«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІЛСІЗ ЖАУМЕН БІРЛЕСІП КҮРЕСПЕК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізге Ресейдің Түмен облысы төтенше жағдайлар қызметі өкілдерінен құрылған делегация келіп, жергілікті әріптестерімен өзекті проблемаларды талқылады.

Делегация мүшелері облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиевтің төрағалығымен өткен жедел жұмыс тобының кеңесіне қатысып,  табиғи және техногендік сипаттағы трансшекаралық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мәселелерін талқылады. Жиында өрт, көктемгі су тасқыны, сондай-ақ табиғат маусымының әр кезеңдерінде туындайтын, адамдар өміріне қауіп төнген кездерде төтенше жағдайларды еңсерудің іс-қимыл бағдарламаларын күнделікті қызметте жүзеге асырудың кешенді іс-шаралары пысықталды.

Түмен облыстық төтенше жағдайлар қызметі бас басқармасының бастығы Артур Хачятрян бір-біріне көрші орналасқан өңірлер арасында екі тарапқа да тиімді сындарлы байланыс тәжірибесі қалыптасқанын айта келіп, өзара іс-қимыл жоспарына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Баяндамашының айтуынша,  Қазақстан Түмен облысының Бердюжье, Қазан және Сладковское муниципиалды аудандарымен шектеседі. Облыстың өрт сөндіру құрылымдарында 1295 техника  мен 3 мыңға жуық адам күші топтастырылған.  193 орман өрті орын алып, 28,4 мың гектар аумақты қызыл жалын шарпыған. Шекаралық аймақтарда 5  “тілсіз жау” фактісі тіркелген.

– Түмен облысы үкіметінің қаулысымен орман, басқа да ландшафттық өрттерді болдырмау, алдын алу мақсатымен 857 елді мекеннің тізбесі бекітілген, олардың 115-і шекара бойында орналасқан. Осыған орай Ресей Федерациясы қауіпсіздік кеңесінің хаттамасын орындау үшін өрт қаупі басым, ықтимал селоларда жоспардан тыс тексерулер ұйымдастырылды, – деген Артур Аршалуйсович Қазақстанмен шекаралас аудандарда өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталғанын айтты.

  Ал ереже бұзушылықтарға жол берген 420 елді мекен жеке қадағалауға алынған. Шекара маңындағы аумақтарға 776 профилактикалық тексеру жүргізіліп,  лауазымды тұлғаларға қатысты 41 іс қозғалған. 400 мың рубльден астам айыппұл салынған. Орман өрттерін сөндіру кезінде өзара іс-қимылды жүзеге асыру мақсатымен Түмен және Солтүстік Қазақстан облыстары арасында келісім жасалып, шекара маңындағы аумақтардың жағдайы зерделенген. Күрт континенталды климаттық жағдайлар, ауа райының қолайсыз құбылыстары жете ескеріледі. Осыған орай өңірлік және муниципалды автомобиль жолдары, халықаралық жүк және жолаушылар тасымалы басты назарға алынған. 

Солтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басшысы Рамиль Камалов Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасында авариялық-құтқару қызметтері мен құрылымдарының мемлекеттік шекарадан өтуінің оңайлатылған тәртібі туралы жасалған келісімі трансшекаралық сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою ісін жеңілдетуге, қолжетімді етуге серпін бергенін жеткізді.

Трансшекаралық орман алқаптарының ұзындығы 547  шақырымды немесе 349 мың гектар алқапты құрайды. Әртүрлі командалық-штабтық жаттығулар белсенді жүргізіліп, құтқару бөлімшелерінің іс-қимылын үйлестіре атқарудың тиімділігі артқан.  Жедел шешімдер қабылдау үшін шекара маңындағы жағдайлар бойынша ақпараттар алмасады. Мәселен, жерді қашықтан барлау әдісімен трансшекаралық аймақтардан фото түсіріледі.

Десек те шекара маңындағы құрғақ шөптер мен ағаштарды тазалау, отау күрделі мәселе болып отыр. Қыс мезгілдерінде де бірқатар түйткілдер туындайды. Ауа райының нашарлауына байланысты жыл сайын 30-40 рет шектеу енгізуге тура келеді.

Рамиль Камалов өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтіп, кең ауқымды мәселелер бойынша тиімді ынтымақтастық одан әрі жалғасатынына сенім білдірді.

Меймандар өңірлік департаменттің ұжымымымен кездесіп, аумақтық органның қызметімен және техникалық жабдықталуымен танысты.

Евгений ЖУРАВЛЕВ,

облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің қоғаммен байланыс жөніндегі тобының бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp