлесіп істеп жатқан жұмыс болған соң өзара түсіністік те қажет шығар.  Бірақ асығыс жасалған істе сапа болмайтыны анық. Ертеңгі күні сапасыз құрылыстан оқушылар зардап шегуі мүмкін. Екінші тараптың пікірін білмек болып, “ГрадСтройСервис” компаниясының өкіліне хабарластық. Аталған компанияның аймақтық директоры Сәрсенбай Асылбековтің айтуынша, тапсырыс берудегі олқылықтар жұмыстың барысына кедергі жасауда. “Мәселен, мектептің төбесіне өрт қауіпсіздігі талабына сәйкес келмейтін материал таңдалған. Оны ауыстыру үшін тағы жобалық-сметалық құжат әзірледік. Сонымен қатар жобалық-сметалық құжатта жылыту құрылғыларын тарту деген пункт жоқ. Осы пункті қосу үшін тағы уақыт жоғалттық. Осының барлығы – қолбайлау. Жөндеу жұмыстары маусым айының басында басталуы керек еді,  тек айдың соңында ғана іске кірістік”, – деген мердігер кадр тапшылығын да айтып шағымданды.

Барлығының өз сылтауы бар.  Алайда дәл осы компания 2021 жылы облыстың 18 мектебін жөндеуге жариялаған тендерді ұтып алып, жұмысты қазанның ортасына дейін созып жібергені елдің есінде. “Аузы күйген үрлеп ішеді” демекші,  өткеннен сабақ алу керек қой.  Жауапсыз мердігердің қайта-қайта тендер ұтқаны солқылдақ заңның кесірі ме, әлде жергілікті билік кешірімді ме?

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp